Жаңалықтар

Конституция Қазақстан азаматының құқығын нығайту мен жүзеге асыруды қамтамасыз ететін құжат

Бұл туралы Заңнама институтының бас маманы, заң ғылымының докторы, профессор Ермек Абдрасулов айтты
Конституция Қазақстан азаматының құқығын нығайту мен жүзеге асыруды қамтамасыз ететін құжат
Фото: ortcom.kz 29.08.2022 10:50 3286

Жаңа Конституциямызда өлім жазасына тыйым салынатынын қолдаймын. Бұл туралы Заңнама институтының бас маманы, заң ғылымының докторы, профессор Ермек Абдрасулов айтты, деп хабарлайды El.kz.

«5 маусымда өткен республикалық референдумнан кейін арнайы жұмыс тобы заңдардың пакеттерін әзірлеген болатын. Қазіргі уақытта олар дайын тұр. Парламент демалыстан шыққаннан кейін заңдардың пакеті рет-ретімен жүзеге асырылып, қол қойылады. Жылдың аяғына дейін жоспар бойынша көптеген өзгерістер болады. Егер де, үлгермей жатса, заңдар жаңа тәртіппен 1 қаңтардан бастап қабылданады. Ал, қазір ескі тәртіп бойынша заңдар 31 желтоқсанға дейін қабылданып жатыр. Дегенмен, референдум өткеннен кейін көпке созыла қоймас деп ойлаймын», - деді ол.

Биыл елімізде Конституцияның жаңа бағыттағы қызметі үшін көптеген шаралар ұйымдастырылды.Ең алдымен Конституция Қазақстан азаматының құқығын нығайту және жүзеге асыруды қамтамасыз ететін құжат. Ол қажет жағдайларда құжатқа өзгеріс енгізіп тұру дұрыстығын атап өтті.

«Биылғы жаңа Конституция бойынша адам құқығын қорғайтын өкілге конституциялық статус беріп, оған бөлек статья арнап жатыр. Бұл конституцияда арнайы бекітілді. Тіпті, парламент жұмысын дұрыс істесін деп сайлау жүйесін де өзгертті. Тек партияның өкілдері емес, қарапайым азамматтар да заңды өзгерту үшін өз наразылығын айта алады. Сондай-ақ биылғы өзгерістердің бастамасы Президент ешқандай партияда болмау керек деген ереже енгізілді. Ендігі тұста парламенттің күші артады деп ойлаймын», - деді Ермек Абдрасулов.  

Оның айтуынша, елімізде өтетін келесі сайлау жүйесі Мәжілісте тікелей өтетін болады. Мәжіліс пен Сенат теңдей жұмыс істейді. Бірақ та, заңды Мәжіліс қабылдайды, ал Сенат оны мақұлдайды. Дегенмен Конституциялық заңдарды бірге қабылдайтын болады. Бұл біздің еліміздегі өзгерістердің бастамасы. Сондықтан бұл біз үшін үлкен жетістік.

«Сондай-ақ жаңа Конституцияның заң пакетінде екінші протоколға қол қойылды. Демек, елімізде өлім жазасына тыйым салынады. Бұл заңды қолдамағандар да болды. Бірақ, бұл шешімді мен дұрыс деп қабылдаймын. Себебі, біздің елімізде бұған дейін сотталып, кейін кінәсіз ақталып шыққан адамдар бар. Егерде өлім жазасын қабылдасақ, кейбір адамдардың кінәсіз өлім жазасына ұшырауының алдын ала алмаймыз. Бұл тәжірибені шетелде де қолданысқа енгізді. Дегенмен, мемлекеттің қабылдаған қатал заңынан ол елдерде қылмыс азаймады. Бұл дегеніміз адамды заңмен қорқыту мүмкін еместігін білдіреді», - деді Ермек Абдрасулов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға