istock

Энергетикалық сусындар: сергектік пе, әлде жасырын қауіп пе?

Зерттеушілер энергетикалық сусындардың адам ағзасына әсерін жан-жақты зерттеп, олардың не себепті тәуелділік тудыратынын және денсаулыққа қаншалықты зиян екенін түсіндірді. Соңғы жылдары бірқатар елдерде мұндай сусындарға тыйым салынып, сатылым көлемі азайғанымен, өндірушілер жастар арасында өнімді белсенді түрде жарнамалауын тоқтатқан жоқ. Бұл туралы El.kz порталы Naked Science басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Энергетикалық сусынды ішкеннен кейін адам ағзасы бірден сергіп, жүйке мен жүрек-қантамыр жүйесі жоғары белсенділік күйіне өтеді. Оның негізгі компоненті — кофеин. Ол жүрек соғысын жиілетіп, қан қысымын арттырады, нәтижесінде адам өзіне күш біткендей күй кешеді. Алайда бұл әсер ұзаққа созылмайды. Гуарана, L-карнитин және таурин сияқты қосымша стимуляторлар әсерді күшейтеді, бірақ көп ұзамай ағзадағы энергия қоры сарқылып, шаршау мен әлсіздік пайда болады.

Энергетикалық сусынның тәтті әрі газдалған болуы да белгілі бір мақсатқа бағытталған. Қант кофеиннің ащы дәмін жасырып, жылдам энергия көзі ретінде әсер етеді, ал көмірқышқыл газы кофеиннің қанға тез сіңуін қамтамасыз етеді. Осындай үйлесім мидың дофамин бөлуін арттырып, “ләззат гормонының” деңгейін көтереді. Соның салдарынан адамда психологиялық тәуелділік қалыптасып, сергектік пен көңіл күйдің көтерілуін тек келесі банка сусыннан күтетін жағдайға тап болады.

Кейбір өндірушілер энергетиктерге B және C дәрумендерін қосып, сусынды пайдалы өнім ретінде көрсетуге тырысады. Алайда бұл – маркетингтік тәсіл ғана. Мұндай дәрумендердің мөлшері ағзаға артық, ал әсері шамалы. Денсаулығы жақсы адам үшін олардың мұндай көлемі қажет емес және ағза оны толық қабылдамайды.

Мамандардың айтуынша, энергетикалық сусындарды жиі тұтыну жүйке жүйесінің шамадан тыс қозуына әкеледі. Нәтижесінде адамның қолы қалтырап, мазасыздық, ашушаңдық және ұйқысыздық пайда болады. Тіпті адам ұйықтағанның өзінде, ұйқы сапасы нашарлайды, ми толыққанды демала алмайды. Бұл жағдайлар ұзақ мерзімде жүйке тозуына, жүрек пен қан қысымының бұзылуына себеп болуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, табиғи кофе энергетикалық сусындарға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Онда кофеин мөлшері аз, қант пен жасанды қоспалар жоқ. Ал энергетиктер жүрек, қан тамырлары және эндокриндік жүйеге бір мезетте ауыр салмақ түсіреді.

Мұндай сусындардың зияны әсіресе жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және гипертония, қант диабеті немесе жүрек ауруларымен ауыратын адамдарға айтарлықтай жоғары. Әйел ағзасында кофеин баяу ыдырайтындықтан, аритмия мен гормондық бұзылулар қаупі артады.

Энергетикалық сусындар қысқа уақытқа ғана сергектік береді, бірақ оның құны тым қымбат — ағзаның тез әлсіреуі, тәуелділіктің қалыптасуы және ұйқының бұзылуы. Нағыз сергектік пен энергияның көзі – сапалы ұйқы, тұрақты қозғалыс және теңгерімді тамақтану. Ал “жасанды қуат” беретін сусындар адамның денсаулығын ұзақ мерзімді перспективада әлсіретіп, табиғи өмір ырғағын бұзады.