pixabay.com

Енді Украинада 60 жастан асқандар да әскер қатарына қабылданады

29.07.2025 15:44

Украина президенті Владимир Зеленский 60 жастан асқан азаматтарға келісімшарт бойынша Қарулы күштер қатарында қызмет етуге мүмкіндік беретін заңға қол қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл жөнінде ақпарат Украина Жоғарғы Радасының ресми сайтында жарияланған заңlf көрсетілген. Құжатта заңның президент қол қойғаннан кейін парламентке қайтарылғаны жазылған.

Заң қалай қабылданды?

Жаңа заң 16 шілдеде Жоғарғы Радада 306 депутаттың қолдауымен екінші оқылымда қабылданған. Депутат Ирина Геращенконың айтуынша, бұл өзгеріс 60 жастан асқан азаматтарға келісімшарт жасасып, әскери қызмет атқаруға мүмкіндік береді.

Алайда ол заң мәтінінде келісімшартқа кімнің мақұлдауымен отыратыны нақты көрсетілмегенін, бұл өз кезегінде кез келген шешімді субъективті қабылдауға немесе асыра пайдалануға жол ашуы мүмкін екенін ескерткен.

Бекітілген заңға сәйкес, қызметке қабылдау тәртібі мен рәсімдері қосымша нормативтік-құқықтық актілер арқылы айқындалатын болады. Бұл құжаттар заң күшіне енгеннен кейін үш ай ішінде қабылдануы тиіс.

Украинада мобилизация қалай жүріп жатыр?

Қазіргі уақытта Украинада әскери міндеттілік 25 пен 60 жас аралығындағы ер адамдарға қатысты. Жаппай мобилизация 2022 жылдың ақпан айында жарияланған болатын. 2023 жылдан бастап оның талаптары қатаңдатыла түсті — көптеген азамат жеңілдіктер мен кейінге шегеру құқықтарынан айырылды.

Соған қарамастан, Украина билігі әскер қатарын толықтыруда қиындықтар көріп отыр. Осы себепті, міндетті шақырылымға жатпайтын азаматтарды келісімшарт негізінде тарту арқылы бұл мәселені шешуге тырысуда.

Жас азаматтарға да келісімшарт ұсынылуда

2024 жылдың ақпан айында Украина Қорғаныс министрлігі 18–24 жас аралығындағы еріктілерді келісімшартпен әскери қызметке қабылдайтынын хабарлаған. Бұл азаматтарғ жоғары жалақы, жоғары білім алуға жеңілдіктер, әлеуметтік кепілдіктер уәде етіледі. Алайда келісімшарттың басты талабы — алғы шептегі жаяу әскер бригадасында қызмет атқару.