Жаңалықтар

Ербол Алшынбай: Мағжан – түркінің ақсүйек ақыны

Ербол Алшынбай: Мағжан – түркінің ақсүйек ақыны
Фото: Жеке мұрағат 07.07.2023 14:45 4924

Қазақтың «Күннен туған баласы» Мағжан Жұмабаевтың өмірге «жарқырап, жанып» келгеніне 130 жылдың жүзі болып отыр. «Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің емес, ұлт ақыны» дейді. Ж. Аймауытұлы. Рухы асқақ оғлан ұл қазақтың сары даласынан шығып әлем әдебиетінің асқар биігінен көрінді. Бірақ тағдыры кер заманның тезіне түсті. Ат басындай сом жүрегінің қызуына айналасындағы бақас топ, қаскөй қоғам шыдамай опат қылды. Адамға әлі жеткенімен өрттей қаулаған өлеңдерін кесел дәуір «өлтіре» алмады. Шайыр күткен «ақ алтын сызық» алдымыздан атып, өзі рухани шамшырағымызға айналды. Мағжан Жұмабаевтың дүбірлі мерейтойына орай ақын, алаштанушы Ербол Алшынбаймен аз-кем сыр-сұхбат құрған едік.

– Сіздің шығармашылығыңызбен жете таныс адам Мағжан өлеңінің рухын сезінгендей болады. Мағжан есімін алғаш естіген кезіңіз есіңізде ме?

– 6 жасым болуы керек, Мағжанның есімін алғаш «Азаттық» радиосынан естідім. Тұңғыш рет «Пайғамбар» деген өлеңін жаттағам.

          «Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

          Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.

          Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,

          Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар...»

Бір тыңдағаннан-ақ жан-дүниемді жадылап, рухымды бір тылсым тербеткендей болды. Әкем арғы-бергі әдебиеттен хабардар, көп оқитын кісі еді. Есікті ішінен іліп алып «Азаттық» радиосын тыңдайтын. Сол кезде әкеммен бірге мен де тыңдайтынмын. Ең алғаш осы радиодан Мағжан, Сұлтанмахмұт сынды Алаштың жақсыларымен таныстым. Әкем Мағжанның өлеңдерін қатты жақсы көретін. Ол кісілер Сәкен Сейфулиннің «Көкшетауын» Мағжанның әні деп айтып отыратын. Сол беті Мағжан менің кумирім болып қалды. Кейін Мағжанның барлық өлеңін жаттадым.

– Мағжанды алты жасында оқыған бала өзі де ақын болды. Қолыңызға қалам алып, өзіңізді шайыр сезіне бастаған кезде жолыққан Мағжан Жұмабаевты өзге қырынан таныған боларсыз?

– Іле педагогикалық университетінің кітапханасынан «Сүй, жан сәулем» деген кітабын алып, «Батыр Баянын», «Жүсіп ханды», «Оқжетпестің қиясында» поэмаларын түгел жаттадым. Мағжанда шексіз қиялға жетелейтін, өте тебіреністі романтизм бар. Түркінің тарихына, қазақтың өткен замандағы еркін, ерке күніне деген сарынды сағыныш бар. Сол жағынан рухымыз үндесетін шығар. Былай салыстыруға болады, Ілияс Жансүгіров ұлттың мінезінен, болмысынан жаралған ғажайып ақын. Қазақтардың насыбайы шашылып сауыс-сауыс болған кеудесін де, тесіліп жүні шығып тұрған жыртық тымағын да жақсы көріп жырлайды. Ал Мағжан – ақсүйек. Күллі адамзатқа Түркінің биігінен төмен қарап сөйлейді.

          «Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы,

          Бір жағы – күн, бір жағы – түн баласы.

          Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,

          Бергі жағы – Түріктің cap даласы» деп тіл қатады.

Немесе «Пайғамбар» атты өлеңін алып қараңыз. Еуропалықтарға айтқаны ғой, сендерді қараңғылықтан құтқаратын пайғамбар біз – түркілер боламыз. Күллі адамзаттың локомотиві түркілер, ал түркілердің локомотиві қазақтар деген паң, марлат сенімі, сезімі болды. Сол сенім мен сезім тұтас жырының рухына сіңген. Мен сол үшін жақсы көрем Мағжанды.

– Мағжанның, Алаш қайраткерлерінің заманынан мойны озып тууының сыры неде?

– Үлкен қасіреттер ұлтты ширатады. Сол қасіретте, дағдарыс пен күйзелістің кезеңінде өмірге келген ұрпақ өте ардагер болып туады. Мағжандар Кенесары заманындағы қазақтың өте ауыр, ащы жеңілісінен, өкінішінен туған ұрпақ. Ескі жыраулардың рухы есіп тұратыны да сондықтан. Базар жырау, Ақан сері туралы поэма сияқты керемет мақалалар жазды. Асқақ рухпен қазақтың қайғы-қасіретін еуропаның жақсы әдебиетінің деңгейіне жеткізіп жырлай алды. Сондықтан Алаш қайраткерлерін қасіреттен туған ұрпақтар деп ойлаймын. Мағжан ғана емес Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Ілияс, Бейімбет, Ахмет, Міржақып, бәрі-бәрі қазақтың күйініші мен күрсінісінен жаралған. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы керемет ақын. Бірақ ол жерде Ахметтікі қайраткерліктен туған ақындық. Қандай тәсілмен болса да қазақты ояту үшін өлең жазды.

             «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

             Сахара сазға қонып салқындаған.

             Бір өртке қаудан шыққан кез болдық та,

             Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!» дейді.

– Алаш арыстарының қайраткерлігі көбірек айтылып, басқа қыры осының көлеңкесінде қалып қойғандай көрінеді. Мағжанның ақындығының тасасында қалып кеткен қайраткерлігі туралы қай деңгейде айтылып жүр? 

– Мағжан оқу-ағарту комиссариатында жұмыс істеді. Ол «Педагогикадан» басқа «Қазақ тілі» деген оқулық жазды. Сосын жаңбыр, су, найзағай, бұлт туралы балаларға арналған танымдық хрестоматиялар жазған. Бірақ ол негізінде саяси мәселелермен көп айналыспаған сияқты. Оқулық жазып, жұртты ағарту ісіне жұмылдырған. Көбіне шығармашылыққа ден қойған. 

1923-1927 жылдары Мәскеудегі Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Мағжанның сол кездегі сән-салтанатына, біліміне Мәскеудің әдеби ортасы қатты таңғалып, табынады екен. Лермонтов тіріліп келгендей көретін дейді. Өзі орысша өлең жазады. Орыстарға орыс әдебиетінен аптасына бір рет лекция оқиды. Мағжанмен сыйлас дос болған орыс ақыны Осип Мандельштам «Мага» деп атап, Мәскеу төбесіне тұтқан.

Мәскеуде оқып жүрген кезінде шәкірті Сәбит Мұқанов сыртынан әдеби сот ашып, қаулы шығарып, күллі әдебиет тарихынан Мағжанды өшіргісі келді. Мағжан 1925 жылдан бастап көп қуғын көрді. Алаш Орда жағында болғаны үшін Петропавлда «үш жүз» партиясы оны түрмеге қамады. 

Қазіргі таңда кейбір зерттеушілер тарихқа өзгеше көзқараспен қарағысы келеді. Қайшылық Кеңес кезінде жанын аман алып қалу үшін қолдан жасалды. Шын мәнінде Сәбит Мұқанов жазған Ахаңның 50 жылдық тойында шіріген жұмыртқа лақтыратыны да қауесет дейді. Ал біз қайсысының ақиқат екенін білмейміз...

– Тарих сабақ алу үшін, қортындылау үшін қажет. Бірақ біздікілер жауырды жаба тоқып, өтірік тарих жасауға әуес. Меніңше, ұлт таңдау жасауы керек. Бізге Алаш Орда да жақсы. Алаш Ордаға қарсы күрескендер де жақсы. Кенесары да жақсы, Кенесарыны сатқандар да жақсы. Ол – әр ұлттың тарихында болатын, көзқарастардың қайшылығынан туатын күрес. Қаламгерлерден періште жасап, барлық істеген қателіктерін жуып-шаю ұрпақтың тарихи санасының қалыптасуына кері әсер етеді деп ойлаймын.

– Ташкент шаһары 20 ғасырдың басында түркі жұртының рухани, саяси астанасы болды. Қазақтың қаншама жақсылары осы қалада бас қосты. Мағжанның жемісті жылдары өткен шаһардың шайыр өміріндегі алар орны қандай? 

– Мағжан мен Сұлтанбек Қожанов екеуі жан аямас дос болыпты. Ташкентте артынан қуғын түсе бастаған кезде Сұлтанбек оны Мәскеуге стипендия тағайындап оқуға жіберген. Мағжанның ең биік деңгейдегі шығармалары Ташкентте туған. Мысалы Мұхтар Әуезовтің үйінде «Батыр Баянды» жазды. Ал «Шолпанның күнәсі» Ташкентке тиселі. 

Ташкент XX ғасырдың басында түркінің астанасы болды. Қасымхан ағаның өлеңі бар ғой «Ташкентпен қоштасу» деген.

«Алшаңдай басып алашордашыл осында жүрді-ау асылдар,

Асылдарымды біздерден бөліп, түбіне тартты ғасырлар» дейді. Алаш кезеңін қазақтың қайта өрлеу дәуірі деп атасаң, сол қайта өрлеу дәуірінің ең биік шыңы және соңғы түйіні – Ташкент кезеңі. Ол жалғыз Мағжан үшін емес сол кездегі біздің әдебиетіміз, тұтас тарихымыз үшін қастерлі. Қазақтың қайта өрлеу дәуірінің ең биік шыңы, түйінді соңғы кезеңі Ташкент қаласы болды. 

– Алаш қайраткерлері қазақтың алдынан қандай таң ататынын көріпкелдей дәл айтып кеткен. Осыншалық сенімді, нық сөйлей алуының астарында қандай да бір күш жатқан сияқты.

– Әлихан Бөкейханның сөзі бар емес пе, «Тарғынды тудырған, Қобыландыны тудырған, Ахмет, Міржақып, Мағжанды тудырған қазақты еуропа сонда таныр еді-ау» деген. Шідертіден Нью-Йорк сияқты қала салсақ, Қараөткелді астана қылсақ деп армандайтыны бар ғой. Күллі Ресей мұсылмандарының, Ресей түркілерінің 57 пайызы қазақ болды. Қазақ ол кезде қандай болды? Қуаты тепсініп, өнерге, ғылымға ұмтылып, ентелеп тұрған, потенциялы өте жоғары халық еді. Алаштықтарға сондай сенім бітірген, қорытынды жасатқан қазақтың ұлт ретіндегі потенциалы. Мағжанды, Ахметті тудырған, Қобыланды батыр мен Ер Тарғын жырын тудырған қазақтың әлем көшінің соңында қалуы мүмкін емес. Бәрібір қазақ шығады. Шыққанда да осы ғасырдың соңына дейін шығады деген сенім қазақ халқының талантты тұлғалары мен ұлттық потенцииалын дұрыс бағалағанынан деп ойлаймын.

– Өзіңіз айтқан қазақтың қайта өрлеу дәуіріне әсер еткен, қозғау салған фактордың бірі – жәдидшілдік ағымы сияқты.

– Жәдидшілдік – Исмаил-бек Ғаспыралы бастаған рухани реформа. Жәдидшілдік күллі түрік халқын оятты. Жәдид ілімін нәсихаттағандар алдымен түрік халықтарының газет-журналдарын шығарды.

Алаш қайраткерлеріне үміт сыйлаған тағы бір нәрсе – Жапония. Алаштықтар айтады 20-30 жылдың алдында-ақ жапонның бізден айырмашылығы шамалы еді деп. Өнер-білімнің арқасында олар отыз жылдың ішінде-ақ осындай құдіретке жетті. Алақандай ғана Жапонияның әлемнің алтыдан бірін алып жатқан Ресей империясын тас-талқан қылып жеңгені алаштықтарға, жалпы түркінің сол кездегі зиялыларына үлгі болды. Ғылымға, өнер-білімге қол артса қалай болатынының белгісі бола білді. Ол кезде қайта өрлеу дәуірін басынан өткізіп жатқан қазақ ғана емес әлемнің өзі өте үлкен тарихи бұрылыстардың қарсаңында тұрды.

Тарихта варонка сияқты кезең болады. Халықтар варонканың ішінде тоқтаусыз айналады. Сол жерден атып шыққанын ешкім тоқтата алмайды. Ол халықтың көші алға кетеді, сол кезеңнен өте алмағаны екшеліп артта қала бермек.  2019 жылдан бері қарайғы кезеңді тарихи воронканың кезеңі деп қарастыратын ғалымдар бар. Осындай кезеңдерде жақсы саясат, дұрыс бағыт ұстаған елдер алдыға шығады. Әлем сол кезде күрделі тарихи бұрылыста тұрады. Қазақтар да өткен ғасырдың басында осындай сын сағатқа тап келді. Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт көшбасшылары 5-6 тіл білді. Немістің, француздың, орыстардың газет-журналдарын оқиды. Бір жағы осындай тарихи бұрылыс кезеңінен үміттенді. Және ол кезде күллі ғылымда төңкеріс болып жатты. Болашаққа деген үміт және халықтың потенциалы алға жетеледі. 1897 жылғы ресми санақ бойынша қазақтың саны 4 миллион 400 мың. 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы айтады, «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз!» деп. Сол алты миллион қазақтың күллі түріктің шамшырағы, жол бастайтын бағдары болатынына алаштықтар сенді.

– Сонымен қатар XX ғасырдың басы әдебиет үшін де ерекше құбылыстарға толы болды. Жаңа ағымдар мен шоқтығы биік жазушылар осы дәуірден үн қатты. Магиялық реализм сынды енді-енді өркен жайып келе жатқан ағымдардың элементі Мағжан шығармаларынан байқала ма?

– Магиялық реализмді білмеймін, бірақ Мағжанның өлеңінде магия бар. Қарапайым ғана қылып жазғанымен сөзінің магиясы сені өлеңінің айналасынан кетірмей қояды. Айналып соға бересің. «Шойын жол» деген балладасы бар ғой.

             «Қайран ел тозып жүр ме екен?

             Кемпір, шал, бала, азамат

             Станция біткенді аралап,

             Көзін сүзіп жүр ме екен?

             Сұр кетіп жұрттың жүзінен,

             Сары қымыз көзінен

             Бір-бір ұшып жүр ме екен?»...

Мағжаннан басқа ақын жазса қарапайым болып көрінуі мүмкін. Мағжан жазғанда өлеңнің бойына сұрапыл энергия мен магия бітеді. Сосын Мағжан да сол кездегі әдеби формаларға жасаған аздаған еркіндік бар. Мағжан үшін ұйқас маңызды емес, музыка маңызды. Өлеңнің музыкасы, ырғағы, әуені, сазы және өлеңнің рухы маңызды. Ұйқас дамыған қазіргі өлшеммен қарасақ Мағжанның өлеңі қара өлеңнен гөрі ақ өлеңге жақынырақ. Мағжанның өлеңге әкелген еркіндігі туралы көбірек айтқан дұрыс болады деп ойлаймын. Мұхтар Әуезов айтатын «Еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін» деген сөзі өлеңнің формасына, рухына, музыкасына, ұйқасына әкелген еркіндігі.

Бір-біріне рухы жақын, өлеңі үндес адамдар болады. Мен Мағжанды Қазтуғанға ұқсатам. Қазтуғанда да Мағжан сияқты асқақ романтизм, еркін музыка, биік рух бар. Мағжан XV ғасырда туса Қазтуған сияқты жырау болар еді, ал Қазтуған XX ғасырда туса Мағжан сияқты түркінің ақсүйек ақыны болар еді деп ойлаймын.

– Сіз бір өлеңіңізде: «Ұзын Орал түннің шегі бола алмай, Көк көзді жын асты одан бері алқып» дейсіз. Ұзын Орал түннің шегі болатын күн туды ма? Мағжан аңсаған «ақ алтын сызық» Алаш баласының алдынан атты ма?

– Мен оптимист адаммын. Қазақта сөз бар ғой «Дүние кезек», «Тәңір бір, кезек екі» деген. Біздің де заманымыз болды күллі әлемді тітіреткен. Сол кезде біздің де айналамыздағы жұртқа тіземіз батты. Қорлығымыз өтті, зорлығымыз тиді. Содан кейін басқа халықтардың кезеңі келді. Құдай олардың кезегін берді. Себебі, ол құдай ғой. Әрі әділетті болғандықтан да құдай болып тұр. Кезегі келгенде олар біздің жасағанымыздан неше есе ауыр қылмыстар жасады. Енді «Тәңір бір, кезек екі» екені рас болса біздің заманымыз келе жатыр. Бірақ ол кезде біз өзге халықтарға тізе батырмай, адамзатқа үлгі болуымыз керек. Сонда біздің кезеңіміз басымызға мәңгілікке тұрақтайды. Мағжан айтқан «ақ алтын сызық» қана емес, ағарып таң атты. «Шойын жолдың» астында қалған рухтар қайта көтеріліп, күллі түркі, адамзаттың ең бір биік үлгісіне айналады. Сол түркінің басындағы алтын тәж қазақтар болады. Мағжанның айтқаны келеді.

– Әңгімеңіз үшін, рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға