Жаңалықтар

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде шамамен 5,8 млн еңбек шарты тіркелген

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде шамамен 5,8 млн еңбек шарты тіркелген
Фото: ©El.kz 31.07.2024 10:32 535

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде  шамамен 5,8 млн еңбек шарты тіркелген. Оның ішінде 1,9 млн-ға жуығы 2024 жылы тіркелді, оның 5 мыңнан астамы HR Enbek порталында электрондық форматта жасалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, осы жылдың басынан бері HR Enbek порталының функционалдығы едәуір кеңейді – жұмыс берушілер үшін де, жұмыскерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер пайда болды.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 жылдан астам еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындауға өтініш бере отырып, еңбек шартын бұзу және жеңіл жұмысқа ауыстыру функционалы іске қосылды.

Бүгінгі күнде HR Enbek порталында осы бағыт бойынша мүмкіндіктер арта түсті. Мәселен, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін, АӘТ алуға ниет білдірген жұмыскер HR Enbek порталындағы жеке кабинетінде немесе Enbek HR мобильді қосымшасында тиісті төлемнің алдын ала есептеулерін жүргізе алады.

Өз кезегінде, жұмыс беруші АӘТ тағайындауға жіберілген сұрау салулар бойынша деректерді, олардың мәртебесін көре алады, зиянды жағдайларда жұмыс істейтіндермен еңбек шартын бұзуды немесе жұмыскерлерді төлем тағайындау үшін жеңіл жұмысқа ауыстыру туралы қосымша келісімді тіркей алады. Жеке кабинетте жұмыс берушілерге өзінің жұмыскерлері үшін жүзеге асыратын АӘТ бойынша төлемдер күнтізбесі қолжетімді.

Сондай-ақ, HR Enbek-те «Еңбек жағдайлары» анықтамалығы кеңейтілді. Енді жұмыс беруші өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне, сондай-ақ жұмыс орнын аттестаттау туралы ақпаратқа сәйкес жұмыскерлермен еңбек шарттарын тіркей алады/толықтыра алады.

2024 жылғы 7 маусымнан бастап жұмыс берушілер таяу шетелден келген еңбекші көшіп келушімен электрондық форматта еңбек шартын жасасу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай шарт классикалық ресімдеу форматымен қатар заңды күшіне ие болады.

Бұдан басқа, биыл наурыз айында HR Enbek порталында «Жұмыскерлер портреті» функционалы қолжетімді болды, оның шеңберінде жұмыс беруші өз кәсіпорнының жұмыскерлері: жұмыскерлердің саны, жынысы, мәртебесі (зиянды жағдайларда жұмыспен қамтылғандар, зейнеткерлер, көпбалалы, АӘК алушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар адамдардың қамқоршылары, созылмалы аурулардың болуы), жұмыскерлердің әл-ауқат деңгейі (табыс деңгейі, жұмыскерлердің отбасыларындағы өмірлік жағдай) бойынша пайдалы статистикалық ақпаратпен ыңғайлы форматта таныса алады. Сондай-ақ, жұмыскерлердің келісімімен жұмыс беруші өмірлік қиын жағдайға тап болған жұмыскерлердің тізімін оларға көмек немесе материалдық қолдау көрсету үшін сұрай алады.

Жұмыс берушілерге ыңғайлы болу үшін құрылған тағы бір функционал – «Штат кестесі». Осы модуль шеңберінде жалақыны, үстемеақылар мен қосымша ақыларды көрсете отырып, құрылымды, штат құрамын және жұмыскерлер санын жүргізуге болады. Функционал атқаратын лауазымдары мен бос жұмыс орындарын, сондай-ақ қалыпты және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын есепке алу үшін пайдаланылады. Келешекте кәсіптік тәуекелдерді бағалау және қолжетімділікті әкімшілендіру бойынша мәліметтерді қосу бөлігінде функционалды кеңейту жоспарлануда.

Бұдан басқа, портал арқылы салалық, жергілікті және бастауыш кәсіптік одақты, оның ішінде жұмыскердің кәсіподаққа кіруін тіркеуге мүмкіндік беретін функционал енгізілді. Алдағы уақытта функционал ұжымдық шарт жасасу бөлігінде де жетілдірілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға