Фото: El.kz

Енді телефон тіркелмесе, 30 күннен кейін бұғатталады

23.07.2025 17:14

2025 жылдың наурызынан бастап Қазақстанда ұрланған немесе жалған смартфондарды желіден бұғаттау мақсатында үш деңгейлі IMEI тіркеу жүйесі іске қосылды. Бұған дейін бұл жүйе толық жетілдірілмеген еді, алайда енді ұялы байланыс операторлары әр құрылғының бірегей нөмірін тіркеп, ұрланған телефондарды анықтап, желіден ажырата алады. Бұл туралы байланыс саласының бұрынғы маманы және блогер Нұркен Халықберген Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

IMEI – әрбір ұялы телефонға берілетін бірегей идентификатор. Телефон желіге қосылған кезде IMEI және SIM картаның IMSI коды операторға жіберіліп, пайдаланушы мен құрылғыны нақты айыруға мүмкіндік береді.

2019 жылға дейін Қазақстанда IMEI кодтарының бірыңғай дерекқоры болмағандықтан, ұрланған телефондар желіде еркін жұмыс істеп келген, — дейді Нұркен Халықберген.

Жаңа жүйенің ерекшелігі

2025 жылдан бастап Қазақстанда смартфондар үш тізімге бөлінеді:

Ақ тізім – заңды түрде әкелініп, тіркелген құрылғылар;

Сұр тізім – толық тіркелмеген, деректерін нақтылауға 30 күн берілген телефондар;

Қара тізім – ұрланған немесе жалған құрылғылар, олар желіден мәңгілік ажыратылады.

Полиция сот шешімі негізінде IMEI мәліметтеріне қол жеткізіп, операторлар бұл ақпаратты онлайн режимде пайдалана алады. Жүйеде әлі де кемшіліктер бар. Қылмыскерлер IMEI нөмірін және телефонның сертификаттық кілттерін өзгерте алады. Сондай-ақ құрылғы шетелге шығарылған жағдайда, Қазақстанның қара тізімі оған әсер етпейді, себебі әр елдің операторлары өз дерекқорын қолданады. Ұрланған телефонды көбіне iCloud немесе Google есептік жазбалары арқылы іздейді. Нұркен Халықберген атап өткендей, бақылау ұялы байланыс желісінен тыс құралдар арқылы да жүзеге асады:

Геотегтері бар фотосуреттер, ашық Wi-Fi желілері, тыңшылық қосымшалар және IMSI-catcher құрылғылары адамның жеке өміріне қауіп төндіреді. Ата-аналық бақылау бағдарламалары кейде бақылаудың жасырын құралына айналады, — дейді ол.

Маман ұсынған кеңестер:

Қосымшаларға берілген рұқсаттарды үнемі тексеру;

Екі факторлы аутентификацияны қосу;

Қалпына келтіру кодтарын телефонда сақтамау;

Қауіп болса, маңызды ақпаратсыз бөлек аккаунт пайдалану.

Келешектегі қауіптер

eSIM технологиясының кеңінен таралуы және «ақылды» гаджеттердің желіге қосылуы адам туралы цифрлық іздің өсуіне алып келеді. Сондықтан билік мұндай құрылғыларды да IMEI тізіліміне енгізуді қарастыруда.

5G технологиясының арқасында енді телефонмен бірге ас үйдегі жарық шамының орналасқан жерін де анықтауға болады, — дейді Нұркен Халықберген.

Бүгінгі смартфон жай ғана байланыс құралы емес. Ол сіздің жеке өміріңізге тікелей қатысты мәліметтерді сақтайды. Сондықтан телефоныңызға қалай жауапкершілікпен қарасаңыз, дәл солай оны қорғау, тексеріп отыру, артық қосымшаларға рұқсат бермеу – бүгінгі заманның басты қауіпсіздік ережесі. Естен шығармаңыз, ұялы телефон – бұл сіздің төлқұжатыңыз, банк картаңыз және мекенжайыңыз. Оны дәл солай сақтаңыз.