Қазақстандағы танымал тұлпарлар

...немесе ат спортындағы түйткілдер

Әлемде иесінің «атын оздырып», тарихта қалған талай тұлпар бар. Олар жайында сансыз зерттеулер, есепсіз еңбектер жазылды. Жыр-дастандарға арқау болғандары да жетерлік. Керек десеңіз, киноның да сан мыңдаған түрі түсірілді. Бұл ретте, Александр Македонскийдің Буцефалы, ең қатыгез билеуші саналған Калигулланың Инцитатын айтуға болады. Дон Кихоттың Роситанты да жарты әлемді аузына қаратқан тұлпарлар қатарында. Иә, тізе берсең бұл тізімді тауысып біту мүмкін емес. Ал бізде, қазақ топырағында қандай танымал тұлпарлар бар? «El.kz» интернет жобасы еліміздегі жүйрік жылқылар жайында тың деректер ұсынады. Ендеше, ат спортындағы жұлдыздармен таныса отырыңыз.

Жылқының хайуантектес болғаны рас па?

Жер бетінде ең сұлу саналатын жануар 65 миллион жылдан бері өмір сүріп келе жатыр екен. Олардың арғы тегі хайуантектес болған-ды. Ғалымдардың пікірінше, жылқы жаратылысынан ұзын әрі сымбатты жануар болмаған. Нақтыласақ, арқа тұсы дөңестеу, ұзын құйрықты әрі денесі итке ұқсас болған деседі. Ғылымда мұндай жаратылыс иесін эохипус яки хирокетрия деп атайды. Алдыңғы тұяғында төрт саусағы, ал артқы аяқтарында үш саусағы болған. Өзі жас ағаштардың жапырағы мен бұталармен қоректенген екен. Осыдан тұп-тура 25 миллион жыл бұрын климат ауысып, нулы ормандар, миялы алқаптар, қысқасы планетаны құрғақшылық басқан уақытта жылқы гені өзгеріп сала береді. Жануар алдымен қазіргі пониге, кейіннен барып басы мен тісі жылқыға ұқсай бастайды. Қызығы сол, хайуанның жұмсақ айыр аяқтары қаттырақ болып, орнынан секіре алатын, жылдам жүретін жағдайға жетеді. Десе де, бұл жылқы бүгінгідей сұлу жануарға бірден айналды деген сөз емес. Араға 13 миллион жыл салып киіктей кейіпке, аяқтары үш айырлы, тез жүгіре алатын гиппарион атты жаңаша тұрқыға айналады. Қысқасы, қасиетті жануар біртіндеп қазіргі болмысына ене бастайды. Құй сен, құй сен бе бүгінгі ғылым осылай топшылайды. Ол ол ма? Қатталған тарих беттері жылқы малын алғаш қолға үйреткен қазақтар деген тұжырымды дәлелдейді.

Фотода: Қайрат Исхан.

- Соңғы 10 жылдың бедерінде зерттеушілер жылқы Еуропа елінде қолға үйретілген деп санайтын. Бірақ Ботай тұрағы толық зерттелгеннен соң сәйгүлікті біздің арғы тегіміз, қазақтар Солтүстік Қазақстанда қолға үйреткені айтылады. Ботайлықтар оны қолға үйретіп, кейін оның қымызын сауып, ашытуды да білген. Бұған тарихи орыннан табылған қыш ыдыстардағы майлы қышқылдар айғақ болса, ал оның бие сүті екені зерттеудің дәлдігінен хабар береді. Оның үстіне, американдық археолог Дэвид Энтони өзінің «Жылқы, дөңгелек және тілдер» атты туындысында елімізде жылқы бағу біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жыл деп жазады. Демек, қасиетті жануар жоқ дегенде 4500 жылдан бері адамның сенімді серігіне айналды деу қисынды. Ал ғалымдар Ботай тұрағын 6 мың жыл бұрын құрылды деген пікірде. Енді қараңыз, мыңжылдықтармен есептесек, шетелдік археолог пен қазақстандық ғалымдардың пікірі бір жерден шығып тұр. Бір қарағанда, жылқы өндіріс өнімділігін арттыруға, адамның күші мен мүмкіндігі жетпейтін көп дүние жасай алатындығымен ерекшеленеді. Алайда ботайлықтар бастаған идея күллі әлемге мәдени революция әкелді. Жалпы, жылқы түлігі ел арасында едел-жедел хат тасып, ақпарат алмасуды жеделдеткенімен де құнды, - деді жылқытанушы, ғалым Қайрат Исхан.

