«Баланы «өзімдікі» не «өзгенікі» деп бөлмеу керек»

Бес бірдей баланы асырап алған Гаухар Танашевамен сұхбат

«Дүние есігін ашқаннан балалар үйінде тәрбиелендім. Маған өте жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ адам жолығып, бауырына басты. Ол мені балалар үйінен алып кетіп, аналық махаббатын сыйлап, отбасы деген ұғымды терең түсінуіме мүмкіндік беріп отыр. Қазір үлкен өте тату-тәтті отбасыда өмір сүріп жатырмын, енді менде Әке де, Ана да бар. Біздің үлкен отбасымызда 8 бала. Оның бесеуі мен секілді сырттан кеп қосылғандар. Барлығымыз бір анадан туғандай ынтымақтамыз. Анамыз балалармен көп уақыт өткізіп, балалар үйіне жиі барып тұрады. Онда көптеген шаралар өткізуге көмектесіп келеді. Біздің Анамыз – бүгінгі күннің нағыз батыры».

Бұл сөздер «Қазақстан балалары» қайырымдылық қорының президенті, «Бақытты отбасы» қоғамдық қорының басшысы Гаухар Танашеваға арналады. Ол «балалар үйіндегі әрбір бала бақытты болуға лайық» деп есептейді.

– Бір Жаңа жыл мерекесі кезінде балалар үйіне барып, Аяз Ата болып, сыйлықтар үлестірдік. Сонда алғаш рет Амирамды көрдім. Келер жылы тағы барсам, оны басқа отбасы асырап алыпты. Бұл жаңалық мені шын қуантты. Араға біршама уақыт салып, сол мекемеге тағы жолым түскенде, асырап алған отбасы қызды бұл жерге қайта тапсырғанын білдім. Онымен кездесіп, сөйлесіп, жан дүниесіне үңіліп, қиын сәттерді бастан өткергенін түсіндім. Кішкентай қыздың жан қиналысы мені тебірентіп, жүрегіме шоқ түсірді. Содан жолдасыммен ақылдаса отырып, оны бауырыма басамын деп шештім. Мені алаңдататыны – асырап алушы жанұялардың оларды қайта сол мекемеге әкеп тастайтыны. Жауапкершілік арқалап, балаға үміт сыйлаған соң, оны жерге ұрып, ескі күндеріне ертіп келудің қажеті жоқ.

Құжаттарын жинап, сотқа өткізген Гаухар Шаймерденқызы ақыры 2-3 айды араға салып, Амираның заңды асыраушысына айналған.

– Өзім Қызылорда облысының, Қармақшы ауданының тумасымын. Атам мен әжемнің қолында еркелеп өстім. Сол кезден бастап, кейін көпбалалы ана атансам деп ойлайтынмын. Өзімнің үш балама балалар үйінен келген бес бала қосылып, бала шақтағы арманымды орындағандаймын. Осылай, отбасымыз баланың бал күлкісіне толып, шат-шадыман күндерімізді өткізіп келеміз.

Гаухар Шаймерденқызының нағыз қайырымдылық жұмыстары 2009 жылы басталады. Сол жылы отбасы балалар үйінен келген алғашқы Әділ атты бүлдіршінмен толысады.

Соңғы он жыл ішінде жұбайымыз екеуіміз балалар үйінде тұратын жетім балаларға көмектесіп келеміз. Бірінші асырап алған ұлым пайда болуымен біздің көзқарасымыз да өзгерді. Егер бұған дейін көмекке мұқтаж балалар бар екенін білген болсақ, енді біз жай қарап өтпей, әрекет жасап, балалардың өміріне белсенді түрде қатыса бастадық. Балалар үйінің жағдайы қаншалықты жақсы болса да, бала үшін ең маңыздысы сүйікті отбасы екенін түсіне отырып, біз бала асырап алу туралы шешімге келдік. Біз үшін баланың қанша жаста екені, оның ата-анасының кім болғаны маңызды емес.

Жолдасы әрдайым «егер біз бір баланың дұрыс жолға түсуіне көмектесіп, адамгершілігі мол азамат етіп өсірсек, бекер өмір сүрмегеніміз деп есептеймін» деп отырады екен.

– Осы игі істердің басында жолдасым тұр. Ол барлық жобаларымды қолдап, демеп келеді. Артымда тірекшім тұрғанда кез келген жұмысты қорықпай қолға ала беремін. Ол бала асырап алу туралы ойымды айтқанымда қарсылық білдірмей, құжаттарды жинауға көмектесіп, соңына дейін бірге жүгірді. Сол сияқты қорды ашу кезінде де жолдасыммен қатар, екі досым көмек қолын созды. Ол 2014 жыл болатын.

Гаухар Танашева ашқан «Қазақстан балалары» аталатын қайырымдылық қор балалар үйінің мүшелеріне психологиялық, заңдық, әлеуметтік дағдылану бойынша көмек көрсетеді.

 Біздің мақсат – тағдырдың қиын жағдайында қалған балаларға отбасылық өмір сыйлау, оларды өзінің ата-анасымен қауыштыру не асыраушы жанұяға табыстау. Егер мұндай мүмкіндік болмаса өмір сүріп жатқан мекемеде отбасылық қамқорлықты сезіну үшін барынша жағдай жасау. Баланың барлық потенциалын ашуға, жақсы азамат боп өсуіне ықпал ету. Интернатты бітірушілер қатарына  баспаналы болу, жұмыс табу, тамақтану, басқа адамдармен қарым-қатынас орнату, медициналық көмекке зәрулік, отбасын құру секілді көптеген проблемаларға кезігіп жатады. Біз осындай жағдайдағы жандарға барынша қолдау білдіреміз. Біз балалардың өмірін құтқармаймыз, тек олардың қоғамның бір мүшесі екендігін сезіндіурі үшін күш саламыз. Осы жұмысымыз арқылы тастанды балалардың жалғыз әрі керексіз емес екендіктерін сезіндіріп, үлкендердің махаббатына бөлеткіміз келеді.

Бес жылдың ішінде қор бірнеше іс-шараларды қолға алған. Оның бірі «Балалар үйіне үйдегідей жақсы жағдай жаса» деп аталады. Әрине, мұндай мекемелерді заман талабына сай жасақтау көп қаржыны талап етеді. Мемлекет барынша демеу көрсеткенімен, кәдімгі үйдегі атмосфера болмауы да  мүмкін. Соған орай, Алматы қаласының қоғамдық-қайырымдылық қоры балалар үйіндегі бірнеше жатын мен оқу бөлмелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізген еді.

Одан бөлек, егіз не ағайынды балалардың бір отбасыға баруын қолдайтын «Менің отбасым» атты жоба болды. «Кездесуге бір қадам» деп аталатын жоба да балаларды жаңа жанұяға табыстауға арналған еді. «Біз бірге боламыз» – қиын жағдайда қалған осындай мекемелердің бітірушілері мен көпбалалы отбасылағарға психологиялық, заңды көмек көрсетуге бағытталды. Ал «Мама, менімен сөйлесші» атты жобамызда қыздарға дұрыс тәрбие беру жөнінде анасы мен қызының арасындағы ашық қарым-қатынасқа жол ашуды көздедік. Балалар үйіндегі тастанды балалардың дербес тұлға болып қалыптасуына бағытталған «Өмір дағдыларына арналған балалар университеті» жобасын да жүзеге асырдық.

Гаухар Шаймерденқызы қазіргі уақытта тағы бір бағытта белсенді жұмыс атқарып жүр.

Жалпы қоғамдық қор арқылы көпбалалы аналардың көптеген сұрақтарымен 4 жыл бойы айналысып келеміз. Осы жылы көпбалалы отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге байланысты бірқатар мәселелер туындады. Қазіргі кезде қаламызда 15 мыңға жуық көпбалалы отбасы тіркелген, оның 1/3 бөлігі, яғни 5561-і – тұрмысы төмен отбасылар. «Бақытты отбасы - Алматы» бағдарламасы арқылы аз қамтылған көпбалалы отбасыларына кешенді қолдау бойынша көптеген шаралар ұйымдастырдық. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға қызмет көрсету «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын көпбалалы аналар орталығында отбасылардың ақпараттық деректер базасын әзірлеу, заңдық және психологиялық кеңестер беру, жұмысқа орналастыру, аналардың компьютерлік сауаттылығын жоғарылату, балаларға ұйымдар, менталді арифметика, жылдамоқу, ағылшын сабақтары тегін өткізіледі.  

Аналар мен балаларға барынша көмектесуге арналған орталықтың ашылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы келіп, сәттілік тілепті.

Менен «осынша балаларың бар, кәсіп пен қоғамдық жұмысты қалай қатар алып жүресің?» деп сұрайтындар көп. Бастысы – балаларыңа, жұмысыңа деген махаббат. Өзім дәрігермін,  кезінде шетелдік фармацевтикалық компаниялардың бірнешеуінде жұмыс істегенмін, басқару қызметіне дейін жетіп, жақсы жалақы да алдым. Бірақ, көп балалы ана болғаныма қарамастан, бір күні бәрін тастап, өзіме бұлыңғыр кәсіпкерлікке бет бұрдым. «Қолымнан келмей қалса қайтемін, далада қалып қоймаймын ба?» деген ойлар мазалағаны рас. Иә... Жолдасым екеуміз көп қиындықтарды бастан өткердік. Жалдамалы пәтерде тұрдық, несиеге алған бір бөлмелі үйді де паналадық. Алайда, алға қойған мақсаттан таймай, еңбектенудің арқасында дегенімізге жетіп отырмыз.

Шеттей сегіз баламен кең үйде тұруды армандаған отбасы ақыры ондай бақытқа да қол жеткізеді. Асырап алған үлкен ұлы мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, оған барынша жағдай жасауға да мүмкіндік туған.

– Қиын жағдайларда ешкімнен көмек күткен жоқпыз, бала асырап алдық деп үй сұраған жоқпыз. Бала өмірге келерде ата-анасын таңдамайды, оны ата-анасы өз санасымен дүниеге әкеледі. Сондықтан, әрбір ата-ана, ең алдымен, өз баласының тағдыры мен болашағы үшін өзі ғана жауапты екенін есте ұстағандары жөн деп ойлаймын.

«Балаларды «өзіміздікі» не «өзгенікі» деп бөлудің қажеті жоқ. Олар қамқорлық пен махаббатқа толы отбасыда дүниеге келмегендеріне кінәлі емес. Біз, үлкендер көппіз және көп нәрсені өзгерту қолымыздан келеді. Сол себепті, сондай балалардың тағдырын жақсы арнаға бұру біздің қолымызда. Оларға біз-ересектерден басқа ешкім көмек қолын созбайтындарын түсінуіміз керек. Балалар қиын балалықтарына қарамай, біздің қолдауымызды, демеуімізді, көмегімізді күтіп жүр. Осыны ұмытпайықшы...»

(Суреттер Г.Танашеваның жеке мұрағатынан алынды)

#қайырымдылық #көпбалалы ана #Гаухар Танашева #Қазақстан балалары

Similar materials