Самарқандта өткен CITES Конвенциясы тараптарының 20-конференциясында Қазақстандағы киік мүйізіне қойылған нөлдік экспорттық квота ресми түрде алынып тасталды. Бұл шешім елімізге киік мүйізін халықаралық нарықта заңды түрде саудалауға мүмкіндік ашады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, ұлттық ұстанымды ілгерілету үшін министр Ерлан Нысанбаевтың басшылығымен кеңейтілген делегация құрылған. Оның құрамына CITES әкімшілік және ғылыми органдары болып саналатын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Зоология институты, «Охотзоопром» кәсіпорны, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК), сондай-ақ цифрлық таңбалау мен қадағалауға сараптамалық қолдау көрсеткен Tabiǵi Orta және «Қазақтелеком» АҚ енді.
CITES бас хатшысы Ивонн Игуэро Қазақстанның киік популяциясын сақтаудағы айтарлықтай нәтижесін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, киік саны тарихи минимум – 21 мыңнан бүгінгі 4 миллионнан астам басқа дейін өскені түрдің ұзақ мерзімді тұрақтылығына сенім ұялатады.
Тараптар Қазақстанның сақтықпен әрі қатаң бақыланатын жағдайда дериваттардың халықаралық саудасын қайта бастау туралы ұсынысын қолдауға мүмкіндік алды, – деді ол.
Нөлдік квотаны алып тастау – қорғаудан орнықты пайдалануға көшу кезеңінің басталуы. Ғылыми негізделген бұл модель дериваттардың қатаң бақылаудағы заңды саудасын жүзеге асыру арқылы түрге де, оның мекендеу ортасына да қауіп төндірмейтінін көрсетеді.
Қазақстан мүйіз саудасынан түсетін кірісті биологиялық әртүрлілікті сақтауға, экожүйелерді қалпына келтіруге және мониторингілеу жобаларын дамытуға бағыттайтынын ресми растады.
Қазақстан делегациясының кең ауқымды консультациялық жұмысы елдің халықаралық ұстанымын күшейтіп, оң имидж қалыптастырды. Бұл CITES тараптарының шешіміне тікелей әсер етті. Дауыс беру қорытындысы бойынша 111 ел (94%) Қазақстан ұсынысын қолдады, 7 ел қарсы болды.

