«Қайрат» қуанта білді

Алматылық клуб төрттік финалдың ақтық сынына жолдама алды

«Қайрат» УЕФА аясындағы Чемпиондар лигасының финалында ойнайтын болды. Тарихқа көз жүгіртсек, «Барселона» үшін алматылық клуб өте ыңғайсыз қарсылас болып келеді. Себебі, 2013 жылы «Қайрат» испаниялық үздік команданы жартылай финалда тоқтатқан болса, 2015 жылы ақтық бәсекеде басым түскен еді. Оның үстіне, бұл ойын «Алматы Аренада» өтті. Жұмыс күніне қарамай он екі мыңнан аса жанкүйер жиналып, Кака шәкірттерін алға жетеледі.

«Алматы Арена» едені сырғанақтығынан, қырық минут бойы ала дөп шеберлері бірінен соң бірі тайып, жығылып жатты. Матчты қос команда да өте белсенді бастады. Бірінші таймда есте қаларлық бірнеше ойын эпизодтары орын алды. 10-минутта Игита қақпасына қауіп төнген, әупірімдеп жүріп алаң иелері келген қатердің бетін қайтарды. Шәкірттерінің ойыны алаңдатқан Кака 15-минутта тайм-аут алып, ақыл-кеңесін берді. Соның әсерінен бе, қайраттықтар қарсылас қақпасын торуылдай бастады. Алғашқы таймда ереже бұзу оқиғалары да жиі кездесті. Жергілікті футзалшылар жиі-жиі қарсыластарын шалып жығып, төрешіден ауызша ескерту алумен болды. «Қайрат» ойыншылары каталондықтардың қарқынын бәсеңдету үшін біршама күш жұмсауға тура келді. Соның кесірінен, өздері де жойқын шабуылдаудың не екенін ұмытып қалғандай. Әлемнің үш рет үздік қақпашысы атанған Игитаны көбірек мазалған «Барселона» ойыншылар өз дегендеріне жете алмады. Испандықтардың сапынан Хуанхоның, ал қайраттықтардан Джон Леннонның соққыларын ерекше атап өтуге болады. Бірінші ойын бөлігінде Испаниядан келген теңбіл допшылардың қақпаға бағытталған екі добы бағанға тиіп, кері серпілді. Бірінші таймда паркеттегі басымдыққа көбірек иелік етсе де, Андреу Пласа шәкірттеріне есеп ашу бақыты бұйырмай кетті.

Үзілістен кейін «Қайрат» ойыншылары белсенділік танытты. Кака бапкер бар білгенін футзалшыларының құлағына құйса керек. Оның үстіне, жергілікті жанкүйерлер де қолдауларын күшейтіп, командасын жеңіске жетеледі. Екінші тайм бастала сала, 22-минутта алматылықтардың ирандық легионері Тайеби бұл ойындағы алғашқы голдың авторы атанды. Ол қарсыластардың өз айып алаңындағы қателігін тамаша пайдаланып, қонақ киперден айласын асырып кетті. Хуанхоның бұл салғырттығының кесірі командасының іле-шала екінші голды жіберіп алуына себепкер болды. Ал қайраттықтар өз басымдықтарын одан сайын ұлғайтуға тырысып алға ұмтылды. Бұл жерде қақпашы Игитаның ойынға сәтті арласа білу шеберлігін жоғары бағалаған дұрыс (шабуылдаумен әуестеніп кеткен алматылықтар өз айып алаңында ереже бұзып, айып соққымен жазаланып та үлгерген. Қонақтар оны өз пайдасына асыра алған жоқ). Ойынның 27-минутында Игита ойынға араласып, қақпасын тастап Тайнанға керемет пас жеткізді. Өз кезегінде бразил-қазақстандық шабуылшы Хуанхо қараусыз қалдырған бұрышты дәл көздеді.

