©Pixabay.com

Енді отандық әуе борттарында интернет қолжетімді болады

Вице-премьер әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанның цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы алдағы үш жылға арналған басты басымдықтарын айқындады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жаңа құқықтық алаңмен басталды. Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң қабылданып, цифрлық экономиканы нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленіп жатыр.

Цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жүйелі әрі қауіпсіз құқықтық негізге сүйенуі тиіс, – деді ол.

Оқи отырыңыз:

Интернет инфрақұрылымы: ауылдан – әуе бортына дейін

Министр цифрлық экономиканың тиімділігі ең алдымен байланыс сапасына тәуелді екенін атап өтті. Осы бағытта былтыр басталған негізгі жобалар биыл аяқталады.

Атап айтқанда:

Қосымша 1900 ауыл оптикалық талшықты интернетке қосылады;

Келесі жылы ауылдардың 90 пайыздан астамы кеңжолақты интернетпен қамтылады;

Барлық республикалық жолдар байланыс инфрақұрылымымен жабдықталады;

Шекарадағы барлық өткізу бекеттері интернетке қосылған;

Интернет ҚТЖ жолаушылар тасымалының негізгі бағыттарында қолжетімді болады;

Алғаш рет отандық әуе компанияларының бортында интернет пайда болады.

Бұл инфрақұрылым тек азаматтардың сұранысын жабумен шектелмей, Қазақстанның өңірлік цифрлық байланыстырушы хаб ретіндегі рөлін күшейтеді, – деді министр.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында салынған Starlink gateway-станциялары арқылы спутниктік интернет көрші елдерге таратылады. Биыл трафик Тәжікстанға, ал келесі кезеңде Моңғолия мен Қырғызстанға бағытталмақ.

Халықаралық есептеу қуаттарының хабы құрылады

Министрдің айтуынша, трансшекаралық байланыс пен қолжетімді электр энергиясы – халықаралық деректер орталығын құрудың басты шарты. Бұл жоба қазірдің өзінде іске асу кезеңінде.

Павлодар облысында жер телімі бөлініп, ГРЭС-1-ден 300 МВт қуат резервтелді. Сонымен қатар халықаралық инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бірақ біз ешкімді күтпейміз. Алғашқы 50 МВт-тық жасанды интеллект деректер орталығын келесі жылдың екінші тоқсанында «Қазақтелеком» салады, – деді Жаслан Мәдиев.

Бұл орталықтың қуаты мемлекеттік органдардың жаңа деректер орталығынан 10 есе жоғары болмақ.

Мемлекеттік жүйелер бір платформаға көшеді

Цифрландырудың қарқынды дамуы бірқатар жүйелік мәселені де ашып берді. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелер QazTech бірыңғай платформасына кезең-кезеңімен көшірілуде.

Былтыр барлық мемлекеттік ақпараттық жүйені толық түгендеу аяқталды. Ескірген және қайталанатын жүйелер оңтайландырылады, – деді министр.

Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігіндегі 30-дан астам жүйе 8 жүйеге дейін қысқартылады. Биыл орталық мемлекеттік органдардың жүйелерінің 30 пайызы жаңа платформаға көшіріледі.

Жасанды интеллектке дерек керек

Министр сапалы деректердің жасанды интеллект үшін негізгі ресурс екенін атап өтті. Қазір салалық деректердің орташа цифрландыру деңгейі 57 пайыз ғана.

Жасанды интеллектті тиімді енгізу үшін цифрландыру деңгейі кемінде 90 пайыз болуы тиіс, – деді ол.

Осы мақсатта мемлекет пен бизнес арасында өндірісті цифрландыру бойынша өзара міндеттемелер тетігі енгізіледі.

AI-SANA және технологиялық ұлт

Президенттің қолдауымен іске қосылған AI-SANA бағдарламасы өткен жылы бір миллионға жуық азаматты қамтыды. Биыл бағдарлама жаңа жобалармен кеңейеді.

Маңызды бастамалардың бірі – Жасанды интеллект университетін ашу.

Технологиялық ұлтты қалыптастыруда AI-SANA бағдарламасының маңызы зор, – деді министр.

Соңғы бес жылда IT-қызметтер экспорты 15 есе өсіп, нарық кірісі жылына 2 трлн теңгеге жеткен. IT саласындағы орташа жалақы елдегі орташа деңгейден екі есе жоғары.

Higgsfield мысалы қазақстандық «единорогтар» уақыты келгенін көрсетті, – деді Жаслан Мәдиев.

Осыған байланысты Қазақстан таланттарды тарту бағдарламасын іске қосады. Мәселен, Telegram компаниясымен бірлесіп елге мықты спорттық бағдарламашылар шақырылмақ. Бұл бағытта alem.ai орталығы ерекше рөл атқарады.

Жасанды интеллект қоры және тұрақты қаржыландыру

Министр Жасанды интеллект қоры құрылғанын хабарлады. Ол Ұлттық банк қаражаты есебінен толықтырылып, маңызды цифрлық жобалар мен білім беру бастамаларын қолдайды.

Сонымен қатар цифрландыруды тұрақты қаржыландыру үшін жаңа модель әзірленуде.

Цифрландыру табысы есебінен алынған үнем мен кірістер қайтадан цифрлық экономика мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталады, – деді министр.

Бұл тәсіл Қазақстанда толықтай цифрландыруға қажетті берік қаржылық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Тоқаев отандық ЖИ өнімін дамытуды тапсырған болатын. Сонымен қатар отырыс барысында Үкімет халық табысын арттыруға уәде берді.