Жаңалықтар

Ер есімі – ел есінде

Малайсары – орта жүздің батыры әрі биі
14.10.2015 12:13 23154

Қазақ мемлекеттігінің тарихи тамырын тереңнен тартатыны белгілі. Атыраудан Алтайға дейін, Арқадан Алатауға дейін созылып жатқан, ұшса сұңқардың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын ұлан-байтақ дала – ұлы бабалардан бізге қалған киелі де қасиетті мұра. Қай кезде де ел басқару, оны қорғау оңай болмаған. Қай заманда да, қай қоғамда да жекелеген тұлғалардың жөні бөлек болған. Ондай елім деген, жерім деген ерлердің тарихтың тар тұстарында қандай іргелі істер атқара алғанына кәрі тарих куә.

Халқымыздың сан қилы тарихы мен тағдырына үңіле қарасақ, ел бастаған серкесі де, қол бастаған батырлары да баршылық екен. Қазақтың бытырай қонған елін, ұлан-байтақ жерін қызғыштай қорғап, «толарсақтан қан кешкен» бабаларымызды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі парыз.

Сондай халықтың арманын, ұлттық еркіндігін алға шығарып, осы жолдан өмір бойы танбаған арыстарымыздың бірі – он сегізінші ғасырда өмір сүрген, арғын ішінде бәсентиін руынан шыққан, жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күрес жүргізген Орта жүздің батыры әрі биі Малайсары. Оның өмір деректері мен тарихтағы орны туралы жекелеген еңбектерден кездестіріп те жүрміз.

Атап айтар болсақ, ертеректе қазақтың біртуар ғалымы, Шығыстану көкжиегіне ХІХ ғасырдың ортасында жұлдыздай жанып шыққан Шоқан Уәлиханов, ақын, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, одан кейін Ж.Артықбаев, Е.Арын, Ж.Марданов, С.Жақсыбаев, Қ.Қайдаров сынды зерттеушілер қазақ батырының балалық шағына, ақылы мен кемеңгерлігіне, батырлығы мен мәмілегерлік қызметіне қатысты көптеген естеліктер қалдырып, зерттеулер жазды.

Айталық, Ш.Уәлиханов: «Малайсарыны халық та, Абылай да құрметтеді және ол бір баста сирек кездесетін құндылықтар – байлық пен ақылға және батылдыққа ие болды. Абылайдан он серіктестерінің ішіндегі ең биігі кім деп сұрағанда ол Малайсары деп жауап берген екен деген аңыз бар» деп жазыпты.

Тағы бір аңызда Абылай ханнан: «Үш жүздің батырларынан кімдерді ерекше бағалайсыз?» – деп сұрағанда ол: «Біздің қатарымыздағылардан бәсентиін Малайсары байлығымен, батырлығымен, мінезімен ерекшеленсе, уақ Баян ақылдылығымен, батырлығымен ерекшеленеді» деген екен дейді.

Мәшһүр Жүсіп Малайсары батырға қатысты қызықты әңгімелерді «Абылай заманындағы батырлар» топтамасында келтіреді. Шежіреші: «Осы Малайсары өз заманында епетейсіз ірі, дөкей батырдың бірі есепті болған», – деп суреттейді.

Ғалым Ж.Артықбаев болса: «Өз заманында Малайсары ойда орыс, қырда қалмақпен сан қилы соғыстарға қатысып, жаугершіліктің жуан ортасында жүрді. Сонымен бірге оның елшілік қызметі де ересен екені белгілі. Қазақтың сайыпқыран ел басшысы, үш жүздің басын қосып, ту көтерген Абылайдың жанынан қиын-қыстау кезде табылатын ер – осы Малайсары», – дейді.

Бір ұрыста қалмақ ханы Қалдан Серен Абылайды және біраз жауынгерлерді тұтқындайды да, қазақтардың Орта жүзі мен Кіші жүзін өздеріне бодан етуге әрекет жасайды. Осы кездегі Орта жүздің ханы Әбілмәмбет бұл шиеленіскен мәселені бейбіт жолмен шешуді қарастырады. Сөйтіп, ол Қалдан Серенмен келіссөз жүргізуге Әбілфеиз сұлтан мен Малайсары батыр бастаған елшілік жібереді.

«Ол (Малайсары) 1742 жылдың күзінде Жоңғар еліне бағыт алған қазақ елшілігін басқарды, – депті ғалым Қ.Қайдаров бір еңбегінде. – Жоңғар билеушісіне ол бар-жоғы үш аманат қана ұсынып, осымен қанағаттануын сұрады. Қалдан Серен бұған қатты ашуланады, бірақ Малайсары дәл жаудың ұясында тұрғанына қарамастан басын тік ұстап тайсалмай: «Бізден Ресейдің өзі еш аманат талап етпейді, ал сен болсаң, ұлы Ресей мемлекетінен артық болғың келеді» деген еді.

Бұл өте қауіпті адым еді және құдіретті жоңғар билеушісімен мұндай басымдықпен сөйлесуге қорықпаған адам оп-оңай басынан айырылуы мүмкін еді, бірақ кенеттен Қалдан Серен қазақ батырының батылдығына тәнті болады. Қонтажы қазақ жағының шартына келісімін беріп, талаптарынан бас тартады. Тұтқыннан Абылай сұлтан да босап, Малайсары батырмен бірге туған жеріне қайтады. Ақырында Қалдан Серен сұлтанға да, батырға да бағалы сый-сияпат береді».

