Қазақ күресінің көшбасшылары

Қазақ балуандары жайында не білеміз? 

«Балпаң-балпаң басатын, Балуан болар ма екенсің». Бұл – ақжаулықтылардың ер баланы әлдилегенде айтатын өлең жолдарынан үзінді. Сәбиді бесікте жатқаннан-ақ табандылыққа тәрбиелеген ұлтымыздың арасынан білектілердің көптеп шығуының сыры осында болса керек. Жалпы, қарға тамырлы қазақтың балуандық өнері қанында, тегінде жатыр. Оған аталмыш спорттағы жеңістер дәлел. Ал артта қалған ХХ ғасыр спортындағы қазақ балуандарының орны өз алдына бір төбе десек, түзу жолдан қисық кеткендік емес. Ендеше, әлем елдері көз тіккен дүбірлі додаларда ұлт намысын, ел мәртебесін биікке көтерген нар тұлғалы азаматтарымызды еске алып, көкейде бір жаңғыртсақ. Осы ретте, El.kz интернет-жобасы қазақтың маңдайына біткен біртуар балуандардың өмірі мен жетістіктері жайында тың деректерді назарларыңызға ұсынып отыр.

Небір нәубетті бастан кешірген қазақ өткен ғасырдың белуарында қайтадан атқа қонды. Осы тұста белі бүгілген халықтың рухын балуандар қайта көтерді. Талай қырғынды артта қалдырған ұлтымыз арасынан Кеңес одағының бәсірелі бәсекелерінде спортшыларымыз дүркін-дүркін топ жарып, жүлде ала бастады. Шоқыр Бөлтекұлы, Бақи Елқондиев, Жүрек Ысқақов, Болат Тұрлықанов, Қабден Байдосов, Махмұт, Мақсұт Омаровтардың ізін ала төбесін көк тіреген Әбдісалан Нұрмаханов шықты. Міне, осы спортшылар халық аспанында найзағайдай жарқ етіп, есімдері елге таныла бастады. Бұл кезең қазақ үшін, отандық спорт үшін айтулы да, айрықша уақыт еді. Ал грек-рим және еркін күрестен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының спорттағы жетістіктері жалпақ жұрттың жадынан кетпесі анық. Өзі де, өнері де аңызға айналған тұлға текті қазақтың бағына туғандай әсер қалдырады. Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері – Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлықанов, Бақтияр Байсейітов, Қанат Байшолақов, Асқар Шайхиев, Мәулен Мамыров, Бақыт Однай, Жолдыбек Қоңыров, Бауыржан Садыханов, Асхат Шахаров, Қоныс Жетпісов сынды тау тұлғалардың толайым табыстары да отандық спорт тарихында алтын әріппен қалары сөзсіз. Ал Еуропа мен Азияның шыңына ту тіккен Айтжан Шаңғараев, Алмас Мұсабеков, Сәлкен Жартыбаев, Талғат және Жанат Байшолақов, Зекен Шаймерденов, Айбатыр Махмұтов, Самат Рамазанов, Руслан Сейілханов, Ғалымжан Жылкелдиев, Руслан Жұмабеков, Әсет Иманбаев, Марғұлан Әсембеков, Мұрат Қыпшақбаев, Базарбек Донбайлардың халық рухын көтеріп, байрақты бәсекелерде топ жарған сәттері де ел есінде. Спорттағы мансабында Олимп шыңын бағындыру мен әлем чемпионы атану мүмкіндігі тумаса да жарты әлемге аты әйгілі балуан Әбілсейіт Айханов пен боз кілемде талай олимпиада және әлем чемпиондарын айқын басымдықпен жеңген Аманжол Бұғыбаев пен Аманкелді Ғабсаттаровтың балуандығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Иә, халық арасынанда осындай тарланбоздар көп-ақ.

Қазақтан шыққан тұңғыш чемпион

Әлем чемпионы атағын тұңғыш рет қазаққа тарту еткен балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі күллі қазаққа жақсы таныс. Жер бетіндегі 30-ға тарта мемлекетте білектілермен белдесіп, 50-ден астам медальді кеудесіне таққан балуанның қиын да қилы тағдыры, өмірі мен жеңісті жолы жайында түрлі дерек бар. Күшатасы Қажымұқан жалғыз қазаққа ғана белгілі десек, қателесеміз. Өз заманында Қажымұқанды Еуропа, Азия елдерінің күрес жанкүйерлері жақсы таныған. Қажымұқан атамыздың орасан күш иесі болғанын, әділдігін, мәрттігін, жомарттығын сүйсіне әңгімелеген өзге ұлт өкілдері аз болмаған. Сондай бір дерекке назар салсақ, «Воля батыра» (авторы Ян Дымов-авт.) кітабында кезінде Қажымұқан Иван Поддубный секілді алыптар мен бірге күрескен киевтік Михаил Слуцкийдің естелігі берілген. Онда:

(Суретте: Мұқан Мұңайтпасов)

«Мен Мұқан Мұңайтпасовты 1908 жылы Киевте түрік циркіндегі күрес чемпионатында көрдім. Оның жауырыны кең болатын. Бұл оның керемет табиғи күштің иесі екенін айғақтайтын. Бірақ ол ешқашан мақтанған емес. Мықты палуан Франц Бинковский (лақап аты - «Циклоп».) өтіп бара жатып, иықпен итеріп немесе шынтақтап кететін. Қабырғаға жабысып қалатынбыз. Ал Мұқан сабырлы, қарапайым, ақкөңіл, әдепті адам болатын. Бұл әдемі қазақ ешқашан қисық әрекетке бармайтын. Бұл оның туа біткен терең мәдениетінен», - деп тарихи тұлғаның кісілігі мен көркем мінезі жайында өзінің пікірін қалдырған. Мұнан соң ол «Бәсекені тағатсыздана күткен көрермен «Циклоптың» жеңісіне сенді. Бұл жолы Муханура Циклоптың 50 келіге артық салмағын көтере алмайды деп топшылады. Бірақ ол төтеп берді. Өзіндік әдіс-тәсілдеріне салып, Биньковскийдің арқасынан итергені сонша ол жербауырлап жатып қалды. Белдесудің 11-минутында айқын жеңіс орын алды. Меніңше, бұл талантты қазақтың бойында таңғаларлық қасиет бар. Мұқанда Тәңір берген дарын болды. Табандылық та болды. Циклоп сынды алыпты жеңу тек батыл әрі төзімді адамға бұйырады. Мен мұндай артқа салып, жығу әдісін ешқашан көрген емеспін, оның қалай аталатынын да білмеймін» деп тағы да таңданысын жасыра алмаған. Слуцкий аузының суы құрып, таңданған тәсілі қазақтың жамбас әдісі екен.

Белдескеннің белін, тірескеннің тізесін бүктіретін балуан құжат бойынша 1871 жылы Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүние есігін ашқан. Десе де, балуанның туған жеріне қатысты ғалымдар арасында әрқилы дерек бар. Кейбір зерттеушілер біртуар тұлға Түркістан облысының Отырар ауданында 1883 жылы дүниеге келген деп топшылайды. Бала күнінде жоқшылық қысып, бақуатты адамдарға жалданып жұмыс істеген ол бірде байдың батпаққа батқан өгізін жалғыз өзі көтеріп шығарған деген естеліктер бар. Тағы бірде ол қожайынының қыстың күні «құрғақ шөп тауып кел» деген тапсырмасымен жолға шығып, күннің суығынан арбаны сүйреп келе жатқан жылқы әлсіреп құласа керек, сонда Қажымұқан оны арбаның үстіне жатқызып, екінші тұлпарды артына жегіп, арбаны өзі сүйреп әкелген-ді. Қара күштің иесі жайында осы сияқты адам айтса нанғысыз естеліктер көп. Балуанның өмірі оны циркке жұмысқа шақыртқаннан кейін күрт өзгеріп, жалданбалы қызметтен құтылады. Ол кезде Қажымұқан 18 жаста болса керек. Осы уақыттан бастап ол өзінің өнері мен бойындағы тылсым күш арқылы көрерменнің көзайымына айналып, таныла бастайды. Күрестің бірнеше түрін жетік меңгерген балуан алғаш рет 1905 жылы «Маньчжурия чемпионы» деген лақап атқа Харбинде ұйымдастырылған сайыста ие болып, «джиу-джитсудан» алтын медаль алады. Араға бір жыл салып Алманияда өткен әлемдік додада бас бәйгені қанжығасына байлайды. Швециядағы Гётеборг қаласында француз күресінен өткен дүнижүзілік чемпионатта мойнына алтыннан алқа тағынады. Осылайша ол отандық спорт тарихында күрестен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ атанады. 1910 жылы Америкаға Еуропа мен Ресейден шыққан балуандардың үлкен тобы аттанған уақытта Қажымұқан солардың ішіндегі ең таланттысы болған. Оның осы сапар кезінде Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында ұйымдастырылған турнирде ерекше өнер көрсеткені халық жадынан өшпейді. Өйткені, ол осы аламанда оқ бойы оза шығып, алтын медальді еншіледі. Атынан ат үркитін балуанды бет қаратпай, боз кілемде жауырыны жерге бірде-бір рет тимейді. Мәселен, Троицкіде болған бәйгеде ол неміс балуаны Вестергард Шмидтті, француздық Фисури Колосты, эстондық Тиганені, орыстан шыққан Петров сынды спорт саңлақтарына дес бермей, «аяқтарын аспаннан келтіреді».

Қажымұқан отарлық түскен қазақ жұртының рухын көтеріп, намысын жаныған, ұлтына тіреу, еліне жебеу болған біртуар тұлға. Саналы ғұмырында халықтың кеудесін бастырмай, рух беріп, келешектен үміт үзбеуге шақырған. Оның ел жадында берік сақталып, ұлттың жанына жақын, көңіліне ыстық болатыны – туған халқына деген махаббаты мен Отаны үшін алтын басын құрбан қылудан тартынбаған ақ адал жаратылысынан болса керек. Бір ғажабы, біздің ертедегі балуандардың қай-қайсысы болса да, кісілігі мол, еліне сыйлы, барға алмаған, жоққа саспаған, қанағаты мол, бауырластары үшін отқа да, суға да түсуден тайынбайтын ержүрек азамат болған көрінеді.

Ол өзінің цирктегі қойылымын 1940 жылы тоқтатады. Алайда соғыз өрті тұтанып, әртістердің барлығы тапқан табысын майданға жіберіп жатқан уақытта өзінің үлесін қосу үшін сахнаға қайта шығады. Бұл оның шау тартқан кезі болатын. Өзінің үлкен жасына қарамастан ол цирк-шапито өткізіп, түскен пайданы ұрыстағы жауынгерлерге жөнелтеді. Табыстың көп болуы үшін ауыр трюктар жасап, халықтың көптеп келуі үшін түрлі шоулар жасайды. Ол өзі жерге жатып, үстіне тақтайлар төсетіп, артынша сол тақтайлардың бетімен иін тірескен адамға толы жүк көлігі жүріп өтетін болған. Осындай қауіпті шоулары арқылы ол 100 мың рубль тауып, сол кездегі қорғаныс қорына аударған. Қомақты қаржыға соғыс мақсатындағы ұшақ жасатып, бір бұрышына Амангелді Имановтың есімін жаздырған. Отансүйгіш азамат оның қазақтан шыққан жас ұшқыш Қажытай Шалабаев деген азаматқа табыстайды. Жас жауынгер Прибалтика және Ленинград майдандарында осы ұшақпен жауға бірнеше мәрте тойтарыс берген. Міне, оның тек спортта ғана емес, адамдық, кісілік қайраткерлігі де көпшілікке үлгі. Байсалды мінезі, сымбатты болмысы, асқан жомарттығы оны өзгелерден ерекшелеп тұратын болған-ды.

Белі бүгілмеген балуан

Жақсылық Үшкемпіров күрес өнеріне келгеннен бастап жарыстардан жүлдесіз қайтпаған. Бір кездері қаумалаған әлеумет балуанның жеткен жеңісінің санынан жаңылатын. Себебі, ол он бес жыл бойы жеңіл салмақта (48 келі-авт.) өнер көрсетіп, алты алашқа алтынды үсті-үстіне жаудырған бірден-бір тұлға. Ең бастысы, ол қазақтың рухы мен қайсар мінезін, болмысын боз кілемде паш етті. Алғашында Кеңес Одағының «мен» деген балуандарының белін бүкті. Атынан ат үркіген қарсыластары В.Чавка, В.Савчук, В. Аникин, А. Вайнберг, Ф. Құрбанов, А.Бозин, B. Нецветаев, А.Шумаковтардың жауырынын жерге тигізіп, халықтың мерейін тасытқаны сол кездегі көрермендердің әлі күнге көз алдында. Заманында бұл балуандарға тең келетін қарсылас жоқтың қасы еді. Бір ғана В. Аникиннің өзі «кіші әлем чемпионаты» деген И.Поддубныйдың есімі берілген халықаралық жарыста бірінші орынды олжалап, үш дүркін КСРО чемпионы атанған балуан еді. А.Бозин болса Еуропа чемпионатында бір рет қола медаль (1979 жыл-авт.), екі рет күміс жүлдеге (1977-1978 жылдары-авт.) ие болған. Тізе берсек, Жақсылық Үшкемпіровтың қарсыластары осындай марғасқалар еді. Десе де, талантты спортшы, білекті балуан, шынашақтай қазақтың ұлы әлгінде айтып өткен чемпиондардың «алынбас қамалына» айналды. Ол ол ма? Балуанға қарсы өнер көрсеткендер қатарында Кеңес Одағының құрамындағы 15 одақтас республиканы және Мәскеу мен Ленинград қалаларының спортшыларын да қосып қойыңыз. Білгенге сол кездегі одақтас республикалар қазір бір-бір өз алдына мемлекет. Қазақ балуаны спортқа келген уақытта Кеңес Одағының құрамасы әлемде ат оздырмайтын, командалық есепте бас бәйгені бермейтін. Бұл КСРО-ға қарайтын мемлекеттердегі күрестің даму динамикасы мен қарқынының қатты болғанын аңғартады. Дегенмен, Жамбыл облысына қарасты Тегістік ауылынан шыққан мықты «сен тұр, мен атайын» деп самсап тұрған кіл мықтыны бір-бірден жығып шықты. Әрине, көрермен мен жазарман үшін бұл жәй жеңіс болып көрінсе де, бір емес, екі емес, бақандай он бес жыл бір салмақта, оның үстіне аса жеңіл салмақта өнер көрсетудің ауыртпалығын балуанның өзі ғана түсінетіні анық. Өйткені, бұл салмақта күресу деген ішкің келгенді іше алмай, жегің келгенді жей алмай, салмақ қуу машақатымен тек жаттығу залынан шықпау дегенді білдіреді.

(Суретте: Жақсылық Үшкемпіров)

Спорт саңлағының жеңісті жолында тізесін батырып, алдын бөгегендер де аз болмаған. Грек-рим күресінен 1976 жылы Кеңес одағының чемпионы атанып, Монреалда ұйымдастырылған Олимпиадаға жолдама алған болатын. Алайда бұл бәйгеге балуанның орнына басқа спортшыны жібереді. Бұл сөзімізді спортшының мына бір естелігі қуаттайды. «Чемпион болсам да, бәсірелі бәсекеге Шумакулов атты балуан барды. Монреалда өткен додада Олимпиаданың чемпионы болды. Бірақ оған ренжігенім жоқ. Десе де, санамда «спортта әділдік жоқ» деген көзқарас қалыптасты, - дейді спортшы өзінің бір сұқбатында. Алайда балуан қолдан жасалған кедергілер мен спорттағы әділетсіздіктерге моймады. Керісінше, соларға қарсы тұрып, қазақтың мерейін тасытуға бар күш жігерін салды. Араға төрт жыл салып өтетін КСРО құрамындағы мемлекеттер арасындағы жазғы спартакиадада үш рет бағын сынаған. Бастапқыда жүлдегер атанса, кейіннен 1975 жылы чемпион атанды. Аты шартарапқа таныс И.Поддубный атындағы «Кіші әлем чемпионаты» халықаралық турниріне сегіз рет қатысқан. Соның төртеуінде үздік төрттікті түйіндесе, бір мәрте күміс, екі мәрте қола жүлдегер атанады. Ал 1981 жылы кеудесіне алтын медаль тағынып, бедел биігінен көрінген. Екі рет КСРО чемпионатында оқ бойы оза шауып (1975, 1980 жыл-авт.), қатарынан алты мәрте жүлдегер болды. Жасындай жарқ еткен Жақсылық бүкілодақтық ауыл спортшыларының біріншілігінде тоғыз жыл қатарынан алтын алды. Өз елімізде ұйымдастырылған чемпионаттарда бірнеше рет жеңімпаз болса, 1980 жылы Еуропа чемпионатында «алтынға бергісіз» күміс жүлдені місе тұтты. Мәскеу түбіндегі Олимпиадада чемпион атағын алды. Осылайша ол қазаққа алғашқы Олимпиада алтынын тарту еткен болатын. Осы жеңістердің жалғасы ретінде ол 1981 жылы әлем чепионы атанса, араға бір жыл салып әлем кубогіне олжа салды. Міне, Жақсылық Үшкемпіровтың спорттағы мансабы осындай толайым табыстарға толы еді.

«Шәміл – фантастика!»

Қазақтың маңдайына біткен білекті балуан Шәміл Серіков жайында білетіндер некен-саяқ. Спортта найзағайдай жарқ етіп, ерте сөнген спортшының өмірі мен күрес өнеріндегі тағдыры ұзаққа созылмады. Грек-рим күресінен айтулы деген аламандарда оза шауып, қазақ атын шығарған балуан жайында мәлімет те айтарлықтай көп емес. Дегенмен, күрес өнерінің басы-қасында жүрген спортшы қауым: «Шәміл Серіковтың әдіс-тәсілдерін оқу-жаттығу құралы етіп ұсынуға болады» деп баға беріп жатады. Себебі, оның қайталанбайтын әдістері көрермен қауымының таңданысын тудырмай қоймайтын. Дарынды дарабоздың бапкері Аянбек Алдабергенов жаттығу залына келетін әрбір шәкіртіне оның боз кілемде қалай белдесетінін бейне таспадан көрсететін болған. Тіпті, оған өз уақытысында халықаралық күрес федерациясының басшысынан бастап, небір спорт саңлақтары: «Шәміл фантастика! Мұндай дарынды балуанды көрерменге көрсетпеу күнә» деп бағалаған.

(Суретте: Шәміл Серіков)

Біртуар спортшының күреске келуі туралы да әртүрлі дерек айтылады. Біреулер оны топ баланың ішінде күресіп жүрген кезінде алғашқы бапкері Аянбек Алдабергеновтың көріп қалып, жаттықтыру залына әкелгенін айтса, енді кейбірі оның бойындағы талантын әкесі ерте бастан байқап, оны күреске берген-ді. Кейіннен бапкері қаладан көшетіндіктен бала Шәмілді Анатолий Жарковқа табыстаған деген әңгіме де айтылады. Бір сұқбатында Жарков «Шәмілді бір топ жеткіншектің арасынан өзім таңдап алғанмын» деген. Десе де, қамшы салдырмаған балуан жетістіктерінің көп бөлігін тұңғыш бапкері Алдабергеновтың арқасы, соның еңбегі деп бағалайтын көрінеді. Тіпті, спорттан қашып, күреске барғысы келмеген уақыттарда үйіне дейін іздеп барып, ата-анасына оның атақты спортшы болатынына сендірген де сол. Шәміл бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын қасиеті де жаттығу кезінде өзіндік кедергілерін келтірген. Алайда бала бойынан талантты байқаған бапкері жеткіншектің бұл мінезіне мән бермей, оны шабыттандыруға, күреске деген қызығушылығын арттыруға тырысады. Анасы Сара апай балуанның күрес үйірмесіне жазылып, алғашқы жеңістері туралы: «Шәміл Алматының тумасы. Осында өсті. Бастауыш сыныпта оқып жүргеннен бастап күреске қатысты. Күн сайын сабақтан кейін, иығына кіп-кішкене дорбасын асынып жаттығуға асығып кететін. Өзі өте арық еді. Сонда әзілдеп «сенен қандай балуан шықсын» деп келекелейтінмін. Сөйтіп бір күні бір жапырақ мадақтамасын құшақтап, алып-ұшып «Апа, көрдіңіз бе, байқаудан грамотаны жеңіп алдым», - деп келді. Ол үшін спорттағы жетістік осыдан басталды» деп еске алады балуанның анасы.

Ол жасөспірімдер арасында өнер көрсеткен алты жыл ішінде төрт мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Бұл жеңістеріне кәсіби жаттықтырушы Анатолий Жарковтың ықпалы зор. Себебі, кішкентайынан арық болып өскен ол әлжуаз болғандықтан, бапкері күшке салмай, әдіс арқылы жеңіске жетудің қыр-сырын меңгертті. Жарков Шәміл жайында: «Ол әрқашан өзін еркін сезінетін, сондықтан ортаға тез-ақ сіңісіп кететін. Бойындағы ең асыл қасиет жеңіске деген ұмтылыс еді. Физикалық жағынан ол мықты болған жоқ, алайда бойындағы осы кемшілік оны керісінше ашуына тиіп, үздіксіз дайындалуға итермелейтін. Сондықтан онымен бапкер ретінде ең жоғары позицияларға дайындалуға мүмкіндік болды», - деп өзінің пікірін білдірген. Расында, күрес тарихында олардың әлемде жоқ әдістерді тауып, ойлап табатынына таңданғандар аз болмаған. Атақты бапкер Шәмілге белдесу алдында қарсыласты толық зерттеп, оның әдіс-тәсілдерін өзіне қарсы қолдануды үйретеді. Тіпті, қарсыласы болып күресіп те алдын-ала дайындайтын болған. Осындай жаттығудың арқасында ол көптеген жетістіктерге жетеді. Шәміл чемпион атанған Мәскеу Олимпиадасындағы әрбір белдесуі алдында бапкерімен күрескен екен.

Таланатты Серіковтің КСРО құрамасындағы бақталасы ульяновскілік В.Константинов болатын. Өткен ғасырдың 77-жылында Одақ чемпионатында балуан өзінің әлсіздігін көрсетіп қояды. Екі мәрте ойсырай ұтылып, Константиновтың көш бастауына мүмкіндік берді. Дегенмен, спортшының бұл жеңілісін құраманың бапкері В.Псарев «Ол барлық тәсілді қолдана алады, оның мәселесі де осында» деп оған жаңа әдістерді, әсіресе қоян- қолтық ұстасып қалған кезде сол аяқты алда ұстауға жаттықтырады. Оның құймақұлақ, қағілез қасиеті бапкердің ескертпелерін тез-ақ сіңіріп алуға мүмкіндік береді. Спортта бірден екі жеңілісті бастан өткерген ол кейін бойын тез-ақ тіктеуге көшеді. Болгария, Румыния, Венгрия, Германия және Югославиядағы жарыстардың барлығында оза шабады. Керек десеңіз, сол тұста Олимпиада мен әлем чемпионы атанған Константиновты «кіші әлем чемпионаты» саналатын Иван Поддубный атындағы турнирде әбден сілікпесін шығарып, бірнеше мәрте өзінің сәтті әдістерімен жығады. Десе де, қазақ балуанын мойындаушылар аз болды. «Бұл додада Константиновтың бабы келіспеді, сондықтан жеңіс Шәмілге бұйырды» деген пікірлер көп айтылды. Дейтұрғанмен, араға бірнеше ай салып КСРО біріншілігінде Шәміл алты рет боз кілемге шығып, қарсыластарын сұлатты. Әсіресе, аты әлемге мәшһүр Константиновты 11:3 есебімен жеңді. Бұл өзіне қарсы пікір айтып, жеңісіне күмән келтіргендердің «аузына құм құйғандай» әсер қалдырды. Алайда барлық қарсыласын жерге қаратқан Шәмілге берілген жолдаманы кездейсоқтыққа, әділетсіздікке балағандар да табылды. Кейбірі «қазақ ұлтының мерейтойы қарсаңында оларға Брежневтың берген «сыйы» деп жатты. Десе де, Шәміл де қарап қалмады. Ол 1978 жылы өткен Мехикодағы, сондай-ақ, 1979 жылы Сан-Диегода ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында барлық қарсыласқа тойтарыс беріп, тізе бүктірді. Ол грек-рим күресі бойынша әлемді тұңғыш рет мойындатқан қазақ еді.

Шәмілдің күрестегі карьерасы 1981 жылдың мамырынан бастап аяқталады. Оған спортшының КСРО Орталық партиясының ұйғарымымен БАМ-ға (Байкал Амур магистралі-авт.) бармай қоюы себеп. Жоғарыдан түскен бұйрыққа «үйімді жөндеймін» деп қарсылық білдіріп, қалып қояды. Олимпиададан соң жүлдегерлерге үш бөлмеден берілгенде, Шәмілге ескі екі бөлмелі үй беріледі. Ал құрама БАМ-нан келгеннен кейін он күн ішінде оны топтан шығарып тастайды. Мемлекеттен берілетін стипендияны да беруді шектейді. Оның сол кездегі шәкіртақысы 680 сом болса, көпшіліктің бір айлық ақысы көп дегенде 150-200 сом екен. Шәміл құрамадан ғана емес, спорттан да ат ізін суытты. Бұған сол кездегі «шенділердің» шекпені әсер етсе керек. Оны Ауған соғысына да жіберу көзделген. Бірақ балуан бұған үзілді-кесілді қарсылық танытады. Осы әрекеті үшін оны абақтыға жабады. Балуанның жолдасы Жақсыбай Бәзілбаев: «Шәмілдің Ауғанға бармаймын дегені үшін оны қамауға алды. Баспанасынан еріксіз алып шығып, теміржол вокзалының маңындағы бір вагонның ішінде төрт адам жабылады. Бірақ Шәміл оларға дес бермей, барлығын ұрып жығып, өзі қашып кетеді», - деп сол кезеңдерді еске түсіреді.

Осылайша қызметінен де, атақ-даңқынан айрылған ол тығылып жүріп жаттықтырушы да болады. Бірде Александр Пархоменкомен арнайы жолығып, жағдайының ауырлап кеткенін жеткізеді. Дегенмен, Пархоменка оның құрамаға қайта алынатындығына сендіріп, бұйрық берсе де құрамаға қайта алынбайды. Бұдан кейін Шәміл ешкімнің табалдырығын тоздырған емес. Араға ай салып мәңгілік сапарға аттанып кете барады.

Алтынға бергісіз күміс

Дәулет Тұрлыхановтың спортқа қашан, қай күні келгені жөнінде дерек жоқ. Оған спортшының өзі де жауап беруге қиналады. Себебі, танымал балуанның әкесі жаттықтырушы екені белгілі. Демек, ол туғаннан күрес өнерінің қыр-сырын меңгерді десек, артық айтқандық емес. Чемпион бір сұқбатында: «Біздің ауылдың шалдары ауылдың шетіне жиналып алып, балаларды бір-біріне қарсы қойып, күрестіретін. Біз жерде жұлыса кететінбіз. Сол кезде біреу мақтаса соған масаттанып, қуанатынбыз. Бұл бақытты әрі қуанышты кезең болатын» деп еске алады ол. Міне, талантты күресшінің шымыр болып өсуіне ауылдағы ақсақалдардың осындай үрдісі де сеп болса керек. Дегенмен, Дәулет Тұрлыханов өзінің спорттағы жеңістерінің барлығын әжесінің ертегілерімен байланыстырады. Бірде атақты Қажымұқанның жейдесі тәбәрік ретінде халық арасына тасталады, ел-жұрт ұлдарының «жауырыны жерге тимейтін балуан болсын» деген ниетпен кішкенеден жыртып алып жатады. Осы кезде Дәулеттің атасы да ниет етіп, бір жапырақ матаны жұлып алып, оны ерекше қадірлеп өткен екен. Балуанның ержүрек әрі чемпион болуға деген құлшынысы осы екі кісінің үмітін ақтаудан туса керек. Оның үстіне, Тұрлыханов әулетіндегі спорттағы жеңіске толы үрдістің қалпын бұзбау деген тағы бар.

(Суретте: Д.Тұрлыхановтың белдесу сәті)

Тұрлыханов әрқашан жаттығу кезінде техникаға көп мән беретін. Ол үшін күрес белгілі формулаға, қағидаларға негізделген. Спортшы жеткен жетістіктердің барлығы осы заңдылықтарды ескерудің нәтижесі. Бойындағы осындай ерекше қабілет жаттықтырушылардың да назарын аудартатын. Сондықтан оны ешқашан шектемей, тек дамыту керек болды.

«Талантты композитор немесе суретші сияқты талантты күресші де сирек кездеседі. Бірақ таланттар ешқашан жаттықтырушыға дайын болып келмейді. Ақырындап, кезең-кезеңімен, жүйелі дайындықпен Республикалық құрама Тұрлыхановты күреске дайындады. Осындай ерекше жаттығу пен спортшыға жасалған қамқорлық өз нәтижесін берді», - деп жазады П.Ф. Матущак өзінің «Батыр из рода Турлыхана» деген кітабында.

Расында ол әдемі әрі шебер күресе білген балуан. КСРО халықтары арасында грек-рим күресінен 7 дүркін чемпион атануы сөзіміздің дәлелі. Жас әрі талантты балуан бұл жеңістеріне «шалқайып» кеткен кезі жоқ. Өйткені, ол таланатты спортшылар шыққан әулеттің жалғасы, ізбасары еді. Мұны бір сәтке естен шығарған емес. Оның спорттағы достары, жаттықтырушылары ғана емес, тіпті қарсыластары да ол жайында жақсы пікірде. Көпшілік оның адамдарға әрқашан түсіністікпен қарайтын, адамгершілік пен әділетсіздікке төзбейтін қасиетін сөз етеді. Сондықтан, барлық жерде және әрқашан ол жақсы жолдастар тапты. «Ол кілемде қалай жүреді – сүйкімді! Оның ойының кеңдігін кілемдегі қимылымен анықтауға болады» деп мықты палуандардың бірі Александр Карелин сипаттайды. Бұл жөнінде спортшының өзі: «Грек-рим күресі маған қызықты адамдармен көптеген қуанышты кездесулер өткізуге мүмкіндік берді. Мені көп нәрсеге басқаша қарауға мәжбүр етті», - дейді ол.

Ол қомақты сыйдан гөрі, ел аралап, басқа мемлекеттердің ата-дәстүрімен танысуды ұнатқан. Оның осы бір қызығушылығы әрбір сайыста оған ерекше көңіл-күй сыйлайды. Тіпті, өзінен мықтыларды да табаны тимеген жерге барып, шабыттанғаннан жеңіп қайтатын күндерде болды деп еске алады замандастары. Балуанның бедел биігінен көрініп, жеңіске жетуінің сыры бойындағы жауапкершілігінде екенін де айта кету керек. Себебі, ол әрбір белдесуі алдында қарсыласын толық зерттемей, оның күресу тактикаларын ескермей, ізденбей боз кілемге шықпаған. Осы әдеті де оны биіктен көрсетті. Алайда «спорттағы әділетсіздікті» Дәулет те бастан өткерген.

1986 жыл. КСРО Чемпионаты. Ростов-на-Дону. Дәулеттің қарсыласы Александр Кудрявцев. «Ә» дегеннен судьялар қарсыластың пайдасына бірнеше балл бере салды. Бұл Тұрлыхановты ызаландырды. Алайда ол қайтпастан соңына дейін белдесті. Есеп 13:2. Дәулет Одақтың чемпионы екеніне сенбеді. «Бұл мен үшін көрген түстей болды. Өз көзіме өзім сенбедім. Қалайша мен Одақтың чемпионымын. Бұл доданың үздік бестігі бұйырса да разымен деп армандап келе жатыр едім» деп алғашқы үлкен жеңісін Дәулет Тұрлыханов осылайша еске алады. Сол тұста оның бапкері Александр Григорьевич Лебедев еді. Оның балуан үшін жасаған еңбегі орасан зор. Ол әркез Дәулетке: «Сен жеңуің керек! Ешқашан берілме және өз стиліңнен танба. Сен – чемпионсың. Сен – қазақсың» деп қанаттандырып отырған.

1987 жыл. Европа чемпионаты. Финляндия. Тампере. Дәулет бұл бәсекеде финдік Юко Соломякимен белдесті. Көрермендер Соломякидің жеңісіне күмәнсіз сенді. Дәулет расында белдесудің алғашқы бөлімінде-ақ әлсіздігін көрсетіп қойды. Қарсылас өзінің екі әдісімен оны артта қалдырды. Алайда әркез соңына дейін күресетін ол өзін бірден жинап алып, мықтылығын дәлелдеді. «Ұрыс басталғаннан 2 минут 58 секунд өткенде, Дәулет керемет техникадан кейін кілемге қарсыласын жапыстырып тастады. Көрермендер толқып кетті. Бір-екі минуттан кейін зал қошеметін аямай көрсетті», - дейді Геннадий Сапунов.

1988 жыл. Олимпиада ойындары. Сеул. Даулет көшбасшы. Чехословакия, Франция, Иран және Түркия елінің спортшыларын шаң қаптырды. Ал финалдық ойын ол үшін де, қазақ еліне де өте маңызды еді. Ол қолда тұрған алтынды корейлік спортшыға қалай беріп қойғанын білмей қалды. Бұл бәсекенің әділетсіз болғанын көрермендер қауымы әлі күнге айтады. Финдік судья Лосси Тайвола корейлік спортшы Ким Ен Намуды жеңімпаз деп тапты. Құрама капитаны Михаил Мамишвили: «Жеке менің судьялардың шешіміне қарсылығым болды. Әрине, тек менің ғана емес. Тұрлыхановқа жасалған бұл әділетсіздік судьялар тарапынан «еркекше» болмады» деп еске алады. Ал қарсыласы «Дәулет, сен ренжіме. Бұл менің соңғы мүмкіндігім еді. Менің жасым 30-ға келді» деп кешірім сұраған. Иә, Дәулет күміс жүлдені місе тұтты. Алайда қазақстандықтар үшін Даулет чемпион, ал оның күмісі алтынға пара-пар.

Дәулеттің спорттағы мансабы жалғасып жатты. Толайым табыстарға ие болып, қазақ атын әлемге танытты. 2004 жылы ол өзінің жеңісті жолын тоқтатты. Ол орындалмаған барлық армандарына ұлы Даниярдың жетуіне тілекші. Сондай-ақ, еліміздегі спорт саласының дамуына айтарлықтай еңбек сіңіріп жүрген саясаткер балуан.

Конькиші Бақтияр қалай күресші атанды?

Боз кілемде қазақ атын шығарған тағы бір балуан Бақтияр Байсейітов жайында айтпай кету мүмкін емес. Тіпті, кейінгі жылдарға дейін 1998 жылы Бақтияр бағындырған шыңдардардан асып түскен сайыпқыран табылмады. Оны әкесі алғашқыда Олимпиада ізбасарларын жаттықтыратын спорт интернатына берген. Алайда интернаттағы ұстаздары оны конькиші болады деп ұйғарады. Осылайша Медеудің айнадай тегіз мұз айдынында сырғанап жүріп, бұл спорттың өзінікі еместігін түсінеді. Ауыл балаларын ұрып жығатын балуан күреске қатысқысы келеді. Интернаттағы конькишілердің жаттығу жұмыстары чемпионды одан әрі шыңдай түседі. Бұл үйірменің оқушылары таңғы алтыда тұрып, жаттығуға кірісетін. Сондықтан сергек жүреді екен. Ал күресшілер сағат сегізге дейін керіліп, жаттығуға сағат 10-дар шамасында бір-ақ жиналады екен. Өзі қаламаған спорт түріне қатысып жүрсе де Бақтияр өзі құралпы күрес үйірмесінің балаларына бой бермей, алыса кетсе оңдырмайтын қабілетке ие болады. Ол өзінің бойындағы осы талантын әкесіне бірнеше мәрте дәлелдеп, өзінің балуандық өнерде жолы болатынына иландырады. Осылайша ол әкесінің рұқсатымен күрес бөліміне өтеді. Үйірмедегі ең бірінші бапкері Жаңабай Оспанов Мәскеудегі денешынықтыру институтын тәмамдап, жаңадан жұмысқа қабылданған кезі екен. Бақтияр сынды талантты күресшілерге спорттан түйгенін, білгенін үйретуге бар күш жігерін салады.

(Суретте: Бақтияр Байсейітов)

«Ағаммен күн сайын белдесетінбіз. Жасым одан кіші болғанмен әдісқойлығым басып кетеді. Әке деген балаға сыншы дейді ғой. «Бақтиярым әлем чемпионы болады» деп жиі айтатын. Сол сөз жігерімді жанып, қанаттандырды. Әкемнің арманын орындау жолында бар күш жігерімді сарқа пайдаландым»,- дейді балуан. Өрімдей Бақтиярдың 1990 жыл Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетовті еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнирде бағы жанды. Қарсыластарының барлығын жеңіп, финалға шықты. Ақтық сында әкесі Бағашар боз кілемнің бір бұрышында тұрып алып, баласының тілеуін тілеп тұрды. Спорттан хабары бар әке ұлының шалыс басқан тұсында айқайлап та алды. Дегенмен, әке үмітін Бақтияр осы сайыста ақтады. Ол күмәнсіз, ешбір қиындықсыз жеңіске жетті. Осы кезде Бағашар баласын құшақтап, төбесіне көтеріп кеткені дүбірлі додаға келушілердің есінде.

1991 жыл. Бақтиярдың ата-анасының шаңырақ көтергеніне 25 жыл толып жатқан кез. Туыстар мен дос-жарандары құттықтап, той болып жатса, КСРО Спартакиадасының күміс жүлдесін алып жатқан Байсейітовті көрсетіп жатсе керек. Қуаныштан жанарына жас алған әкенің төбесі көкке жетіпті. Қуаныш еселеніп, Бақтияр КСРО құрамасының жас бапкері Михаил Мамиашвилидің қарамағына өтеді. Баласының әрбір жеңісіне шын қуанып, масаттанатын Бағашар араға жыл салып инфаркт алып қайтыс болады. Дәл осы күнді спортшы «Кисловодскідегі оқу-жаттығу жиыны кезінде жүрегім ауызыма тығылып, өзімді жайсыздау сезіндім. Тәңір сездіріп тұрған екен» деп еске алады қайғылы күнді. Міне, осы күннен бастап Бақтияр әкесінің аманатын орындап, чемпиондық атақ үшін барын салды. Тіпті, «Бағашардың ұлы чемпион» деп ел аузында жүрсе екен деп намысқа тырысты. Арада жылдар өткеннен кейін 1995 жылы Прага қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатынның жартылай финалында әлемді аузына қаратқан балуан, үш мәрте чемпион, Барселона Олимпиадасының жеңімпазы Мнацакан Искандарянмен кездесті. 90-жылдардан бері 74-76 келіде ешкімге дес бермей, жығылмаған Мнацтың бабында тұрған шағы еді. Екеуі де ерекше өнер көрсетіп, сұмдық күресті. Мнац өзінің тәжірибесіне салып, айла-амалға барғанымен, қазақ балуанының қарымына шыдас бере алмады. Бақтияр жеңіске жетті.

Десе де, Бақтияр алтынан үмітті еді. Ақтық сында француздық Ивон Римермен белдесті. Ұстаған жерінен айырылмайтын арланмен алысу оңай болмады. Бар күшін Мнацаканға жіберіп қойған ол франциялық спортшының қарсылықтарына тойтарыс бере алмады. Осылайша ол күміс медальді олжалады. Бақтиярдың көкейінде қолда тұрған алтынды табан астында басқа мемлекетке беріп қойғаны ғана тұрды. Елдің сенімін ақтай алмағанына өзегі өртеніп, көзіне жас алды. Дегенмен, Бақтиярдың күміс жүлдесі де отандық спорт үшін үлкен жеңіс болатын.

Евледегі әлем чемпионатында да Бақтияр барын салды. Олай етпеске шарасы да жоқ-ты. Себебі, бұл бәсекеге әлемде аты озған оғландар қатысатыны белгілі. Жартылай финалда Ресейдің турмасы Мұрат Қардановпен күресті. Заманында атақты балуан Дәулет Тұрлыхановпен әлемдік сайыстарға бару үшін белдескен Карданов боз кілемде қозғалмай, төрт табандап алады. Сидней Олимпиадасының қаһарманын Бақтияр кеудеге алған күйі оң жаққа шалқая бере лақтырып жіберді. Финал. Қарсыласы әлемге танымал Феливерто Аскуя. Бақтиярдың бұл кубалықпен екі рет кездесіп, екі рет те жеңілгенін ескерсек, жеңіс туын желбірету күмәнді еді. Алайда Бақтиярдың жеңбеске шарасы жоқ еді. Себебі, әкеге берген сертті орындау керек-тұғын. Кілемге шығып бара жатып Бақтиярдың иығыннан Дәулет Тұрлыханов қағып тұрып, «бұл жеңісіңді әкеңе арна» деген сөзі өңменнен өтіп кетті. Маңдайдан мұздай тер, көзден жас ыршып шығады. Жәй оғындай осқырынып барып қарсыласқа лап қойған Бақтиярды енді тоқтату мүмкін емес еді. Ол чемпиондық атақ үшін соңғы күшіне дейін пайдаланды.

Қанша жерден қаһарға мінсе де Аскуя қазақтың қорғазынан құйылғандай құрыш қолды баласына бұл жолы төтеп бере алмады. Бақтияр барлық айла-тәсілді толық қолданып, ақыры жеңіске жетті. Бұл бәсекеде Аскуя небәрі үш ұпай алды. 9-3. Жеңіс. Бақтияр Байсейітов – әлем чемпионы. Тұғырда тұрып, ол әкесін еске түсірді. «Естисің бе, әке! Үмітіңді ақтадым. Бағашардың ұлы – Әлем чемпионы». Бақтиярдың жанарынан ыстық жас парылдап кетті.

(Суреттер: ашық ғаламтор көзінен алынды)

#спорт #күрес #қазақ күресі #Қажымұқан Мұңайтпасұлы #Дәулет Тұрлыханов #Шәміл Серіков #Бақтияр #белдесу #боз кілем

Similar materials