Енді несиені мерзімінен бұрын жапқандарға айыппұл салынбайды
Қазақстандықтар 31 тамыздан бастап несиелерін мерзімінен бұрын ешқандай айыппұл мен комиссиясыз өтей алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Finratings.kz мәліметінше, жаңа ереже барлық қарыз түріне, соның ішінде ипотека мен автонесиеге де қолданылады. Бұл қадам борышкерлердің қарыз жүктемесінен жылдам құтылуына көмектеспек.
Тамыз айының соңына дейін банктерде айыппұл алу құқығы сақталады:
- мерзімі бір жылға дейінгі несиелерді алғашқы алты айда жапса,
- мерзімі бір жылдан асатын қарыздарды алғашқы бір жыл ішінде өтесе.
Ал қыркүйектен бастап бұл шектеулер тек компанияларға қатысты болады. Жеке тұлғалар үшін айыппұлдар толық жойылады.
Айыппұлдың алынып тасталуы қарыз алушыларға артық пайыз төлемей, қарыздан тезірек құтылуға мүмкіндік береді. Әсіресе ипотека мен автонесие алғандар айтарлықтай жеңілдік сезінеді, өйткені мұндай несиелерде артық төлем көлемі өте жоғары болуы мүмкін.
Енді клиенттер қосымша төлемдер енгізіп, несиенің жалпы мерзімін қысқартуға немесе ай сайынғы төлемдерін азайтуға құқылы. Ипотека алғандар үшін бұл аса тиімді – қосымша қаржыны негізгі қарызды жабуға жұмсап, жылдар бойғы пайыздық артық төлемнен құтыла алады.
Әрине, қаржы ұйымдары белгілі бір табысынан айырылады, себебі ұзақмерзімді қарыздардан түсетін пайыз азаяды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл банктерді жаңа өнімдер әзірлеуге және қызмет сапасын арттыруға итермелейді.
Айта кетейік, көптеген елде жеке тұлғалар үшін мерзімінен бұрын төлеуге салынатын айыппұлдар әлдеқашан жойылған. Қазақстан да осы жолды таңдады: бұл тұтынушылардың құқықтарын күшейтеді әрі халықаралық стандарттарға жақындатады.
Дегенмен есте сақтаңыз: айыппұлдар алынып тасталғанымен, банктердің техникалық талаптары сақталады. Мысалы, мерзімінен бұрын төлемнің ең төменгі сомасы, өтініш беру тәртібі немесе ақша есептен шығарылатын нақты күндер болуы мүмкін. Сондықтан төлем жасамас бұрын өз банкіңізден барлық шартты нақтылап алған жөн.
Кеңес: несиені жабар алдында «қаржылық жастықтың» бар-жоғын бағалаған дұрыс. Кейде артық қаржыны инвестицияға немесе басқа мақсаттарға бағыттау тиімдірек болуы мүмкін.

