itsfoss.com

Енді Bluetooth арқылы интернетсіз хат алмасуға болады

09.07.2025 18:32

Block компаниясының бас директоры әрі Twitter-дің негізін қалаушылардың бірі Джек Дорси Bitchat деп аталатын жаңа платформасын таныстырды. Ол Bluetooth mesh технологиясы арқылы жұмыс істейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Twitter-дің негізін қалаушылардың бірі әрі қазіргі Block компаниясының бас директоры Джек Дорси Bitchat деп аталатын жаңа бір орталыққа бағынбайтын (орталықсыздандырылған) хабар алмасу платформасын таныстырды.

Bitchat — интернетке мүлде тәуелді емес, Bluetooth арқылы жұмыс істейтін ерекше жүйе. Ол жақын маңдағы құрылғыларды өзара байланыстырып, хабарламаларды шифрланған күйде жеткізеді.

Дорсидің зерттеуі мен қосымшаның ерекшелігі

Дорси әлеуметтік желі X-тегі парақшасында соңғы бірнеше күнін «Bluetooth mesh желілері, реле-тораптар, сақтау және жеткізу модельдері, хабарламаларды шифрлау тәсілдері және тағы басқа мәселелерді зерттеуге» арнағанын айтып, осы бағытта қосымшаның бета-нұсқасын жасап жатқанын хабарлады.

Жаңа қосымша Bluetooth Low Energy (BLE) технологиясы негізінде жұмыс істейді. Бұл интернетке қосылмай-ақ шифрланған байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Ресми құжатта бұл платформа «интернет инфрақұрылымына тәуелсіз, уақытша әрі шифрланған коммуникацияны қамтамасыз ететіні, сондықтан желі ақауларына және цензураға төзімді екені» жазылған.

Аккаунтсыз, серверсіз және қауіпсіз байланыс

Bitchat — толықтай бір орталыққа бағынбайтын жүйе.

  • Оны пайдалану үшін аккаунт ашудың, телефон нөмірін көрсетудің немесе орталық серверге тіркелудің қажеті жоқ.

  • Хабарламалар тек құрылғы жадысында уақытша сақталады және сквозное шифрлау арқылы қорғалады, сондықтан бөгде адам оқи алмайды.

Жүйе хэштегтер мен қажет болғанда парольдер арқылы чат жүргізуге мүмкіндік береді. Әр құрылғы бір уақытта әрі хабар таратушы, әрі реле қызметін атқарып, Bluetooth арқылы шамамен 30 метр радиуста хабарламаларды пайдаланушылар арасында «секіртіп» жеткізеді.

Қай жерде пайдалы?

Дорсидің айтуынша, «Bitchat — адамдар қай жерде жиналса да, интернетке тәуелсіз тұрақты байланысты қамтамасыз ететін жүйе».

Бұл әсіресе интернет әлсіз немесе мүлде жоқ аймақтарда — мысалы, табиғи апат орындарында, митингілерде, конференцияларда және алыс сапарларда таптырмас шешім болмақ.

Дорсидің бұрынғы жобасы — Bluesky

Айта кетейік, Джек Дорси бұған дейін де орталыққа бағынбайтын әлеуметтік желі жасаумен айналысқан. Ол 2019 жылы Bluesky жобасының негізін қалаған болатын. Бірақ 2024 жылдың мамыр айында күтпеген жерден оның директорлар кеңесінен шығып кетті.