2:0 есебі «Барселона» ойыншыларын тығырыққа тірегендей. Олар енді басқаша ойын өрнегіне көшті. Қақпасын жиі тастап шығатын Игитаны қыспаққа ала бастады. 32-минутта командасының ойынына наразы болған «Барселона» бас жаттықтырушысы Андре Плаза тайм-аут алды. Алайда, жергілікті ойыншылар олардың ойынға өзгерту енгізуіне ешқандай мүмкіндік берген жоқ. 33-минуттан бастап, каталониялықтар қақпашыны ойыншыға алмастырып, ең болмағанда бір гол соғып алудың қамына кіріскен. Десе де доп қайраттықтардың аяғына тиген сәт, Хуанхо өз иелігіне қорғауға жүгірді. Қанша тырысқанмен, ондай басымдықтың өзі «Барселонаның» гол соғуына ықпал ете алмады. 35-минутта «Қайрат» ойыншысы қарсыласына қарсы тәртіп бұзып, командасының 5-фолын тіркеді. Ендігі, әрбір ереже бұзылған сәт пенальтиге айналып шыға келетін еді. Бір минуттан соң, испандық теңбіл доп шебері Хоселито сары қағазбен жазалана сала, Игитаға қарсы дөрекі ойнады. Бас қазы мұндай эпизодты қалыс қалдырмай, оған қызыл қағазын көрсетіп, ойыннан қуып шықты. Бір футболшысы кем «Барселона» қақпашыны қанша алмастырып, есеп қысқартуға тырысқанымен, өз қақпасына 3 –голды жіберіп алды. Бұл жолы көзге түскен – шабуылшы Джон Леннон. Осы соғылған доптан соң, командалар әртүрлі құраммен ойнай бастады. 38-минутта «Барселона» ойыншысы Лозано «Қайраттың» қорғанысы мен қақпашысын қапы қалдырып, есепті бір допқа қысқарта алды. Испандықтар Хуанхоны ойыншыға алмастырып, екінші голдың қамымен жүрген сәтте қайраттық Эдсон дос Сантос есепті 1:4-ке жеткізді. Бразилиялық қорғаушы өз айып алаңында допқа иелік етіп, бос қақпаға тебе салған. Доп жол-жөнекей испандық ойыншыны жанап өтіп, тордан бір-ақ шықты. Ең тартысты ойын эпизодтары соңғы минутта орын алды. Қонақтар Диегоның көмегімен тағы бір гол соғып алғанымен, Дуглас «Барселонаның» бос тұрған қақпасын тура көздеп, ойынның нүктесін қойды. Ол микрожарақаттан соң, қосалқы құрамда қалып қойып, матчқа аз араласса да, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Сонымен, таблодағы есеп 2:5 алматылықтардың пайдасында! Жексенбі күні финалдық кездесуде «Қайрат» пен «Спортинг» өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Ал португалиялық клубтан ұтылған тағы бір испандық команда «Интер» осы ойында алматылықтарға есе жіберген «Барселонамен» 3-орын үшін таласатын болады. Айта кету керек, «Интер» өтен жылы чемпиондық кбуокқа иелік еткен еді.  Сонымен, күні ертең «Алматы Арена» тағы да жанкүйерлерге лық тола ма екен?

Ойын соңындағы баспасөз отырысында «Қайрат» бапкері Пало Рикардо Кака өз шәкірттерінің аяқ алысына баға берді:

