Жаңалықтар

Еңбек өтілі 30 жылдан асқан педагогтар біліктілік тестілеуден босатылды

Зейнет жасына шығуға төрт жылдан аспайтын уақыт қалған мұғалімдер аттестациядан босатылды
Еңбек өтілі 30 жылдан асқан педагогтар біліктілік тестілеуден босатылды
Фото: gov.kz 02.01.2023 21:50 5338

30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер Ұлттық біліктілік тестілеуін (ҰБТ) тапсырудан босатылып, тек қызмет нәтижелерінің жан-жақты аналитикалық қорытындысын, яғни портфолионы ғана тапсырады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Сондай-ақ ескі жүйе бойынша «бірінші», «жоғары» санаттары бар мұғалімдер жұмыс нәтижелерін жан-жақты қорытындылау арқылы «педагог-модератор» біліктілік санатына ауысса, онда ҰБТ-дан босатылады.

Сонымен қатар зейнет жасына шығуға төрт жылдан аспайтын уақыт қалған мұғалімдер аттестациядан босатылады.

Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің аттестациядан өту ережесіне өзгерістер енгізді. Бұл ретте педагогтердің ұсыныстары мен тілектері ескерілді. Мысалы, бұрын еңбек өтіліне және тәжірибесіне қарамастан барлық мұғалім ҰБТ тапсырса, енді жекелеген санаттар ҰБТ-дан босатылады. Бұл үлкен, 30 жыл педагогикалық өтілі бар, зейнетке шығуға 4 жыл қалған мұғалімдерге де қатысты. Аттестация мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау мақсатында өткізілетінін, оның нәтижелері бойынша оларға біліктілік санаттары тағайындалатынын немесе бекітілгенін және жалақының 30-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы төленетінін атап өтемін, - деді Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Каримова.

Аттестациядан өту кезеңдері де қайта қаралды. Бірінші кезеңде мұғалімдер білім беруді ұйымдастыру барысында біліктілік бағалаудан өтеді. Одан кейін өз қызметінің нәтижелерінің жан-жақты аналитикалық қорытындысын тапсырады, яғни олар портфолиосын сараптамаға ұсынады. Келесі кезең – Ұлттық біліктілік тесті. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға