Еңбек нарығы мен кадр даярлау тиімділігін талдау онлайн режимінде жүргізіледі
Кадрларды даярлауды тиімді жоспарлау, сондай-ақ жұмыспен қамту саласындағы ахуалды талдау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жобалардың Инновациялық навигаторын әзірледі. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство басшысының сөзінше, бүгінде платформада 755 инвестициялық жоба қамтылып, 150 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Еңбекақы төлеу қорының мөлшері, жалақыны уақтылы төлеу, әлеуметтік аударымдар, жұмыс орындарының саны сияқты көрсеткіштер негізінде іске асырылып жатқан жобалардың тиімділігін бағалауды жүзеге асыруға болады.
Талдау әртүрлі аймақтардағы еңбек нарығының қажеттіліктері мен колледж студенттері (ТжКБ) түлектерінің арасындағы үлкен алшақтықты көрсетті. Ең үлкен айырмашылық құрылыс саласында және өнеркәсіпте байқалады. Сонымен қатар кадр тапшылығы өңірлер бойынша біркелкі емес екені анықталды.
Сондай-ақ жобалардың инновациялық навигаторын қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау аяқталды. Олардан деректер түскеннен кейін кадрларды даярлауды мемлекеттік бюджет есебінен іске асырылатын жобалармен үндестіру мүмкіндігі пайда болады, - деді ол.
Сонымен қатар ол экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету шеңберінде жұмысшы мамандықтар бойынша 1,6 мың кәсіби стандарт жаңартылғанын тілге тиек етті.
Дайындық сапасын қамтамасыз ету үшін жұмысшы мамандықтар бойынша 1,6 мың кәсіптік стандарт жаңартылды. Олардың негізінде білім беру бағдарламаларының 87%-ы жаңартылды. Бұған қоса ЕО елдерінің стандартын қолдана отырып, 12 мыңнан астам дағдыны қамтитын Электрондық дағдылар банкі құрылды. Биыл тағы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылатын болады.
Бүгінгі таңда барлық жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысынан астамының (52%) кәсіптік немесе техникалық білімі бар екенін атап өту маңызды. Бұл 2,3 млн-ға жуық адам, олар 2 мыңнан астам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мұндай мамандарға деген сұраныстың жоғары екендігін бос жұмыс орындарының көптігі растайды – былтыр ол 270 мыңнан астам орынды құрады, - деп қосты.