– Ойын барысында Дуглас жарақат алып қалғандай көрінген. Жарақатынан енді айығып, осындай маңызды ойында өнер көрсету кез келген ойыншы үшін оңай болмасы анық. Әйтеуір, қауіпті ештеңе жоқ деп үміттенемін. Оның қандай маңызды аяқдопшы екенін бәріміз жақсы білеміз. Бүгінгі ойынға келер болсам, біз осы төрттік финалға өткенде барлығы сәттіліктің арқасында басқа қарсыластарымызды артта қалдырғанымызды айтып жатты. Бірақ, бүгін олардың пікірі жалған болғандығына көздерін жеткіздік. Келесі матчта қандай ойын өрнегін көрсететінімізді білмеймін. Уақыт анықтай жатар. Мен өз футболшыларымды мақтан тұтамын. Тек Дуглас, Тайнан, Игита емес, мұндай деңгейдегі ойындарда әлі тәжірибе жинамаған басқа да футболшыларым қарсыластың көрсеткен қысымына қарамай, қателіксіз, жақсы өнер көрсете білді. Алайда, жақсы ойын өрнегі әрқашан жеңіске жетелей бермейтінін ұмытпауымыз керек. Батыл ойнап, тәуілділіктен арылу керек. Шынын айтқанда, алғашқы голдар салынғанда аса қатты қуана қоймадым. Себебі, алдымызда әлі қаншама минуттар бар еді. Біз бірінші боп доп жіберіп алсақ, салымыз суға кетпес үшін, «қалай ойнау керек?» деген мәселені де алдын ала қарастырған едік.

Фото: «Қайрат» бапкері Пало Рикардо Кака.

Бұл матчтағы маңызды сәт бірінші голмен тығыз байланысты. Оған дейін екі қақпаға да тура соққы бағытталмаған еді. Есеп ашылған соң, қос команда да ашыла түсті. Бірінші гол барлық жоспарды өзгертуге әсер етті. Үзілісте ойыншыларымнан «кім шаршады?» деп сұрадым. Олардың барлығы да «жоқ, біз шаршаған жоқпыз» деп жауап берді. Мен оларға батылдық жетіспейтінін айттым. Өз жанкүйерлеріміздің алдында неге батылырақ ойнамасқа? Екінші таймда сол жетіспеген жерді түзетіп, ойынға кірістік. Бастысы, жеңіске деген ықылас таныттық. Әрине, ол бұл ойын басында да болған еді, сол ниетімізге батылдықты қоса отырып, жетістікке жеттік дей аламын. Алғашқы таймда «қорғаныс арқылы ойнадыңыздар» деген пікірді естіп қалдым, егер сенде доп болмаса одан басқалай ойнау мүмкін емес. Бірақ, біздің алғашқы голдар «Барселона» қақпашысының қателігі мен Игитаның ойынға сәтті араласуынан туындағанын білесіздер. Бұл қорғаныс арқылы ойнауға жатпайды. Команданың бұл маусымдағы ең маңызды матчы қалды. Ол «Спортингке» қарсы болғалы отыр. Оны Косовода өткен ойынмен салстыруға мүлде келмейді. Біз ол турнирде  «жұмбақ» команда болдық.  Ертеңгі матч тіптен өзгеше сипат алмақ. Күзде басқа «Спортингті» көрген едік (Косовода төрттік финалға жолдама алу үшін топтық кезеңдер өткен еді. Алматылық «Қайрат» «Спортингті» 2:1 есебімен тізе бүктірген – авт.). Жексенбі кеші тартысты әрі қызықты ойынға арналатын болады. Ал қандай есеп тіркелетінін ешкім әзірге болжай алмайды.

«Барселона» командасының бас бапкері Андру Пласа:

– Төреші шығарған барлық шешімдермен келісемін. Иә, бірінші таймда ойыншыларым жиі қазымен сөз таластырып жатты. Олардың өз ойлағандары бар болар. Бастысы – менің бас төрешіге тағар ешқандай айыбым жоқ. Ойынға келер болсам, бір-біріне ұқсамайтын қос тайм өтті. Бірінші ойын бөлігінде біздің басымдық көзге ұрылып тұрса, екінші таймда алматылық ойыншылар өз дегендерінше қимылдай білді. Үзіліске 0:0 есебімен кеткеніміз, біз үшін жаман көрсеткіш еді. Себебі, қанша мүмкіндігіміз болса да, есеп ашуға дейін жеткізе алмадық. Үзілістен соң «Қайрат» ойынды өз қолына алып, біздің ойыншылардың қателіктерін пайдаланып кетті. Хоселитоның қызыл қағаз алуы бес ойыншымен өнер көрсетуімізге кедергі келтірді. Тағы да бізде екі үлкен қателік болды. Оның біріншісі – қақпамызға кірген төртінші доптың Диегоның аяғына тиіп кеткені, келесісі – бесінші голды жіберіп алған соң, шәкірттерім ештеңе өзгерте алмйтындарын біліп, шарасыздық танытқандары.  Әрине, әр жеңілістен сабақ аламыз. Тактикалық тұрғыдан өз командамның ойынына көңілім толады. Кем ойнай жүріп, қақпашыны төртінші ойыншыға алмастыру «Қайраттың» ашылып ойнауына кедергі келтірудің бір ғана жолы болатын. Жоспардағыдай жүзеге асыра алғанымызға ризамын. Сонымен қатар, испан лигасында біз басқа командалармен салыстырғанда ең көп гол салған және ең аз доп жіберген команда болдық. Бүгін бізге кедергі болғаны сол – шабуылды түйіндей алмағанымыз. Бірінші таймда екі бірдей мүмкіндікті жіберіп алдық, сол сияқты екінші ойын бөлігінде де қаншама сәттер желге ұшты. Бізге шабуылды аяқтаумен жұмыс жасау керек. Төрттік финалды ұйымдастыру деңгейінің жоғары бағалаймын, бірақ паркеттің сапасы сын көтермей тұр. Әрине, мұндай тайғанақ боларын ешкім білмесе керек. Паркет – қос командаға да ортақ дүние болғандықтан, бүгінгі жеңілісімізге оның ешқандай қатысы жоқ.

Фото: «Барселона» командасының бас бапкері Андру Пласа.

Үшінші орын үшін «Интер» клубымен таласамыз. Оған қоса жеті күнен соң, осы командаға қарсы тағы бір финал болады. Ол – «Кароль кубогы». Қола медальға талас осы турнирдің бір бөлігі. Ал біз үшін маңызды ойын өз елімізде өткелі отыр. Қарсыласты құрметтейміз, сондықтан ешқандай жолдастық кездесу болады деп қалмаңыздар. Ойын соңына дейін күресуге уәде беремін. Әрбір жеңістің орны бөлек. Ал финалдық ойында қай команда жеңіске жететінін білмеймін. Бірақ, трибунаның қолдауы «Қайратқа» үлкен күш береді. «Спортингтің» де «Интерге» қарсы өткізген ойыны көңілімнен шықты. Ертең тартысты кездесу болатынан күмәнім жоқ.

Еске салай кетейік, бұл ойынның үздігі ретінде алматылық «Қайраттың» қақпашысы Игита танылды. Оның қақпадағы сенімді ойыны командасын финалға алып шықты. 

«Барселона» (Испания) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – 2:5 (0:0)

Голдapды сaлғaн: 0:1 Тaйeби, 22, 0:2 Тaйнaн, 28, 0:3 Джон Лeннон, 38, 1:3 Лосaно, 39, 1:4 Гомeс, 40, 2:4 Диeго, 40, 2:5 Дyглaс, 40.

«Бapсeлонa»: Хyaнхо, Aйкapдо, Диeго, Aдольфо, Эскepдинья; қосaлқы құpaм – Дидaк (Қ), Pоджep, Лeо Сaнтaнa, Бойис, Лозaно, Pивильос, Хосeлито, Apтyp.

«Кaйpaт»: Игитa, Гомeс, Paнгeл, Джон Лeннон, Тaйнaн; қосaлқы құpaм – Дyдy (Қ), Сүлeймeнов, Фaвepо, Тұpсaғұлов, Дyглaс, Тaйeби, Нұpғожин, Оpaзов, Eсeнaмaнов.

Суреттер ғаламтордан алынды.

#футзал #Қайрат #жеңіс

Similar materials