Жаңалықтар

Енді мектепте жеті жылдан астам директор болғандардың барлығы тексеріледі

Енді мектепте жеті жылдан астам директор болғандардың барлығы тексеріледі
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 19.05.2023 13:05 24416

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Талдықорған қаласында ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малаховпен бірге білім саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы жиналыс өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын қаржыландырудағы коррупциялық тәуекелдерге сараптама жүргізуде. Мұндағы алдын ала алынған мәліметтер бойынша конкурс рәсімдерінде, жұмысқа орналасуда, балаларды балабақшаға, мектепке қабылдауда, сондай-ақ ұйым директорларының ұзақ уақыт бір қызметте отыруында сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар екені белгілі болды. Лауазымды бір  қызметті жеті жылдан аса уақыт кезеңінде атқарып келе жатқан басшылардың барлығын тексеру туралы шешім қабылданды, - деп мәлімдеді Ғани Бейсембаев.

Ол білім беру ұйымдарының директорларын тағайындау рәсімдерінің жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында министрлікте жоғары білікті мұғалімдердің базасы мен мектеп директорларының кадрлық резерві қалыптастырылады деп айтты.

Білім беру қызметінің барлық бағыттарын түбегейлі қайта қарап, сыбайлас жемқорлықты жою бойынша кешенді жұмыс жүргізу керек. Әрбір директор мен бухгалтердің қызметтегі мінез-құлқы, пайдакүнемдік мүддесінің болуы  мұқият зерттелуі қажет. Облыстық білім басқармалары басшыларының жұмысы да осы көрсеткіштер бойынша бағаланатын болады, - деді Оқу-ағарту министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға