«Қазақ балалары не көріп жүр?»

Отандық режиссер қазақ балаларының шетелдік мультфильмдерге неге үйірсек екенін айтты

Қазақ анимация саласында ақжолтай ақпар! Былтыр кішкентай көрермендерге жол тартқан «Мұзбалақ» анимациялық фильмі Ресейде өткен «Отбасымен бірге» кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығымен марапатталды. Қазақ мультипликация өнерінің шыңына баланған туынды бұған дейін де халықаралық кино байқауларына бірнеше рет ұсынылып, жоғары марапаттарға ие болып жүр. Осы орайда, El.kz интернет жобасы әлем елдерін аузына қаратқан фильмді жарыққа шығарған Шәкен Айманов атындағы қазақфильм киностудиясынан сүйінші сұрап, аталмыш туындының режиссері Тұрдыбек Майданмен сұхбаттасқан болатын. Отандық аниматордың қазақ мультфильмінің бүгіні мен келешегі туралы ойлары ықшамдалып беріліп отыр.

Суретте: Тұрдыбек Майдан

«Еl.kz»: Тұрдыбек мырза, Ресейде өткен «Отбасымен бірге» кинофестивалінде «Мұзбалақ» анимациялық мультфильмі қазылардың арнайы сыйлығына ие болыпты. Құттықтаймыз!

Тұрдыбек Майдан, «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің режиссері: Рақмет. Осымен 14-ші рет ұйымдастырылған кинофестивальдан арнайы сыйлық алғанымызды естіп, балаша қуандық. Тамшыдай болса да қазақ киносына қосқан үлесіміз бағаланып, жасаған жұмысың осындай үлкен биіктен көрініп жатқанда мақтаныш сезімі кернейді екен. Бірақ бұл «Мұзбалақтың» алғашқы жеңісі емес. Былтыр ҚР Кинематографистері Одағының «Құлагер» жүлдесінде, «Үздік анимациялық фильм» аталымы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Сол сияқты XVII «Алау рухы» Халықаралық кинематографиялық дебюттер кинофестивалінің балалар және жасөспірімдер фильмдері конкурстық бағдарламасына да қатыстық.

«Еl.kz»: Тұрдыбек мырза, әңгімені өзіңіз туып-өскен ортадан бастасақ. Анимация саласына қалай келгеніңізді айтып берсеңіз?

Тұрдыбек Майдан: Мен 1982 жылы Қытай Халық Республикасында Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Қорғас ауданының Алмалы деген ауылында таудың төбесінде Сайрам деген көлдің жағасында дүниеге келгем. Бала күннен бойымда сурет салуға деген әуестік болды. Қылқаламмен парақ бетін әртүрлі түске бояп, түрлі образдар жасау мені шабыттандыратын. Ойға келгеннің бәрін сурет арқылы қағазға салатынмын. Әрине, кәсіби деңгейде алып қарасақ, ол кездегі суреттер қазір шимай-шатпақ екенін түсінемін. Дегенмен, қаншама образ, көңіл-күй, адамдар прототипі, жағымды және жағымсыз кейіпкерді суреттеуге кішкентайымнан машықтандым. Содан 1999 жылы ауылдан ұзап, Қытайдың шығысындағы Ихай деген қалада «Көркем сурет» колледжіне оқуға түсіп, кейін екі жылдай Оңтүстік Корея мен Қытайдың бірлескен анимациялық фильмдер жасайтын студиясында жұмыс істедім. Сол кезде қазақ мәдениеті мен өнерінде үлкен төңкеріс жасайтын туынды жасап, қазағымның рухын көтеретін дүние туғыза алсам деген ой жиі келетін. Сол арманым нақты мақсатқа айналып, елге жетеледі. Бойымдағы бір пайыздық талантты ұштап, нағыз шығармашылық адамы болуыма Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының көмегі көп тиді. Іргелі оқу орнының «Анимациялық фильм режиссурасы» мамандығын оқып, студенттік жылдардан бастап осы саланың пұшпағын илеуге кірісіп кеттік. Қазақ анимациясының негізін қалаушы, осыдан 50 жыл бұрын күллі қазақ көрерменін өзінің «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты туындысымен тәнті еткен Әмен Қайдаровтың тобында дәріс алып, анимацияның қыр-сырына қанықтым. Содан бері «қазақ баласы қазақ мультфильмін көріп өссе» деген арман алға жетелеп келе жатыр. Жалпы, анимация саласында алғашқы дебютім 2008 жылы Шәкен Айманов атындағы кинофестивалге «Әлін білмеген» деген 4 минуттық жобамды ұсынуымнан басталған. Одан бері көптеген байқауларға қатысып, бірінен бағым шапса, екіншісінен еншісіз қайтқан кездер болды. 2010 жылы «Ақ қаз» тақырыбында 5 минуттық дипломдық жұмыс жасап, оның қалған бөлігін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ студиясында жалғастырдым. Негізі, анимация саласына осылай сіңісіп кеттім.

«Еl.kz»: Киноның қалай түсірілетіні белгілі, ал анимациялық туынды ше? Оқырмандарға түсінікті болуы үшін барлығын рет-ретімен айтып өтсеңіз.

Тұрдыбек Майдан: Бірінші фильмнің тақырыбы бекітіледі. Содан кейін тақырыпқа сәйкес, сценарий құрылады. Негізі, туындының тартымды әрі мағыналы болуы осы сценарийге байланысты. Қарапайым түрде айтқанда, тұрғызылатын үйдің астыңғы бетон қабаты сияқты. Ол берік әрі нық болса қабырғалары мен шатыры да сенімді тұрады. Дәл осы сияқты мықты сценарий керек. Сондай-ақ, кинокартинаның желісімен қоса, оның мағынасы, көрерменге беретін эстетикалық әсері жоғары болғаны жөн. Сондықтан ұсақ детальдар, әрбір кейіпкер және образдар арасындағы қайшылықтар, барлығы егжей-тегжейлі сарапталып, сараланады. Бір жағынан бұл жасалып жатқан жобаның ауқымдылығына байланысты. Мәселен, «Мұзбалақ» толықметражды фильмінің қаңқасы 20 тәулікте дайын болды. Әсіресе, кішкентай көрермендер үшін түсірілетіндіктен түсініксіз сөз қолданыстардан қашуға, балаға кинокартина арқылы психологиялық қысым жасамауға тырысамыз, сонымен бірге, ондағы кейіпкерлерге балалардың сенуі, сөйлеу мен іс-қимылдың барлығы жанды болуы үшін режиссер, сценарист және суретші жауапты.

Суретте: мультфильмнен скриншот

Сценарий дайын болғаннан кейін идеясы жасалып, осыдан кейін барып сценарийдің диалогтары жазылады. Сценарийдегі кейіпкерлердің образын жасау да ең маңызды кезең. Режиссерлер мен суретшілердің сыналар шағы да осы сәт. Себебі, анимациялық фильмнің ең ұтатын тұсы кейіпкерлердің берілу формасында. Жағымды кейіпкер мен жағымсыз кейіпкерді балалар бірден ажыра алатындай болуы шарт. Ал мұның барлығы олардың суреттерін салу кезеңінде іске асырылады. Жоғарыда айтып өткенімдей, кейіпкер болмысы оның рөліне байланысты. Мәселен, сурет арқылы кейіпкердің болмысынан, киімінен образ айқын көрінуі қажет. Осыған сәйкес детальдар ұсынылады. Тіпті, жағымсыз кейіпкердің өмір сүретін ортасы да ойластырылады. Көбінесе жағымды кейіпкер образы ашық түстерге бай болса, жағымсыз рөлдегілерге қою, күңгірт түстер таңдалады. Кинокартинадағы детальдар кейіпкер суреті салынғаннан кейін ойластырылуы мүмкін. Тағы бір маңызды дүние – кейіпкердің сөйлеу барысындағы қимыл әрекетін ескеру. Ол барлық заңдылықтарға сәйкес келе ме, адамдар күнделікті өмірде қалай отырады және қалай тұратынын аниматорлар айнаға қарай отырып, сол әрекетті өздері жасап көріп артынша суретке жан бітіреді. Кейіпкердің бар болмысы осы жерде ашылады.

«Еl.kz»: Мультфильм мемлекет қаржысына жасалғаны белгілі. Ал осындай ірі жоба неліктен сіздерге тапсырылды?

Тұрдыбек Майдан: Мультфильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілді. Негізі жұмыстар Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жасалды. Ал сұрағыңызға тоқталар болсам, басында біздер «Тастүлек» деген қысқаметрлі анимациялық фильм түсіргенбіз. Бұл фильмді «Қазақфильм» АҚ басшысы Бақыт Ғафуұлы көрді де, туындыны дамыта отырып толықметрлі етуді тапсырды және бұған барлық жағынан қолдау болатынын айтты. Міне, осылай «Мұзбалақ» біздің қолға тапсырылды. Бірақ мультфильм желісі мүлде басқа арнаға ауысып, «Тастүлек» екеуі бір-біріне ұқсамай қалды. Ал атауына келер болсам, қазақ бес жасар бүркітті мұзбалақ дейді. Жалпы, бүркіт өте тәкаппар құс болғандықтан, байырғы қазақ оған жасына қарай атау беріп отырған. Шығармашылық топта аңға шығып, саятшылық құрғандар жоқ, бірақ аңшылардың әңгімесін тыңдап, біраз ақпарат алғанымызды жасырмаймыз. Қыранды қондыру, орнына отырғызу, жылқыны баптап, оны жарату кезінде істелетін жұмыстармен, құсты қолға үйрету және басқа да дүниелермен танысып, зерделедік.

«Еl.kz»: Қалай ойлайсыз, мемлекет қаржысына қарамай-ақ, анимациялық туындының шығынын қаралым арқылы ақтап алу мүмкін бе?

Тұрдыбек Майдан: Мүмкін. Бірақ бұған біздің көрермендер дайын деп айта алмаймын. Алайда соңғы жылдары тарихи киноларға, қазақ режиссерлерінің фильмдеріне келушілер қатары артқан. Бастысы, қызығушылық бар. Ал анимациялық фильмнің жасалуы да күрделі, жұмысы да ауыр. Оның үстіне, бұл өнер туындысы бүлдіршіндерге арналатындықтан, барлық шығынды көрермен есебінен ақтаймын деу әбестік болар.

«Еl.kz»: Десе де, киноны басқа елдерге сату арқылы табыс табуға болады ғой.

Тұрдыбек Майдан: Дұрыс айтасыз. Бұл әрбір режиссердің ойында бар идея. Солай жасап жатқандар да жоқ емес. Мүмкін деуімінің себебі де сол.

«Еl.kz»: Осы ретте, тағы бір мәселенің ұшы шығады. Неліктен біздің кішкентайлар шетелдік мультфильмдерге әуес?

Тұрдыбек Майдан: Сауалыңыздың түп-төркінін түсініп отырмын. «Қазақ кинемотографтары қазақ балаларына қазақша мультфильм көрсете алмай отыр» деген сыңайдағы сұрақ қой бұл. Ақталудың өзі артық болар. Бәрі бір кінәлі сол баяғы біздер болып шыға келеміз. Бірақ елімізде қанша режиссер, қаншама аниматор бар. Олардың таным-түсінігі, көзқарасы, аудиторияны зерттеу әдістемесі әртүрлі. Сондықтан қызықсыз анимациялық шығарма көре қалып, «ой біздің режиссерлер қызық емес өнім ұсынады» деген ойдан ада болған жөн. Бұны неге айтып отырмын дейсіз?! Себебі, біздің өнімдер қызықсыз болғандықтан бүлдіршіндер шетелдің туындыларын көреді. Сол қызықсыз өнімді шығарып жатқандар кәсіби мамандар болмауы да мүмкін. Бір суретті қозғалта алса болды өзін білікті аниматордай санайтын, еш мәні жоқ туынды жасап «танымал режиссер» сияқтанып кететіндер бар. «Кемедегінің жаны бір» демекші, барлығымыз бір саланың пұшпағын илеп жүргендіктен айтылатын сын да, мақтау да біздің тарапымызға қарата айтылады. Бірінші себебі – осы. Ал екінші мәселе үйдегі үлкендерде. Баланың не көріп, нені біліп өскені дұрыс екенін білмейді. Білгісі де келмейді. Біздің жеңгелер балаға анау бір сары қыз бен аюдың оқиғасына құрылған мультфильмді «YouTube»-тан қосып берсе болды. Әрине, нарықтық қоғамда ата-ана болып, әрбір баламен күндіз-түні отырып, нені көріп, нені көрмеу керек дегенді зерттеу мүмкін емес шығар?! Бірақ тым құрығанда өздері қазақша кино көріп, қазақша мультфильм жайында шай басында әңгіме қозғап, баламен қарым-қатынас орнатса бұл мәселе шешіледі деп сенем.

Суретте: мультфильм кейіпкерлері

«Еl.kz»: Былтыр қазақ анимация тарихына 50 жыл толды. Жарты ғасырда жасалған жұмыстар аз. Өзіңіз айтпақшы, балаларға отандық аниматорлардың туындыларын көрсетіп, кейін шетелдік мультфильмдерге тоқтау салуға болады делік. Десе де, біздегі анимациялық фильмдерді бір айда бірнеше рет қайталап көріп шығуға болады. Бұған не дейсіз?

Тұрдыбек Майдан: Дұрыс айтасыз. Бірақ әңгіме сан да емес, сапа да болуы керек. Жалпы, бұл бізде кенже дамып келе жатқан өнер. Кейінгі жылдары ғана Елбасының тікелей қолдауымен қайта қолға алынғаны белгілі. Расымен, қазақ анимациясы дегенде сол баяғы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі ойға сап ете қалады. 1967 жылы көрермен көзайымына айналған мультипликация өнерінің тұсаукесері «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы» секілді мультфильмдері қазақ анимациясын жарты әлемге танытты. Бұл қатарда, режиссер-суретшілер Ж.Даненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», «Бозторғай», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты», Б.Омаровтың «Үш шебер», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар» сияқты туындыларымен ғана мақтана аламыз. Осы аталған шығармаларды көріп шықсаңыз технологияның дамымаған уақытында жасалғаны байқалады, алайда, мәтіндік, мазмұндық жағынан олар биік. Оларды әрбір қазақы отбасының баласы көріп өсті десем де қателеспейтін шығармын және жоғарыда айтқан уәжіме көпшілік келіседі деп ойлаймын. Мәселен, бала жыламаса болды деп ғаламтордан «мультфильм» деп іздеу салады да, жарқ-жұрқ еткен бір «әлемге» баланы итере салады. Кейін ғой сол баламен тіл табыса алмай отырады. Тіпті, кейбір кездері балалардың тілі орысша шығып, сол тілде сөйлеуге үйреніп алады. Басқа тілде сөйледің дегенің басқаша ойладың деген емес пе? Сондықтан бүлдіршіндерге фильм ұсынғанда аса сақтықпен, жоғары талғаммен таңдаған дұрыс.

«Еl.kz»: Мазмұн деп қалдыңыз, қоғамда «отандық мультфильм кейіпкерлері тым жасанды (әдеби) сөйлейді» деп жатады. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?

Тұрдыбек Майдан: Бұл орысша ойлайтын ата-аналардың сөзі деп санаймын. Егер туынды арқылы қазақ балақайларын әдебиет тілімен сөйлетеміз деп ұйғарылса, ол солай болғаны жөн. Мәселен, «Балапан» арнасы қаншама балаға «мама» дегенді «ана» деп, «папа» дегенді «әке» деп айтуға үйретті. Бұл жаман ба? «Балапан» қалай сөйлесе, бүгінгі бүлдіршіндерде солай сөйлеп жатыр. Сөйлей бергені де жөн. Мен жоғарыда барлық мәселе ата-анада деп айтқаным да сондықтан. Тығырықтан шығатын ешбір жол жоқ болса, балаға ұсынылған мультфильмді алдымен ата-ана өздері қарап, сәл болса да анализ жасағаны дұрыс. Міне, сонда біздің бүлдіршіндердің санасы сергек, ойы таза тұлғаға айналады.

Суретте: мультфильмдегі жағымсыз кейіпкер

«Еl.kz»: 22 ай. 65 минуттық анимациялық кино. Бір сұқбатта уақыттың тығыз болғанын айтыпсыз. Жалпы, бұл жанрдағы туындылар осынша ұзақ жасалады ма, әлде белгілі бір кедергілер болды ма?

Тұрдыбек Майдан: 65 емес, 67 минут (күлді). Расымен, екі минуттың өзі бұл салада үлкен рөл ойнайды. Оның үстіне, қазақтың маңдайына біткен аниматор Әмен Қайдаровтың 1967 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфилімі жарыққа шықты. Бұл елге, қазақ анимациясының 50 жылдығына жасаған тартуымыз әрі отандық аниматорлар пір тұтатын тұлғаға жасаған құрметіміз болды. Негізі, туынды араға 3 жыл салып көрерменге ұсынылды. Меніңше, бұл көп уақыт емес. Әлгінде айтқанымдай, анимациялық кино тез туыла салмайды. Оған үлкен уақыт пен қаржы керек. Кедергілер аз-маз болды. Бірақ бұл сценарий немесе сыртқы күштердің әсерінен емес. Ішкі, командалық мәселелер болды.

«Еl.kz»: Кез-келген телевизиялық жобада немесе кино туындыда кадр сыртындағы шығармашылық топ елеусіз қалады? Сол кісілер жайында айтып берсеңіз.

Тұрдыбек Майдан: Балаларды қызықтырамыз деп экшн жанрын таңдадық. Бұл шығармашылық топтың шешімі болды. Кинокартинаның басы-қасында қырыққа тарта маман қызмет істеді. Негізгі сценарийді Ербол Бораншы, Адай Әбілда және фильмнің режиссерлері жаздық. Әуенмен әрлеген Әсет Даненов болды. Танымал әнші Ұшқын Жамалбек саундтрек мәселесіне білек сыбана кірісіп, тың дүние жасай алды деп есептеймін. Мультфильм 2D және 3D форматында жасалғандықтан IT саласының мамандары да көбірек тартылды. Шығармашылық топқа барынша қолдау жасап, өзінің кеңестерімен бөліскен Мейіржан Сандыбай, Әміржан Қазиев, Жанаду Байдарбектерді ерекше атап өткім келеді. Жалпы, командада барлығы осы жоба үшін жанын салды. Үш жылда біздер әріптес қана емес, аға-бауырдай қоян-қолтық қызмет атқардық. Әрине, жұмыс барысында келіспеушіліктер де болды. Образ таңдау мәселесіне келгенде қайшылықтарға көбірек бой алдырдық. Аниматорлар жасаған бейнелер режиссер ретінде біздерге ұнамаған сәттері де болды. Біздерге ұнаған образдар команданың көңілінен шықпай жатты. Бастысы кішкентай көрермендердің көзқарасын ескеруге тырыстық.

«Еl.kz»: Кино прокатқа шыққалы бері қанша рет көрсетілді және көрермендердің қабылдауы қалай болды?

Тұрдыбек Майдан: Көрермендер барынша ыстық ықыласпен қабылдады. Нақты қанша рет көрсетілгені есімде жоқ. Алайда алыс-жақын шет елдерде көрсетіліп, өз бағасын алып жатыр. Кәсіби мамандар оның техникалық жағына, оқиға желісі мен режиссерлік шешімдерге жоғары баға беруде. Әлі күнге бұл фильм жайында сұрайды, айтып жатады. «Мұзбалақ» фильмінде кейіпкер мен камераның қозғалу еркіндігі қазақ анимациясы тарихында бұрын соңды болмаған тенденция. Графика тілімен айтқанда, 2 D форматындағы мультфильм алғаш жасалып отыр. Себебі, анимациялық туындыда әртүрлі ракурстан көрсету техникалық жағынан күрделі процесс. Өйткені, мұндағы кішкентай қозғалыстың өзі сурет болып жеке-жеке салынады. Аса тиянақтылық қажет. Негізі, «Мұзбалақта» табиғат көріністері ерекше суреттелді деп айтуға болады. Кез келген көрермен сүйсініп қарайды десем артықтық болмас. Кең байтақ қазақ елінің кереметтігін, түрлілігін суреттеген туынды болды.

Суретте: мультфильмдегі қазақ ауылы

«Еl.kz»: Анимациялық фильм жасау қымбатқа түсетіні түсінікті. Десе де, мәнді туынды жасауға қаражат көлемі қаншалықты әсер етеді?

Тұрдыбек Майдан: Кез-келген жағдайда қаражат мәселесі басты рөл ойнайды. Себебі, қаламақы жақсы төленсе мықты мамандармен келісімшарт жасайсың. Тиісінше, өз ісінің майталман маманы сапалырақ дүние ұсынады. Қысқасы, төленген еңбекақыға сәйкес жұмыс істейді. Ал ақша жағы тапшы болғанда техникалық жағынан ақсап жатқанмен мазмұндық жағынан ұтуға болады деп санаймын.

«Еl.kz»: Біздегі анимациялардың бір-біріне ұқсас болу себебі неде?

Тұрдыбек Майдан: Қазақ болғандығымыз үшін шығар?! (күлді). Бірақ мұндай мәселені байқамаппын және анимациялық туындылар бір-біріне ұқсас дегенге аса келіспеймін. Алайда бір автордың бірнеше туындысын салыстырғанда ұқсастықты байқауға болады.

«Еl.kz»: Бір сұқбатта «Мұзбалақ» көңілімнен шықпады депсіз. Неліктен? Әлде, көрермендер байқамайтындай қателіктер бар ма?

Тұрдыбек Майдан: Сізге өзіңіз жазған мақала ұнай ма? «Жоқ» дейтініңіз белгілі. Дәл сол сияқты шығармашылық адамдары өздері жасаған дүниеге ешқашан көңілдері толмайды. Көңілі толды дегеннің өзінде өз қателіктеріңді кейінірек байқап, «әй, қап» деп қалатын кездер болады. Киноның мына жерін былай өзгерту керек еді деп отыратын жағдай бір ғана біздің басымызда болатын жағдай емес. Бұл барлық адамға тән қасиет. Мультфильмнің екінші режиссері Тілек Төлеуғазы екеуміз «Мұзбалақты» көріп отырып тағы да бір жобада жұмыс істейтін болсақ ескерілуі тиіс жайттарды түртіп алып жүрміз.

«Еl.kz»: Соңғы сауал болсын қазақ анимациясына не жетіспейді?

Тұрдыбек Майдан: Қазақ анимациясына қазақ көрермені жетіспейді.

«Еl.kz»: Сұқбатыңызға рақмет! Сүйіншілейтін тың туындыларыңыз көбейе берсін!

(Суреттер Т.Майданның жеке мұрағатынан)

Similar materials