Жаз мезгілінде көп кездесетін жарақаттар мен аурулардан қорғану

Көптен күткен мезгілді ойдағыдай өткізгіңіз келсе...

Жаймашуақ жаз мезгілі көпшіліктің көңілін жайландырып, жылулыққа бөлейтін мезгіл. Алайда, ол әрқашан біз ойлағанымыздай жайлылық сыйлай бермеуі мүмкін.  Түрлі жарақаттар мен аурулар мазаңызды алып, көптен күткен мезгілдің шырқын бұзбасын десеңіз, біз ұсынғалы отырған ақыл-кеңеске көз жүгіртіп шыққаныңыз абзал.

Сонымен, отандық дәрігерлер жаз мезгілінде адамдар қандай жарақаттар мен ауруларға көп шағым жасайтынын айтып берді.

Күнге артық қыздырыну, ағзаның сусыздануы, ыстық өту

Адамдар ауа температурасының күрт көтеріліп, ыстық өтуінен, ағзаның құрғауынан және шамадан тыс қыздырынудан зардап шегіп жатады.

Таңшолпан Қуатбекова, дәрігер-терапевт:

– Күн көзінде көбірек жүріп қалған адам үшін ең қауіптісі ­– ыстық өту. Ол әсіресе, кішкентай балалар мен егде жастағыларды өз құрығына түсіреді. Ыстық өткен адамда жүрек-қан тамыр аурулары кездесетін болса, жүрек соғысы тоқтап қалуы ғажап емес. Сол үшін барынша бұл аталған қауіп-қатерден сақтанған абзал. Ыстық өтудің басты белгілері мыналар: терінің қызаруы, дене температурасының көтерілуі, бұлшық еттің ауруы, жүрек соғысының жиілеуі, көңілдің айынуы, лоқсу, ісіну (тіпті дем алудың қиындап кетуі мүмкін), бас айналуы, естің жоғалуы. Осы секілді симптомдарды байқаған болсаңыз (әсіресе, қауіп-қатер тобындағы жандар), дереу медициналық көмекке жүгініңіз.

Ыстық күнде көбірек су ішіп, далада 14:00 мен 16:00 сағат аралығында көп жүрмеу керек. Егер бірнеше сағат сыртта жүруге тура келсе, міндетті түрде түрлі-түсті бас киім киіп алған дұрыс.

Шомылу маусымына байланысты қауіп-қатерлер

Күн ыстық болған сайын адамдар суға түсуге құмартатыны белгілі. Өкінішке қарай, бұл демалыстың арты көптеген жарақаттармен аяқталып жатады. Суға секіру, қайық пен мотоциклдердің үстіндегі оқыс жағдайлар адам денсаулығына аса қауіп төндіруі мүмкін. Тіпті, кейде қараусыз қалған балалар суға кетіп, қайғылы оқиғалардың да саны күрт өседі.

Өкінішке қарай, адамдар ескерту белгілеріне назар аудармай, су жиналатын жерлерге шомылып, өз өмірлеріне бей-жай қарайды.

Жыл басынан бері елімізде 76 адам суға кеткен. Бұл – шомылу маусымы басталмай тұрғандағы көрсеткіш. ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер солардың 40-ы балалар екенін айтты. Қазақстанда бұған дейін суға кеткендер жайындағы дерек шомылу маусымы кезінде ғана жиналатын еді. Енді, қаңтардан желтоқсан айына дейінгі барлық суға қатысты оқыс оқиғалар бір мәлімет қорына келіп түспек. 

Су тереңдігін есепке алмау, астында қандай заттың жатқанын білмеу адамдардың түрлі жарақат алуына себепкер болады. Әртүрлі деңгейдегі ашық кесік жарақаттардан бастап, мойын омыртқаларына дейін сынып жатады.

Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінде шомылу кезінде суға батқандардың көбі алкогольді сусын пайдаланғаны көрсетіледі. Сондықтан өте қарапайым мына бір қағиданы есте сақтаған жөн: аяғыңнан жерде тұру мүмкін болмаса, суға түсіп әуре болма!

Егер адам суға батып кетсе, оны тек алты минуттың ішінде құтқарып қалуға болады. Сол үшін шомылу алдында, ескертпелер қойылған жерге барарда, балаларды суға жіберерде жақсылап ойланып алыңыз.

Айтпақшы, балалардың суға  кету оқиғасы ересектер көп жүретін жерлерде жиі кездеседі екен. Ата-аналар адамдардың көп шомылып жатқан тұсынан қауіптің қалай жеткенін аңғармай да қалады. Расында үлкендер бір-бірімен әңгіме дүкен құрып, қызықты оқиғаларды талқылап жатқанда, кішкентайларының су ішіндегі халін қайдан білсін? Статистикада балалар бассейндерде, өзен-көлдердің жағасында, терең емес жерлерде ажал құшатыны айтылған. Оған дәлел – бір жеті бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы сауда орталығындағы бассейінде 1-сынып оқушысының суға ағып кету оқиғасы.

Егер суда демалуды жоспарласаңыздар, балаларға қарап отыратын нақты бір кісіні белгілеп алған жөн. Болмаса жарты сағат сайын күзетшіні алмастырып тұруға болады. Бастысы – балалардың қауіпсіз демалуын қамтамасыз ету.

Терінің тітіркенуі мен жәндіктердің шағуы

Көздің жауын алар жасыл желектер бір жандардың аллергиясын қоздырып, мазасын алса, кейбірі адам денсаулығына аса зиянын тигізіп жатады. Жазда түрлі жәндіктердің шағуынан зардап шегетіндердің де саны біршама. Егер жәндіктің «тұзағына» түссеңіз, сол орынды бақылауда үстаңыз. Ісік пайда болып, ұзақ уақыт кетпей тұрып алса, дәрігер алдына барғаныңыз жөн.

Алып балдырған, дельфиниум, шалғын ботташығы, құндызшөп және сарғалдақтың өзі теріні тітіркендіріп, тіпті күйдіріп жіберуі ғажап емес. Дала өсімдіктеріне жақындамас бұрын, онда түрлі зиянды жәндіктердің кездесетінін естен шығармаңыз. Ең қауіптісі энцефалит тасымалдаушы, Лайм ауруы мен басқа да инфекциялар әкелуші кенеден сақ болыңыз! дейді инфекционист-дәрігер Райса Исмаилова.

Серуендеп келген соң, барлық киімдеріңіз бен денеңізді толық қарап шығыңыз. Егер кене жабысқанын байқасаңыз, бірден жұлып тастап, асығыстық танытудың қажеті жоқ. Жайлап алып, мүмкіндігінше зертханаға беруге сақтап қойыңыз. Ауруханаға барып, міндетті түрде қан анализін тапсыру керек. Ол ілгеріде атап кеткен аурулардан бөлек, эрлихиоз, анаплазмоз секілді дерттің бар-жоғын анықтауға көмектеседі.

Күйік шалу мен түрлі жарақаттар

Жаз мезігілінде ауруханалар мен жарақат бөлімдеріне далада от жағушылар (костершылар) мен шашлық пісірушілер көп келіп түседі. Сол сияқты үй пышағынан жарақат алғандарды да жиі ұшырастыруға болады. Табиғат аясында демалуға шығатындырдың көбі үйде ас дайындап жүрмегендер болса керек.

Бибінұр Пернебаева, Алматы қаласындағы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығының» ортопед-травматолог дәрігері:

Күйік шалған бөлімшеден шашлық пісіремін деп зардап шеккендерді көп кездестіруге болады. Олардың басым бөлігі қоспаларды пайдалану кезінде немесе бензин, керосин секілді ыстық материалдарды дұрыс қолданбауынан оттан «таяқ» жейді. Адамдар бөтелкені қатты басқанда қысымның кері қарай берілетінін, бір сәтте қолдарының сол сұйықтықпен бірге жанып кетуі мүмкін екенін білмей жатады. Сонымен қатар, қатты шөл қысып, түрлі химиялық сұйықтықтарды ішіп қойған балалар да жиі келеді.

Улану мен ішек жұмысының бұзылысы

Жұқпалы аурулар жаз мезгілінде өрши түседі. Ыстық пен ылғалдылық – бактериялардың кең таралуына жол ашып беруші.

Көптеген адамдар пикник кезінде дұрыс әзірленбеген немесе күн көзінде ұзақ қалып қойған тамақтарды қабылдап, аурухана төсегінен бір-ақ шығады. Инфекцияның тағы бір себебі – таза жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидектер.

«Астан уланбаудың, инфекциядан сақтанудың жолы оп-оңай», – дейді инфекционист-дәрігер Раиса Исмайлова. Ол үшін мына қағидаларды ұстанса болғаны:

- тамақтанбас бұрын қолды асықпай, тазалап жуыңыз;
- сода мен ашытқышы бар азық-түлікті пайдаланбауға тырысу керек, себебі, ашытқыш тағамдар микроағзалардың ең сүйікті орны болып табылады;
- үстел үстіне қоятын көкөніс пен жеміс-жидекті барынша тазалап жуу қажет;
- тамақтардың, әсіресе сүт өнімдерінің дұрыс сақталуын қадағалау керек.

Спорттық жарақаттар

Қыс бойы дене шынықтыру жаттығуларын жасамай, жазда көгалда доп қуып, бой сергітемін деушілер күтпеген жерден жарақат алуы мүмкін. Сіңірдің тартылуы, буынның таюы, түрлі сынықтар – жаз мезгілінде ең көп кездесетін жарақаттар қатарына жатқызылады.

Ортопед-травматолог Бибінұр Пернебаева:

– Жылдың кез келген уақытында спорттық жарақаттардың ішінде байланыстырушы аппараттардың және тізе буынының менискісінің созылулары мен жыртылулары жиі кездеседі. Бұл жарақаттарды науқастар футбол, волейбол, баскетбол секілді ойындар кезінде алып жатады.

Табиғат аясына серуендеуге шыққандар дұрыс спорттық аяқ киімсіз, буын фиксаторларысыз ойын қызығына кіріп кетіп, келеңсіздікке тап болуы – қалыпты жағдай. «Құм мен тастар аяқ жарақаттарының негізгі факторы», – дейді дәрігер:  

Жазғы мезгілге жатқызылатын жарақаттың бірі – мойын омыртқасының жарақаты. Өкінішке қарай, адреналин қуған сүңгуірлер өз достарының алдында мақтану үшін тереңдігін білмейтін орындарда суға күмп беруге құмартып жатады. Ал оның соңы өлімге, тірі қалған жағдайда сал ауруына әкеп соқтырады. Көптен күткен жазғы уақытыңызды гипс пен емхана қабырғасында өткізбейін десеңіз, дененің құрысын жазып, кішкене шынығып алу қажет. Жалпы, жылдың төрт мезгілінде де салаутты өмір салтын сақтануға кеңес беремін.

Күнге күю

Медициналық көмекке жүгінетіндей күнге күйіп қалу оқиғалары жиі кездеседі. Тері күлдіреп, жүрек айнып, бас айналып, ауырып, тоңып-дірілдеу секілді симптомдарды байқасаңыз, дәрігер шақыртыңыз. Сол сияқты түрлі мазьдармен, дене қысымын түсіретін дәрілерден екі күн бойы жағдайыңыз жақсармайтын болса, медициналық жәрдем қажет етіледі.

Күннен қорғайтын кремдерді пайдаланыңыз. Ультракүлгін сәулесі тек аз мөлшерде пайдалы, ал шамадан тыс қабылдау тері рагына шалдықтырады. Егер сіздің теріңіз ақшыл болса күннен қорғайтын кремнің қорғаныс индексі 20-дан кем болмауы қажет. Тері ақшыл, шашыңыз сары болса индекс көрсеткіші 30 болуы шарт. Ал қараторы жандарға 15 те жарай береді.

Есте сақтаңыз, күйік симптомдары бірден белгі бермейді, тек араға 12-20 сағат салып барып қана білінетін болады. Тері қызарып, бас ауырып, дене қысымы көтерілуі мүмкін. Бұл жағдайда өзіңізге көмек көрсету қажет:

Салқындату. Фурацилин немесе хлоргексидиннен компресс жасау.  Егер бұл аталғандар қолыңызда болмаса, жай суға, шайге, картофель согына дәкені батырып, байлап қою керек.

Ылғалдандыру. Салқындатылған теріні міндетті түрде ылғалдандырған дұрыс. Әйтпесе тері құрғап, одан бетер ауруы мүмкін. Дәріханада құрамында декспантенолы бар көптеген препараттар сатылады. Сол сияқты кефир, қаймақ, сүттің де тигізер пайдасы бар.

Ауырсынуды басу. Аспирин, парацетамол немесе ибупрофен көмекке келеді. Бұл аталған дәрілер дене қысымын түсіріп, ауырсынуды басады.

Бұл жоғарыдағы шаралардан нәтиже болмай, тері күлдіреп кетсе, дәрігерге жүгініңіз.

Сақтықта қорлық жоқ! Жылдам өте шығар мезгілде жайсыздықтан аулақ болып, жоспардағыдай өткізу әркімнің өз қолында.

(Суреттер ашық ғаламтордан алынды)

Осыған ұқсас қызықты материалдар:

Жаз мезгіліндегі тұмаудың қаупі

Денсаулық пен медицинаға қатысты 5 аңыз

Суда шомылудың 20 ережесі

Жазға арналған ыңғайлы 5 красссовка

Тамаққа күнде қосылатын 8 қауіпті қоспа

#медицина #жаз мезгілі #жарақаттар #ыстық өту #жәндік шағу

Similar materials