Қазақ жылқысы неге азайды?

Байлығын қорасындағы малымен есептеген қазақ өткен ғасырда қасиетті жылқы санын азайтып алды. Сол тұста 4 млн 500 мыңнан асып жығылған жылқыға төнген нәубеттің салдарынан қазақтың қорасында санаулы малы қалды. Дәлірек айтсақ, ол уақытта 450 мың бас жылқы көңілге медеу болды. Бұның негізі себебі алдымен ашаршылық болса, екіншісі кеңестік кертартпа саясатың салқыны болатын. Үкіметтің азық-түлік бағытындағы бағдарламасын дамыту бойынша киелі жануардың мойнына колхоздың арбасы жегілді. Ол ол ма? Жылқыларға жер жыртқызу кең етек алған кезде Дон тұқымдасынан айғыр салу көбейіп, соның салдарынан қазақы жылқының тұқымы азая бастады. Тек өткен ғасырдың белуарында өндіріске түрлі техника келіп, жылқылардың жұмысы жеңілдейді. Десе де, кейінгі жылдары жылқы төлінің қатары көбейіп, қазіргі ресми мәлімет бойынша, 2 млн-ға шамалайды екен. Әрине, бұл соншалық жоғары көрсеткіш емес. Алайда көршілес мемлекеттердің бірде-бірінде мұнша көп жылқы жоқ. Әлем бойынша да Қазақстан Мексика мен Қытайдан кейінгі орында. Сондай-ақ, бірқатар зауыттардың ұзақ жылғы жұмысының нәтижесінде Көшім, Қостанай, Мұғалжар сынды тұлпарлар шығарыла бастаған.

- Қазақстанда 2 млн жылқының 80 пайызы жайылымдық жерлерде өсіріледі. Солардың тек 9 пайызы ғана асылтұқымды деуге болады. Неге? Себебі, бұл саланы білетін мамандар өте аз. Сонымен қатар, жылқы малын ет бағытында да көбейтуге малшылардың құлқы жоқ. Себебі, жылқы төліне қатысты субсидия бөліне бермейді. Жылқы малын көбейту үшін аудандардар мен аудан орталықтарында асылтұқымды жылқы асырайтын орталықтар ашу керек. Міне, осындай жағдайларды реттей алсақ жылқылар көбейе түседі деп санаймын.

Жалпы, Көшім, Мұғалжар, қазақы жабы суыққа төзімділігімен ерекшеленеді. Алты ай қыста тебінге түсіп, қорада өсірілмейді. Сол себепті оларға шығын аз кетеді. Тіпті, қазақ жылқылары 60 градус суыққа да төзімді келеді, дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Амин Акимбеков.

Жайылымда өскен жылқының бойында холестерин болмайтыны баршаға аян. Бұр орайда, жылқы сүтінің денсаулыққа тигізер орасан пайдасы туралы айтудың өзі артық. Дегенмен, оның еті күш берсе, сүті көптеген аурудың бетін қайтаруға қауқарлы екенін айтып өткен жөн. Мәселен, бір жылда әлемде 2 млн адам туберкулезбен ауырса, ал елімізде аталған дерттен айықпай, ажал құшатындары 2800 адамды құрайды. Бір қызығы, аталмыш сырқаттың емі қымыз көрінеді. Мұны қазақ қана емес, әлем елдері де мойындап отыр. Осындайда қазақтан асқан ғұлама халық жоқ деген ойға қаласың. Рас. Халқымыздың жылқыға ерекше қамқорлық танытып, пір тұтуының бір себебі де осы шығар, бәлкім?! Ал бар тұрмысын, тіпті салт-дәстүрін жылқымен байланыстыруының өзіндік себептері де жетерлік. Сонымен, осы жерден тізгінді тартып, қазақ атын әйгілеп жүрген талантты тұлпарларға ойыссақ.  

Әлемге әйгілі сәйгүліктер

Қазақты әлемге паш еткен сәйгүліктерді айтқанда Абсентті айтпай кету мүмкін емес. Ғасырлық тарихы бар Алматыдағы ипподромда жаттыққан бұл жүйрік тарихта ойып тұрып орын алады. Ат спортында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, Олимпиаданың жеңімпазы болған ақалтеке айғыры 1952 жылы Жамбыл облысына қарасты Лугов зауытында туады. Ол Араб  атты айғырдың тұқымы болатын. Қаншама жарыста жүйріктерді шаңына ілестірмеген Арабтың арғы тегі танымал Байноу жылқысы еді. Кейбір мәліметтерде оның 4300 шақырымды 84 күнде шауып өткені айтылады.

Осыдан-ақ, Абсенттің түпкі тегінің асылтұқымды дарабоздар екенін білу қиын емес. Құлын кезінен өзінің жүйріктігімен көзге түскен Абсент 2 жасқа толғанда Алматы қаласындағы республикалық ат-спорттық мектебіне жеткізіліп, танымал жаттықтырушы Кәрім Әсеновке табысталады. «Ә» дегеннен ол әсем жүрістен ССРО спортакиадасында үздік төрттікті түйіндесе, кейін Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінде оқ бойы озық шығады. Пияффе мен пассаж элементтері оның ең тартымды тұсы болған. Міне, осы шарадан кейін атақты бапкер Сергей Филатов оны Мәскеуде алып қалады. Оның жұлдызды шағы осы уақыттан басталды деуге болады. Себебі, араға аз уақыт салып Германиядағы Аахен шаһарында Еуропа чемпионы ретінде танылады. Желдей жүйткіп алтынды еншілеген ол, Швейцарияда ұйымдастырылған Олимпиадада екінші орын алады. Бұдан кейін де ол талай бәйгеде топ жарып, әлемге танымал тұлпарлар тізіміне енеді. Араға 15 жыл салып Луговой зауытына қайта оралған ол 1975 жылға шейін ақалтеке тұқымының негізгі жалғасы ретінде пайдаланылады. Қазіргі есеп бойынша оның 68 ұрпағы бар. Бірқатары ат спортында бақ сынап жүрсе, кейбірі цирк өнерінде көпшілік көзайымына ие болып жүр.

Қазақтың маңдайына біткен Елік жирен де көпшілік көңілінен кетпейді. Әсіресе, Шығыс Қазақстанның Ақсуат ауданының халқы бүгінге дейін сәйгүлікті ауыздарынан тастамай, бүгінге дейін онымен мақтанады. Ел жадынан өшпеген тұлпар Ұлы Отан соғысынан кейін еңсесі түскен халықтың көз қуанышына айналып, алақандай ауданның атын шығарды. 1950-1960 жылдар аралығында оның бағы жанып, даңқ алты қырдан асты. Елік жирен Қазан төңкерісінің 31 жылдығына орай бес жасында аламанға қосылып, бас бәйгені қанжығаға байлады. Осыдан бастап тұлпар дүбірлі додалардың бірде-бірінен олжасыз қайтқан емес. Бапкері айтыскер ақын Қуанышбай Сатпақұлы жүйрікті 11 жыл баптаса, тиісінше тұлпар да облыстық, республикалық байқауларда 11 рет бас бәйгені алған.

Фотода: Желдей есетін "Самал" атты арғымақ.

Ал беріде 2015-2017 жылдары 51 км қашықтықты екі дүркін бағындырған Қордайдан шыққан Самал атты жылқы да талантымен таңдай қақтырды. Арғы тегі таза қанды ағылшын жылқысы Қозыкүрең айғырдың баласы. Ал оның аналығы жоғарыда айтып өткен Абсенттің қызы болып келеді. Оның ең үлкен жетістіктерінің бірі «Алтын тұлпар» бәйгесі болды. Қазақ даласынан шыққан тағы бір тұлпар Тарпанды да айта кету керек. Ол 2010 жылы қазақ жерінде тұңғыш рет өткен 130 шақырымдық бәйгені 6 сағат 36 секундта басып өтіп, тәнті еткен. Бұл ретте, ұлтымыздың төл тума жылқысы 140 км қашықтықты 8 сағатта бағындырған Қыз-Жиренді де айтып өту керек. Ол нағыз қазақтың қазанаты бола білді. Бұндай бәйгелер жылқының жүйрік екендігінен ғана емес, төзімді, күш қайратының мол екенін көрсетеді.