Осы жолы батырға көнеден келе жатқан «тархан» дәрежесі беріледі. Тархан – орта ғасырдағы түркі халықтарының әйгілі әскербасына, беделі, дәрежесі жағынан ханға жақын тұрған ел билеуші шонжарға берілетін атақ. ХVIII ғасырда бұл дәреже Жоңғария мемлекетінде барынша көрініс тапқан болатын.

Бұл оқиға қазақ пен жоңғар арасындағы бітімді жасауда Малайсары батырдың айтарлықтай рөл атқарғанын айқындай түседі әрі тарихымыздағы ең жарқын беттердің бірі саналады. Бұл оқиға, сондай-ақ, Абылайдың Абылай болуына Малайсары еңбегінің зор болғанын байқатады. Бірте-бірте ширап, ширыққан, шыңдалған Абылайды кейін халқы ақ киізге отырғызып, хан көтерді, ол үш жүздің басын біріктірді, мемлекет құрды. Кең-байтақ жерге қала салдырып, қазақты отырықшы елге айналдыру, ұрпақ жалғастыру, тәуелсіздікке қол жеткізу оның асыл арманы болады.

Осыдан кейін біраз жылдар жоңғарлар мен қазақтар арасында бейбіт заман орнайды. Алайда кейіннен жоңғарлармен ұрыс жалғасын табады. Абылай Жоңғар жеріне сапар шеккен кезде Малайсары оны қолдай біледі. Ол өз әскерімен сұлтанның қолына келіп қосылады. Бірақ бұл жолғы сапар үлкен қайғымен аяқталады. Талай жойқын соғыстан аман-есен өткен батыр шейіт болады.

Бұл 1754 жыл болатын. Содан бері қаншама жыл өтсе де, бұл ұлы тұлға әлі де болсын халқымызға кеңінен танылмай келеді. 2007 жылы жарық көрген ғалым Жамбыл Омаридің «Малайсары тархан – ХVIII ғасырдың ұлы тұлғасы» атты кітабында Малайсары батыр шыққан бәсентиін руының арғы-бергі тарихына қатысты бірқатар танымды мәліметтер берілген. Ал Малайсарының жау оғынан мерт болу оқиғасы осы автор жазған «Малайсары – тархан» тарихи драмасында сәтті көрініс тапқан.

Малайсары – елі үшін басын бәйгеге тіккен иісі қазаққа ортақ өзіндік орны бар ұлттық қайраткер. Ол Сыр бойында туды, атамекені болған Ертіс бойын жаудан қорғады, Жетісуды жоңғар шапқыншыларынан азат етемін деп мерт болды.

«Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, қазақты бүгінгі күнге жеткізген Малайсарыдай ұлтының ұлылығын асыруда аянбаған парасат иелері емес пе еді?! Тәуелсіз ел болған Қазақстан Республикасы бүгінде өткенін түгендеп, барын барынша жұртқа көрсетіп жатыр.

Ұлы даланың қас перзенті – қазақ халқының азаттық жолындағы қасиетті күресінің асыл шежіресі, сол жолда елін бастап, ту көтерген бабаларымыздың өшпес есімдері біз үшін қашанда қымбат. Осы ардақты есімдерді жарқырата паш етіп, ұрпағымыздың ұлттық мақтанышына айналдыру – кезек күттірмес парыз. Қазақтың жері үшін, елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Сырым батыр, Махамбет, Исатай, Райымбек батыр және т.б. атындағы аудандар Қазақстанның Орал және Алматы облыстарында кездеседі.

Осы орайда ел аузында аңыз болған Малайсары батырдың атын неге құрметтемеске? Бұл жөнінде әр жылдары С.Жақсыбаев, Ж.Нұрғалиев, Қ.Нұркин, Е.Арын, Қ.Қайдаров және А.Қани сынды облысымыздың зиялы қауым өкілдері облыстық және республикалық газет беттерінде өз ұсыныстарын жазған болатын. Не пайда, бұл ұсыныстарға құлақ асқан ешкім болмады. Күні бүгін тек Малайсары бабамыздың ұрпақтары мекендеген Май ауданына қарасты бұрынғы «Киров» кеңшарының орталығы Малайсары ауылы, ал осындағы орта мектеп Малайсары атындағы орта мектеп деп аталады.

Халқымыздың аты аңызға айналған батырына, жоғарыда аттары аталған өңір зиялылары ұсынғандай, облыс орталығында ескерткіш орнату, оған бір даңғылдың, не орталық көшенің атын беру, Май ауданын Малайсары ауданы деп атау – өмір қажеттілігі. Тар жол, тайғақ кешу заманында халқының болашағы үшін жанын қиған нағыз кемеңгер, ұлт мақтанышына айналған адамға мұндай атақ лайықты болса керек.

Қашанда ер есімі ел есінде болуы қажет. «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр», – дейді Президентіміз Н.Ә.Назарбаев. Өйткені осындай ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен алмағайып заманда қазақ жерінің тұтастығы жолында жан алысып, жан беріскен атақты тұлғалардың ғибратқа толы өмір жолы – жастарымызға үлгі-өнеге әрі мақтаныш. Ал олардың ел қорғаудағы ерліктерін жастар санасына, халық жадына берік ұялату – бүгінгі ұрпаққа сын. Сол батыр бабаларымызды бұл күнде қалай мадақтап, оларға арнап қандай игі іс-шаралар ұйымдастырсақ та, көптік етпейді.


Ульян Мақұл

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға