El.kz

Енді ChatGPT-ден Қазақстан заңдары туралы сұрауға болады

05.08.2025 11:30

Жасанды интеллект заңгер бола ала ма? ChatGPT платформасына қосылған Qazaq Law атты жаңа чат-бот қазақстандықтарға заң саласынжа кеңес беруге арналған. Ол қолданушы сұрақтарына еліміздің заңнамасына сүйене отырып жауап береді, әрі ресми тілдегі күрделі нормаларды қарапайым әрі түсінікті түрде түсіндіре алады. Біз Qazaq Law жобасының авторы Мақсат Бекеспен сұхбаттасып, бастаманың қалай дүниеге келгенін, қоғам тарапынан қандай қызығушылыққа ие болғанын және алдағы бағыт-бағдарын туралы әңгімелестік.

El.kz: Мақсат мырза, сұхбатымыздың басында ең алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қандай жобалармен айналысасыз?

Мақсат Бекес: Мен өзімді технология саласындағы жүйе құрастырушы деп айтар едім. Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет пен халыққа пайдалы болатын жасанды интеллект платформаларын жасаумен айналысып келемін. Мақсатым - технологияны күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру және нақты проблемаларды шешу.

Мысалы, Agent Smith жобасы мемлекеттік өтініштерді сұрыптап, орындаушы органдарға жеткізетін AI‑жүйе. Ал Qazaq Law - азаматтарға қарапайым әрі қолжетімді құқықтық кеңес беретін құрал. Осы жобалардың барлығы адамдар мен мемлекеттік жүйе арасындағы байланысты жеңілдетуге бағытталған.

El.kz: Жақында ChatGPT ішінде екі тілде заң туралы кеңес беретін Qazaq Law атты ерекше жобаны байқадық. Бұл бастама қалай дүниеге келді? Жасанды интеллектке енгізу идеясы қалай жүзеге асты?

Мақсат Бекес: Qazaq Law идеясы қарапайым қажеттіліктен туды. Көпшіліктің көкейінде заңға қатысты сұрақ бар, бірақ адвокатқа жүгінуге мүмкіндік жоқ немесе қажетті ақпаратты табу қиын. Сондықтан біз OpenAI моделін қазақ және орыс тілдеріне бейімдеп, құқықтық базамен оқытып, нақты заңға сүйенетін кеңес бере алатын жүйе жасадық.

Енді ChatGPT-ден Қазақстан заңдары туралы сұрауға болады

El.kz: Жоба іске қосылғаннан бері қанша адам пайдаланды? Қандай сұрақтар жиі қойылады?

Мақсат Бекес: Әлеуметтік жоба бастапқыда пилоттық форматта іске қосылды. Толық статистика жүргізілмесе де, 10 000‑нан астам диалог өңделгенін білеміз. Ең жиі келетін сұрақтар - әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік, жер мәселелері және еңбек даулары. Азаматтарға заңды ресми тілмен емес, қарапайым әрі түсінікті түрде түсіндіру - аса маңызды. Адамға жақын, өмірге бейімделген тілмен берілген кеңес қоғам үшін әлдеқайда тиімді екені байқалды.

El.kz: Qazaq Law жобасын бастау кезінде қандай қиындықтар болды? Жобаны жүзеге асыру оңай болған жоқ шығар?

Мақсат Бекес: Жобаны жүзеге асыру жолында бірқатар күрделі мәселелерге тап болдық. Ең алдымен, қазақ тіліндегі сапалы және құрылымдалған заң деректерінің тапшылығы айқын байқалды. Сонымен қатар, заң мәтіндерінің жиі өзгеріске ұшырауы жүйеге тұрақты түрде жаңарту енгізуді қажет етті. Бұған қоса, техникалық шешімдер мен құқықтық талаптар арасындағы тепе-теңдікті сақтау – жобаның ең нәзік тұстарының бірі болды.

Алайда бұл кедергілерге қарамастан, біз барынша икемді және қарапайым жолды таңдадық. Жобаны минималды функционалға ие MVP (Minimum Viable Product) форматында бастап, нақты қажеттілікке қарай дамыттық. Бұл тәсіл бізге тез әрекет етуге, нақты мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік берді.

Айта кету керек, Qazaq Law – толығымен жеке бастамамен, жұмыс уақытынан тыс дайындалған жоба. Дегенмен, оны жүзеге асыруда мемлекет тарапынан қолдау болды: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жобаның алғашқы нұсқасының жарыққа шығуына ықпал етті. Бұл ынтымақтастық Qazaq Law-дың әлеуетін кеңейтіп, оны көпшілікке қолжетімді етуге жол ашты.

El.kz: Жобаның болашағына тоқталсақ. Қандай жаңалықтар күтеміз?

Мақсат Бекес: Qazaq Law жобасы – бастан-аяқ жеке бастамамен жасалған, ешқандай жұмыс уақытына тәуелді емес ерікті форматтағы еңбек. Бұл жобаға алғашқы кезеңде идея ретінде қарап, өз күшімізбен жүзеге асыра бастадық. Кейін бұл бастама қоғамда сұраныс тудырған соң, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ тарапынан қолдау көрсетіліп, нәтижесінде алғашқы нұсқасы іске қосылды.

Бүгінгі күні мен мемлекеттік қызметте емеспін, басқа бағыттағы жобалармен айналысып жатырмын. Бірақ бұл Qazaq Law-дың тоқтап қалуын білдірмейді. Керісінше, жоба ашық күйінде қала береді – жүйе үздіксіз жаңартылып, халыққа қолжетімді бола береді.

Бұл бастама Мемлекет басшысының жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмасымен де үндес келеді. Президенттің цифрлық жаңғыру мен жасанды интеллектке негізделген сервистерді дамытуға басымдық беруі – дәл осындай қоғамға пайдалы жобалардың тамыр жаюына зор мүмкіндік туғызып отыр. Qazaq Law – осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі ғана. Алда бұл саланы кеңейтіп, заң мен технологияның тоғысқан тұсында жаңа мүмкіндіктер ашуға болады. 

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!