©Pixabay.com

Енді бақсы-балгерлерге баратындарға айыппұл салынады

Тәжікстан үкіметі көріпкелдерге, бақсылар мен балгерлерге жүгінетін азаматтарды айыппұлмен жазалауды ұсынды. Бұл туралы ASIA-Plus-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Жобаға сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482-бабына «бақсының, балгердің немесе көріпкелдің қызметін пайдалану» туралы жаңа тармақ енгізілмек. Айыппұл көлемі 5-тен 10 есептік көрсеткішке дейін белгіленбек – бұл 375-тен 750 сомони аралығында (шамамен 21 926 – 43 853 теңге).

Елде балгерлермен күрес былтырдан бері күшейтілген. ІІМ мәліметінше, балгерлерге барған азаматтарды полицияға шақырып, олардың деректерін арнайы базаға тіркеу қолға алынған. Ведомство мұндай шаралар арқылы бақсы-балгерлерді табыссыз қалдырып, қызметін тоқтатуды көздейтінін алға тартқан.

2024 жылы балгерлікпен және дуалаумен айналысқандарға тағайындалатын жаза қатаңдатылды: айыппұл көлемі 80-100 есептік көрсеткішке (6000-7500 сомони немесе 350 820 – 438 525 теңге) дейін өсіп, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қосылды. Кейін Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілді: әкімшілік жазаға тартылған адам балгерлікпен қайта айналысса, 2000 есептік көрсеткішке дейін айыппұл (150 000 сомони немесе шамамен 8 770 500 теңге) төлейді не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Тәжікстан ІІМ дерегінше, биылғы жылдың алғашқы алты айында елде 495 балгерлік пен дуалау фактісі тіркелген.

 Ал Қазақстанда балгерлердің табысы 75 есе өскен. Бұған дейін бақсы-балгерге сенудің қаупі туралы жазғанбыз.