«Енеге келін жау емес». Алты баланы дүниеге әкелген ана отбасылық институттың маңыздылығын айтты
Бүгін – халықаралық отбасы күні. Қазақ әрқашан отбасылық құндылықты жоғары қойған. Соның ішінде әсіресе, көп балалы аналар ерекше құрметтеледі. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі көпке үлгі, 6 баланы тәрбиелеп, ене мен келін арасындағы сыйластықтың ерекше үлгісін көрсетіп, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған жанмен тілдескен болатын.
Қазақ халқы қашанда көрегенді ұл мен ибалы қыз тәрбиелеу мәселесін басты орынға қойған. Өйткені ұл – ұлтының иесі, ал қыз – абыройының өлшемі. Бүгінгі бүлдіршін қыздың ертең бой жетіп, бір үйдің босағасын аттап, келін болары анық. Қазекем әу бастан-ақ жаңа түскен келінге сын көзбен қараған. Ал сынның үлкені – бұл ененің сыны.
Бүгінде Гауһар Чукушева ене мен келін арасындағы сыйластықтың қандай болатынын және ененің ебін қалай табуға болатынын көпке үлгі етіп көрсетіп жүр. Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда көп жас келіндер енесімен бірге тұрғысы келмейді. Енені жау ретінде көретіндер де бар. Мұндай жаңсақ пікірдің бары рас.
«Енеге келін жау емес, келінге ене жау емес» деген пікірді ұстанатын біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Гауһар ене мен келін арасындағы байланыстың қандай болатынын көрсетіп, өзге жанұяларға үлгі болып отыр.
кейіпкердің жеке мұрағатынан
Бүгінде әулетінде беделді, әлеуметке танымал блогер Гауһар өзі сияқты үй шаруасымен айналысып отырған қыз-келіншектерге тіл үйіретін дәмді тағамдардың қалай жасалу керегін енесімен бірге үйретіп отыр. Ол келіндік міндетті шын көңілмен, ықыласпен, көңілді жүріп жасау керек екенін айтады.
Үржар ауданынна қарасты Көкөзек ауылына келінмін. Әулетіміз көп балалы отбасы. Бес абысыным бар. Мен үшінші келінімін. Қазақта балаңа жас күніңде қалай қарасаң, қартайғанда соны көресің деген сөз бар. Бұл нақылдың келінге де қатысы бар. Жас келінге қалай қарасаң, қартайған шағыңда қайтарымы болады, – дейді Гауһар.
Отбасында тәлімді тәрбие алып, ибалылық пен инабаттылықты жанына серік еткен қыз бала барған жерінде сыйға бөленеді. Ал жұбайының отбасына сіңісе алған келіннің ауыл-аймаққа да қадірі артады. Әрине, өзге отбасына бірден үйренісіп кету оңайға соқпайды. Дәл осы кезде жолдасыңның, соның ішінде ененің қолдауы аса маңызды. Осы ретте үлгілі келін Гаухар енесін ерекше сыйлайды. Ол кісіге деген сый-құрметі мен қошеметі де ерекше көрінеді.
Енем өте мейірімді жан. Көңіл көтеріп, қалжыңдасып, көп күлеміз. Бірден сіңісіп кету кез келген келінге оңай болмайды. Енем екеуімізге бір-бірімізге үйренісу үшін танып, білісіп, қабылдауға біраз жыл керек болды. Ал қазір енемді шын жүрегіммен жақсы көремін. Ол кісіге деген сый-құрметім ерекше. Көп сыйлық жасаймын. Әсіресе, шет елге шықсақ та, тойға барсақ та міндетті түрде енеме сарқыт алып, сыйлық апарамын. Ол балаша қуанады, – дейді алты баланың анасы.
Гауһарды енесі «пысық келін» деп атайды екен. Соған лайық болуға тырысатынын айтады. Үйде қонақты көп күтеміз деп отыр. Ал қонақ келгенде дастархан жайып, дайындалғанды ұнататын көрінеді.
кейіпкердің жеке мұрағатынан
Келін үйін де бойын да таза ұстау керек. Қонақжай жане көңілді болу керек деп ойлаймын. Үйдің берекесін келтіретін әйел адам. Осы ретте жолдасым мен енемнің және ата-анамның үлесі көп. Жолдасым қалағанымды әпереді. Маған қамқор, ауыр жұмыс жасатпайды. Тіпті азық-түлік көтертпейді. Енемнің мінезі жайлы. Ата-анамнан табиғи сұлулық пен мықты денсаулық, тәлім-тәрбие алдым. Оларға алғысым шексіз, – деді батыр ана.
Отбасындағы береке екі жақтан да сыйластықты талап ететінін анық. Яғни, үйдің бүкіл шаруасын жаңа түскен келіннің мойнына артып қоймай, келін үйреніскенше жәрдемін аямаған да дұрыс болар.
Енем жас кезінде шет елге бізбен шығатын. Кейін жасы келгесін бармайтын болды. Бізге «сендер қыдыра беріңдер, мен сыйлық ала берейін» деп қалжыңдайды. Бұл өмірде бәрі бірден бола қоймайды. Шыдамды болу керек. Келін жан-жағына мейірім шашып жүру қажет. Сонда үлкен құрметке ие боласыздар, – дейді Гауһар.
Қазақ әрқашан отбасылық құндылықты жоғары қойған. Соның ішінде әсіресе, көп балалы аналар ерекше қадірлі. Бүгінде сол алтын құрсақты аналардың қатарында 6 құрсақ көтерген Гауһар да бар. Қазір 44-те жаста болса да, сол бәз-баяғы ажарын сақтап, одан сайын жасара түскен. 22 жыл үйде бала тәрбиесімен айналысып отырған ана деп айта алмайсың. Өйткені күн сайны өзімен жұмыс жасап, өзін дамытып келеді. Әрине, бір жағынан енесінің қамқорлығын да сезініп отыр.
кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзіме неше түрлі дәмді тамақтар жасаған ұнайды. Өз анам да керемет аспаз. Мейірбике болып 45 жыл қызмет етті. Сондықтан 2015 жылдан бері әлеуметтік желіде блог жүргізіп келемін. Ондағы мақсат өзім сияқты жас келіншектерге тамақтың түр-түрін үйрету. Жолдасым екеуіміз 2001 жылы отау құрдық. Аллаға шүкір, алты баламыз бар. Оның үшеуі – қыз, ал үшеуі – ұл. Ал өз отбасымда төрт баланың екіншісімін, – дейді алты баланың анасы.
Бүгінде үлкен әулеттің түтінін үзбей, түтетіп отырған үлгілі келін ене мен келін арасында қандай қарым-қатынас болу керегін айтып берді.
кейіпкердің жеке мұрағатынан
Ене мен келін бірге тұрғаннан үлкен мәселе көріп тұрған жоқпын. Қайта көп пайдасы бар. Енесін құрметтемейтін келін өз жұбайын да құрметтемейді деп ойлаймын. Неге жұбайыңызды жақсы көрсеңіз, оны дүниеге әкелген анасын да сыйламасқа?! Мен енемнің ас үйде жүргеніне қарсы емеспін. Қайта бауырсағын, қалашын, нанын пісіріп отырғанына қуанамын. Енем әлі күнге дейін шәйді өзі құяды, – дейді ол.
Гауһардың сөзінше, әйелдер тең боламыз деп жүріп барлық жауапкершілікті, ауыртпалықты өз мойнына жүктеп алған. Ал әйелдің күші әлсіздігінде, нәзіктігінде, ақылды болуында екенін айтып отыр.
Әйел ғана емес еркек те даму керек. Фазендамыз бар. Төрт түлік малмен айналысамыз. Үлкен ұлым Сұлтан сиыр, жылқы саууға көмектеседі. Аптаның екі күні фазендада өтеді. Қи тазалайды, қой бағады, нағыз ауылдың тіршілігі осындай. Енем екеуіміз құрт, ірімшік қайнатамыз. Сүт тартып қаймақ, сары май жасаймыз. Бау-бақшамыз да үлкен. Жаздай суарамыз, шөбін жұлып, түптеп күзде содан жинаған көкөністерден банка жабамыз. Жолдасым балаларын еңбекке баулу үшін фазенда салды. Барлық бос уақытымыз сонда еңбек етумен демалумен өтеді, – дейді батыр ана.
Үйдің тірлігімен қатар шетелге де шығып, бәріне үллгеріп жүрген Гауһар Италия, Германия,Испания, Франция, Түркия, Қытай, БАӘ, Канарские аралдарында болғанын айтты.
кейіпкердің жеке мұрағатынан