Жаңалықтар

Энергетикалық сусынның сиқыры неде?

Энергетикалық сусындарды ішкен жағдайда бір тәулікке жететін энергиясын шығындауы мүмкін
Энергетикалық сусынның сиқыры неде?
Фото: aikyn.kz 18.10.2022 00:09 3944

Сиқырлы сусын дегеніміз – адамды өзіне тәуелді ететін күші бар энергетикалы сусындар. Оның зияны көп, зардабы ауыр. Бұл туралы медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, дәрігер-гематолог Аягүл Айнабайдан білдік.

Энергетикалық сусынның сиқыры неде?

– Бұл сусынның не құдіреті бар десеңіз, оның құрамында таурин мен глюкозадан бөлек, кофеин көп мөлшерде болуы. Бұл қоспалар адамның қан қысымын жоғарлатып, мидың белсенділігін арттырады. Адамға өзін сергек сезінуі қатты ұнайды емес пе?

Энергетикалық сусынның әсері біткеннен кейін, адамда шаршау-шалдығу байқалады, ұйқышылдық пайда болады, мидың жұмыс белсенділігі төмендейді. Осыдан шығу үшін адамдар екінші құтыны, одан кейін үшінші, төртінші құтыны ішіп, аяғы тәуелділік пайда болады.

– Мәселенің мәні оның құрамындағы қоспалардан дейсіз ғой?!

– Әрине, солай! Кофеин психикаға қатты әсер етіп, тәуелділікті туындырады. Сол себепті бір ішкен соң қайта-қайта өзіне баурап тұрады. Кофеиннің мөлшері неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым жүйке белсенді жұмыс істеп, қан айналымы жылдамдап, күш-қуаты тасығандай күй кешеді.

– Адамның күш-қуаты таситындай энергетикалық сусындар энергия бере ме? Соның мәнін ашып беріңізші...

– Жоқ! Кофеин ешқандай да энергия бермейді. Тек адамның өз энергиясын өндіріп береді. Энергетикалық сусындарды ішкен жағдайда бір тәулікке жететін энергиясын шығындауы мүмкін. Тағы ішсе, онда келесі тәуліктің энергиялық қуаты шығындалады. Сөйтіп, адамның денсаулығына, психикасына кері әсер етеді. Себебі кофеин тек сіздің ағзаңызда бар құрамның әсерін күшейтіп, оның әсері 3-4 сағатқа дейін ғана сақталады

– Адам өзіне қажетті энергияны қайдан алады, қалай өндіреді?

– Адам күнделікті тұтынатын тағамынан энергия қалыптасады. Яғни ағза көмірсу, ақуыз арқылы қуаттанып, энергиясы түзіледі.

– Енді зияны неде? Соған тоқталсаңыз...

– Көбіне энергетикалық сусын газдалған болып келеді, оның үстіне құрамында қант, түрлі бояғыш заттар адам денсаулығына зияны аз емес. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын энергетикалық сусындарды жиі тұтыну тахикардия, қант диабеті, психомотрлық қозу, жоғары дәрежедегі невроз, орталық жүйке жүйесі, жүрек-қантамыр ауруы, гармондардың бұзылуына және күйзеліс сияқты дерттерге душар етеді.

Бастысы, қатерлі ісік пен еркекті белсіздікке ұшырауына әсер етеді. Энергетикалық сусынды алкогольмен бірге ішетін азаматтар да баршылық, ол кезде бауыр мен ұйқы безі зақымданады. Айналып келгенде, панкреатит ауруына шалдығу қаупі артады.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға