Әлеуметтік желі

«Ер адамдармен иіліп амандасу керек». Алматыдағы ЖОО-да өткен жиналыс көпшіліктің ашуы туғызды

Әлеуметтік желіде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (ҚазҰПУ) өткен жиналыс туралы ақпарат тарады. Жиналыста бірінші курс қыздарына қоғамда және ер адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керектігі жөнінде айтылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл нұсқаулықтарға сәйкес, ер адамдарды дұрыс қарсы алу үшін оларға иіліп сәлем беру керек екен. Бұл ұсыныстар Қазнетте қызу талқыға түсті.

Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сүйенсек, бірінші курс студенттері акт залына шақырылып, оларға түрлі жастағы ер адамдар қыздарға қалай дұрыс жүріп-тұру керектігін түсіндіретін бейнеролик көрсетілген. Мысалы, ашық киінуге, қатты сөйлеуге болмайтыны, ал ер адамдармен кездескенде иіліп сәлем беру керектігі айтылған.

Абай атындағы ҚазҰПУ туғызған интерактивті сабаққа байланысты пікір білдіріп, бұдан былай осындай мазмұндағы материалдарға мұқият қарайтындарын жеткізді.

5 мамырда университет қабырғасында студенттерге арналған тәрбиелік бағыттағы кезекті кездесу өтті. Мұндай іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың мәдени-адамгершілік санасын арттыруға, әдеп нормаларын түсіндіруге және Абай Құнанбайұлының тәрбие философиясын насихаттауға бағытталған. Бұған дейін мұндай материалдардың мазмұны сынға ұшырамаған.

Алайда бұл жолы көрсетілген бейнематериал студенттер тарапынан әртүрлі реакция туғызып, пікірталас тудырды. Университет әкімшілігі бұл жағдайға түсіністікпен қарап, болашақта мұндай материалдарды таңдауда аса мұқият болатынын мәлімдейді, – деп жазды ҚазҰПУ өкілдері.

Оқу орны сондай-ақ университет зайырлы білім беру мекемесі екенін, студенттердің жеке таңдауына, еркіндігіне және пікір алуандығына құрметпен қарайтынын да атап өтті.