report

Енді анонимді телеграм арналардың артында кім тұрғаны бірден анықталады

Қазақстанда анонимді онлайн қауымдастықтардың шынайы иелері мен әкімшілерін анықтауға бағытталған жаңа бастама талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мәдениет және ақпарат министрлігі көпшілікке «Аудиториясы 5 000-нан асатын интернет-платформалардың жасырын пайдаланушыларын есепке алу қағидалары» туралы бұйрық жобасын ұсынды.

Бұл құжатта Telegram арналар, әлеуметтік желілердегі пабликтер мен өзге де контент тарату алаңдарында үлкен аудитория жинаған, бірақ жеке басын жасырып отырған тұлғаларды тіркеу тетігі қарастырылған. Тізілім екі тілде, қазақша және орысша электронды форматта жүргізілмек.

Министрліктің түсіндіруінше, мұндай қағида енгізудің негізгі мақсаты - цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті күшейту, жалған ақпараттың таралуына тосқауыл қою және көпшілікке ықпал ететін аноним аккаунттардың ашықтығын арттыру. Соңғы жылдары анонимді арналар арқылы фейк жаңалықтар, манипуляциялық контент пен саяси сипаттағы ықпал ету әрекеттері көбейгені жиі айтылып келеді. Сол себепті мемлекет онлайн ортадағы жауапкершілік пен транспаренттілікті күшейтуге ұмтылып отыр.

Жобада көрсетілгендей, осы өзгерістер заң жүзінде қабылданғаннан кейін нақты нәтижелер 1-3 жылдың ішінде байқалады деп күтіледі. Бұл аралықта тізілімді қалыптастыру, техникалық инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ интернет-платформалармен өзара әрекет ету механизмдерін реттеу жоспарланған.

Бұған дейін, анонимді онлайн-алаяқтардан қалай қорғануға болатынын хабарлаған едік.