Жаңалықтар

Ең төменгі жалақы орташа жалақының 33 пайызын құрауы керек – сарапшы

Ең төменгі жалақы орташа жалақының 33 пайызын құрауы керек – сарапшы
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 06.10.2023 14:37 1223

Дамыған елдерде халық жалақысының 8 пайызын азық-түлікке жұмсаса, Қазақстанда жалақының 50 пайыздан астамы азық-түлікке кетеді екен. Белгілі экономист Мақсат Халық шетелдегі және еліміздегі ең төменгі жалақы жүйесінде үлкен айырмашылық барын айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.  

Осыны ескерген Мемлекет басышысы Қасым Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруді тапсырды. Осылайша, еңбекақының ең төменгі мөлшері 3 жыл ішінде 2 есе көбейді. Бұл шара 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 360 мың теңге. Әлемдік статистиканы қарайтын болсақ, дүниежүзінде ең төменгі жалақыны орташа жалақының 3/1 бөлігі деп қалыптастырған уақытта бекітеді. Бұл бүкіл әлемдегі статистика тәжірибесінде бар. Яғни, төменгі жалақы орташа жалақының 33 пайызын құрауы керек. Мысал келтірсек, бізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге, орташа жалақымыз 360 мың теңге. Ал 360 мың теңгенің 3/1 бөлігі – 120 мың теңге. Бізде кем дегенде ең төменгі жалақы 120 мың теңге болуы керек, - деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Экономисттің сөзінше, елімізде ең төменгі жалақы мөлшерін есептейтін кезде «азық-түлік корзинасына» кіретін тауарлардың құны назарға алынады. Осылайша адамдардың бір айға кететін шығынын есептейді. Дегенмен азық-түлік корзинасына кіретін тауарлардың саны 2012 жылдан бастап ауыспаған екен. 

Азық-түлік корзинасының тізімінде ең басты деген тауарлар ғана жазылған. 50 пайыз азық-түліктер болса, 50 пайызы тұрмысқа қажетті заттар деп есептелінеді. Күнделікті қажеттіліктерімізбен біз азық-түлік корзинасын қалыптастырамыз. Ұлыбритания, Германия секілді еуропа елдерінде оның саны 200-ден асады. Тіпті 200-ге жеткеннің өзінде сол 200-ге жететін тауарлардың, қызмет көрсету ішіне үй жануарларын клиникаға апаруға кететін шығындар, адамның шаштараздағы шығындары, қызмет көрсету мен тұрмыстағы тауарлардың барлығы да күнделікті адамдардың қажетті шығындарының құрамына кіріп отыр, - деді Ысқақов.

Бауыржан Ысқақов елімізде ең төменгі жалақыдан бұрын инфляцияның тез өсетінін сөзге тиек ете кетті.

Ең төменгі жалақы көтерілгеннен кейін де халықтың жағдайы бірден жақсы болып кетеді деген факт жоқ. Өйткені бізде жалақыға дейінгі өсіп жатқан инфляция бар. Азық-түлік пен тауарлардың қымбаттауы бар. Инфляциядан кейін төменгі жалақыны қанша көтерсек те, ол инфляцияның құнына жетпей, ақыр соңында халық өзінің бір айдағы шығындарына жалақысының 90 пайызына дейін жұмсап жатады. Осындай факторларды алып қарастырған кезде біздегі 85 мың теңге тіпті мүлдем қазіргі уақыттағы әлеуметтік жағдайдағы талапқа сәйкес келмейтіндігін көрсетіп отыр. Сол үшін бізде ең кем дегенде 150 мың теңгеге дейін бару керек. Ал одан да жоғары болатын болса, тіпті жақсы, - деді маман.

Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеуде халықаралық есептеу жүйелерін қолданбайды.

Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеуде әртүрлі әдістер қолданылады. Сол әдістердің бірі де Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеуге қолданылмайды. Сондықтан төменгі жалақы Президенттің нұсқауымен ғана көтеріліп отырғанын байқаймыз. Негізінде экономика министрлігі өздері есептеп ұсынуы қажет. Бірақ та біз ондай ұсынуларды көріп отырған жоқпыз, - деді Мақсат Халық.

Америкада ең төменгі жалақы мөлшері сағатына 15 доллардан есептеледі. Демек, айына 2400 доллар шығады екен. Сарапшы Қазақстан мен Американың ең төменгі жалақы мөлшерін есептеу жүйесін салыстырып көрді.

Мысалға, Амеракада жан басына шаққанда 70 мың доллардан асады. Қазақстанда 10 мың доллардан асады. Демек, әрбір американдықтың қазақстандықтан 7 есе еңбегі өнімді дегенді білдіреді. Онда 2400-ді 15-ке бөлгенде 160 мың теңге шығады. Ең төменгі жалақыны осылай бекітуге де болады. Менің ойымша, еліміздегі ең төменгі жалақы 160 мың теңге болса, ең дұрыс шешім болатын еді. Бізде инфляция өте жоғары және инфляцияның өзі статистикалық мәндерде ресми басқалай көрсетіледі.  Ал шын мәнінде бағалардың жоғарылауы байқалады. Сондықта да ең болмаса жоқ дегенде инфляцияның деңгейінде  өсуі керек. Мысалы өткен жылы елімізде инфляция 20 пайыз болды, бірақ  халықтың жалақысы 20 пайызға өсіп жатқан жоқ. Жалақылардың өсуіне қарасақ, әрі кетсе 5-10 пайызға өседі. Демек, жалақының өсімі қалып келе жатыр, ал қымбатшылық болса озып келе жатыр. Сондықтан кедей халықтардың қатары өсіп келеді. Бұл өте өзекті мәселе, - деді Халық.

Экономисттің сөзінше, әлемдік экономикалық заңдылықтар бойынша егерде отбасы шығындарының 50 пайызы азық-түлікке жұмсалса, ол кедей деп саналады. Халықтың табысының 50 пайыздан астам шығыны азық-түлікке кетеді.

Бұл дегеніміз азаматтарымыздың өмір сүру шығынына жеткізе алмаса қарызға алып, кредит, тұтынушылық несие алып күн көріп жатқандарын көреміз. Сондықтан бұл жағдай түзелмей елдің экономикалық өмір сапасы артады деп айту қиын. Жалақының төмендігі де осыған дәлел. Еуропа елдерінде азық-түлік шығындарына жалақысынан 10-12 пайыз ғана жұмсаса, алдыңғы қатарлы дамыған елдерде азық-түлікке 8-ақ пайызын жұмсайды. Қалған шығындары өзін ағартуға, отбасын киіммен қамтамасыз етуге, балаларды дамытуға саяхаттауға, қыдыруға жұмсайды. Одан қалғанын қорға жинайды, - деді экономист.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға