©Pixabay.com

Ең сенімсіз 10 көлік анықталды

Британиялық WhatCar басылымы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша ең сенімсіз автокөліктердің тізімін жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, Ұлыбританиядағы ең мәселесі көп көлік қазіргі буындағы Nissan Juke кроссовері болып шықты. Оның сенімділік деңгейі бар болғаны 55,2% көрсеткен, бұл – биыл зерттеуге қатысқан көліктер арасындағы ең төмен көрсеткіш. Көбіне ақаулар 12 вольттық аккумуляторда, қозғалтқышта және тежегіш жүйесінде байқалған.

Екінші орында – соңғы буындағы Volkswagen Tiguan. Оның сенімділігі 64,2% деңгейінде бағаланған. Бұл модельде көбіне ақпараттық-ойын-сауық жүйесі, тежегіштер және электроника жиі істен шығатыны анықталған.

Үшінші орынды алдыңғы буындағы Kia Sportage иеленді – оның сенімділік рейтингі 72,9%. Негізгі мәселелер – қозғалтқыштың бұзылуы, беріліс қорабының істен шығуы және тежегіш жүйесінің ақаулары.

Тізімге сондай-ақ Mazda CX-60, Mercedes-Benz C-Class, Volvo S90, Audi Q7, Volkswagen ID.4, Hyundai Ioniq Electric және Renault Austral модельдері енді.