Үңгіртас - жер кіндігі ме?

Бұл шағын үңгір біреулерді тылсым күшімен баураса, енді біреулерді сұлулығымен тамсандырған

Алматы  облысының Жамбыл ауданына қарасты Үңгіртас ауылының маңында «Үңгіртас» деп аталатын қасиетті орын бар. Ол  Алматы шаһарынан Батысқа қарай 100 шақырым жерде орналасқан.  Соңғы 7 жылда бұл өлкені көру үшін алыс-жақын шетелден келетіндер көбейген. Бұған академик Вячеслав Бронниковтың ғылыми зерттеуі де түрткі болғанға ұқсайды. Вячеслав Михаилович - Кеңес Одағы бойынша биоэнергетиканың негізін салушы ғалым. Арнайы құрылғылар арқылы тексеру барысында осы аймақтан жоғары энергеткалық қуат көзі анықталған. Өзге ғалымдар тобы  бұл аймақта жер астындағы анықталмаған метальдың магниттік өрісі бар болуы мүмкін деген болжамын ұсынады.

Қалай болғанда да  мәскеулік ғалымның биоэнергетикалық зерттеуінен кейін Үңгіртасқа келушілердің саны ұлғайған. Тіпті бұл маңды Жердің кіндігі деп атайтындар да жетерлік. Жер кіндігіне барып, ғарыштық байланысқа түсетіндігіне сенімді туристер  ол өлкеге қатысты мифтерді тыңдауға дайын. Үңіртастың шырақшысы ол аңызды әрбір келушіге айтуға  жалықпайды.  Бір қызығы, бойды сенім билеген соң ба, әлде күмәннің бар болуынан ба, ондағы тасқа жақындасаң, шынымен ыстық-пен суық лептің қатар алмасып жатқанын сезінесің. Ал Үңіртас аулының тұрғындары ол жердің қасиетті екендігіне тегіс сенеді дей алмаймыз. Қалыпты адамдар секілді жердің кіндігінің қасында өмір сүріп жатқанына сенетіндер де, мүлдем нанбайтындар да бар.

Ауылдың бұрынғы тұрғына Рәзия Кенжебекова : «Дәл сол таудың басында, үңгірдің қасында үй тігіп отырған жылдар болған. Айтарлықтай ерекшелігін байқаған емеспін. Қозы –лақтың әлгі үңгірдің ішіне ойнаптап жүргенін көріп, қайырып үйге айдап келетінбіз»,- деп еске алады. Демек, Үңгіртастың киелі аймақ екендігіне қатысты  ауыздан-ауызға жетіп сақталған аңыз жоқ. Аңыз бен қасиет туралы ұғымды былай ысырып қойғанда, Айдаһардың қанатына ұқсайтын таудан шығып тұрған үңгідің қапталы  көрген адамды өзіне еркісіз баурап аларлықтай әдемі. Сондықтан бұл өлкеге қатып қалған айдаһар хақындағы  аңызға, Жер кіндігі туралы тәмсілге сенбесеңіз де, шебер табиғаттың сұлулығын тамашалауға баруға болады. Тау етегінде хас сұлудың жанарынан ағып түскен саф тамшыдай мөлдір өзен ағып жатыр. 

#Үңгіртас #жер кіндігі #биоэнергетикалық жерлер

Similar materials