depositphotos.com

Энергетика министрлігі КҚК теңіз терминалындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

ҚР Энергетика министрлігі Новороссийск портында орын алған төтенше жағдайға байланысты ресми түсініктеме таратты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 29 қарашада, Астана уақытымен 06:06-да Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийск маңындағы теңіз инфрақұрылымы пилотсыз су көліктерінің шабуылына ұшыраған. Шабуыл салдарынан екінші сыртқы аялдау құрылғысы айтарлықтай зақымданып, толық жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін істен шығарылған.

Министрлік мұндай әрекеттердің салмағын ерекше атап өтті:

«Азаматтық маңызы бар инфрақұрылым нысандарына күш қолдануға жол берілмеуі тиіс. КҚК – халықаралық энергетикалық жоба. Оның объектілеріне жасалған кез келген шабуыл жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіріп, консорциум қатысушыларының, соның ішінде Қазақстанның экономикалық мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіреді», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар, ведомство өндіріс қарқынын төмендетпеу және ықтимал теріс әсерді барынша азайту үшін экспорттық көлемдерді балама бағыттарға жедел түрде қайта бөлу жоспарын іске қосқанын хабарлады.

Министрлік жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.