Жаңалықтар

Ербаянның әжетханада құлағанын көрген куәгерлер бар – Қайрат Үмбетов

Ербаянның әжетханада құлағанын көрген куәгерлер бар – Қайрат Үмбетов
Фото: коллаж El.kz 20.09.2024 17:44 1263

ОКҚ өткен брифингте ІІМ Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қайрат Үмбетовтың сөзінше, Ербаян Мұхтар 2023 жылдың 4 желтоқсанында сағат 02.15-те оянып дәретханаға барған, оның құлағанын көрген куәгерлер де бар. Тергеу амалдары жүріп жатыр, оны ІІМ әскери-тергеу органы жүргізуде. Қазір Ербаян Мұхтарды біреу ұрды деп айту ерте.

Сарбаз дәретханада құлап, жарақат алды. Оған әскери бөлімшедегі медициналық қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетті, қосымша жедел жәрдем қызметі шақырылды. Сарбаз Алматыдағы №12 ауруханаға жеткізілді. Оған тексеріс жүргізіліп, тиісті диагноз қойылып, КТ және МРТ нәтижелері алынғаннан кейін, ота жасалды. 4 желтоқсаннан бастап 12 қаңтарға дейін Ербаян Мұхтар емдеу курсынан өтті. Оның барысында екіжақты пневмония қосылғаны белгілі болды. Одан кейін сарбаз Қорғаныс министрлігінің әскери госпиталіне ауыстырылды. Дәрігерлер оны тексергеннен кейін бас сүйегінің трепанациясы жүргізілді. Кейін сарбаз №12 ауруханаға жатқызылды. Ербаян Мұхтарға қажетті емдеу курсы мен ота қалалық ауруханада жүргізілді, - деді Үмбетов.

17 қыркүйекте Астана қаласында Ербаян Мұхтардың ата-анасы мен адвокаты Инга Иманбай БАҚ өкілдерімен болған кездесуде дәретханадан бір сержанттың қолына белдік ұстап шыққанын видеодан көргенін айтты. Осы жағдайға қатысты Қайрат Үмбетов пікір білдірді.

Кезекші сержант қызметтегі міндеттеріне байланысты болғаннан кейін жеке құраммен бірге қызметін атқарып отырған кезінде дәретханаға барған. Ал киім үлгілері бойынша әр әскери қызметшіге екі белдік беріледі. Бір белдік шалбардың белдігі. Екіншісі – куртканың сыртынан тағылатын белдік. Курткасын шешкеннен кейін әскери қызметші белдікті қолына тағып жүреді. Киім үлгілерінің тәртібі осындай. Дәретханаға барғаннан кейін белдігін шешіп іліп қояды ғой. Дәретханада Ербаян құлап қалғаннан кейін белдігін қолына алып шығып бара жатқанда камераға түсіп қалған. Тағы да қайталап айтқым келеді, Ербаянның денсаулығына зақым келтіргенін айтуға әлі ерте. Қазіргі таңда қызметтік іс қозғалған. Тергеу сұрақтарының барлығы белгіленген алгоритм бойынша ІІМ тергеу бөлімшелерімен атқарылып отыр. Соңы аяқталғаннан кейін шешім белгілі болады, - деді Үмбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға