жасанды интеллект

Енді WhatsApp-та ата-ана баласын бақылай алады

17.02.2026 14:30

WhatsApp әзірлеушілері кәмелетке толмаған қолданушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін жаңа мүмкіндік қосуды жоспарлап отыр. Енді ата-аналар баласына шектеулері бар арнайы қосымша аккаунт аша алады. Бұл – мүмкіндіктері шектелген жеке профиль: егер бала WhatsApp белгілеген ең төменгі жас талаптарына сәйкес келмесе, қосымшаны толық пайдалану үшін ата-анасының көмегімен осындай аккаунт тіркеуі қажет болады.

Оқи отырыңыз: 

Қосымша профиль арқылы жас қолданушы байланыс тізімінде жоқ адамдарға жазып, олардан хабарлама немесе қоңырау қабылдай алмайды. Wabetainfo дерегінше, ата-аналар баланың белсенділігі туралы мәлімет алып отырады: мысалы, жаңа контакт қосқаны жөнінде хабарлама келеді, алайда жүйе хаттардың мазмұнын көрсетпейді. Аккаунтты тіркеу кезінде ата-ана QR-кодты сканерлеп, кейін 6 таңбалы негізгі PIN-код орнатады. Бұл код баптауларды рұқсатсыз өзгертуге жол бермей, бақылау функцияларын басқаруға мүмкіндік береді. Профильді толық іске қосу үшін сол PIN-код қосымша аккаунтта енгізіледі.
Фото: Wabetainfo

Қауіпсіздік мақсатында мұндай аккаунттарда кейбір бөлімдер қолжетімсіз болады: мысалы, жас қолданушылар «Жаңартулар» (Updates) функциясына кіре алмайды, яғни кең аудиториямен контент бөлісу функцияларын пайдаланбайды.

Қосымша аккаунт ата-ана шешімін өзгерткенге дейін немесе қолданушы WhatsApp-та рұқсат етілген жасқа толғанға дейін жұмыс істейді. Жасы сәйкес келгеннен кейін оны негізгі профильден ажыратып, қосымшаның барлық мүмкіндігін толық қолдануға болады.