- Қазақ «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп өскен ұлт. Сондықтан болар, жылқы, ат спорты десе ішкен асын жерге қойып, делебесі қозып отыратыны. Ат баптаудың да тың әдіс-тәсілін ойлап тауып, жылқысымен бар тағдырын байланыстырып жүрген халық та қазақ. Біздің жылқылар ең алдымен шыдамдылығымен ерекшеленеді. Баптай алсаң, жылқының артықшылығы мен кемшілігін ерте бастан сезе алсаң сол ретпен әрекет жасап, кемшін тұсын түзеуге, сол бойынша жаттықтыруға тырыссаң тұлпардың топ жаратыны белгілі, - дейді танымал атбегі Жомарт Сайболатов.

Ат спортындағы қателік

Ал жылқытанушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Амин Акимбековтың сөзінше, қазақтың ат спортындағы басты қателігі жылқының тұқымына мән бермеу дейді.

- Біздер ат спортында жарыстарды олардың тұқымына қарай бөлуді ойламай отырмыз. Себебі, әрбір жылқының тұқымына қарай өз ерекшелігі болады. Мысалы, ағылшын мен араб жылқыларымен бірге қазақ жылқысын бірге жарыстырады. Бұл орынсыз. Өйткені, қазақ жылқысы жарысқа емес, көкпар сияқты спорт түріне жаралған. Сондықтан қазақ жылқысын өз алдына, ағылшын мен араб жылқысын бөлек-бөлек бәйгеге қосқан дұрыс. Міне, сонда қай тұлпардың мықты екенін білу оңай,- дейді ол.

Жылқының асылтұқымды екенін қалай анықтайды?

Сәйгүлік санының жоғарылағанын айттық. Ал олардың қаншасы асылтұқымды? Деректерге сүйенсек, бұл тұста кібіртіктеп қалатынымыз анық. Десе де, дамыған елдерде тұқымы асыл тұлпарлар 50 пайызды шамалау керек деген меже бар. Ал біздің елде олар 5-6 пайызды құрайды. Бұл қазақтың жылқының тұрқына қарап асыл тұқымды дей салатынында көрінеді. Бұл жайында БАҚ беттерінде дабыл қағып, мәселе көтеріп жүрген жылқытанушы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қайрат Исхан былай дейді:

- Қазақшылыққа салып бұл құлын көк айғырдың баласы немесе мына айғырдан туған деп айта саламыз. Одан соң барлық жылқыны асылтұқымды дейміз. Бұл дұрыс емес. Мұны зерттейтін Чехияда арнайы орталық бар. Бағасы 500 доллар көлемінде. Яғни, құлын толық зерттеліп, аналығы мен аталығының жалы алынып, ДНК сараптамасы жасалып, соның нәтижесіне сәйкес сәйгүлікке төлқұжат беріледі. Міне, осыдан кейін асылтұқымды деп атаған жөн, - дейді.

Қазақ «Жүйріктің бабы жылында» дегенді бекер айтпаған. Бұл тәмсілдің мәні жүйрікті жарату шілденің 40 күнінде қорада байлап бағумен емес, жылдың барлық мезігілінде жіті қадағалауды қажет ететіндігінен хабар береді. Бұл біздің атбегілер мен жылқы баптаушылардың қаперінде деген сенім бар. Себебі, жылқының жыл сайынғы өсімі мен қазіргі қылқұйрықтардың дүбірлі додада топ жаруы соның айғағы.

Суреттер Қайрат Исханның жеке архивінен алынды.

#тұлпар #аттар #Қазақстандағы танымал тұлпар

Similar materials