Жаңалықтар

Ең қымбат музыкалық аспап виолончель – Бота Қожахметова

Ең қымбат музыкалық аспап виолончель – Бота Қожахметова
Фото: жеке мұрағат 09.11.2022 18:10 3925

El.kz ақпараттық-агенттігі мен «Abai tv» телеарнасының бірлескен жобасы аясында «Сарасөз» бағдарламасында қонақта болған музыкант, виолончелист Бота Қожахметовамен болған сұхбаттың жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

Виолончелист ең қымбат музыкалық аспаптың ерекшелігі мен мүмкіндігі туралы айтып берді.

– Әлемде қаншама көп аспап бар, соның ішінде виолончельді таңдауыңа не себеп болды?

Мен өзім таңдамадым. Ол кезде алты жаста едім. Анам мені Күләш Байсейітова атындағы дарында балаларға арналған мектепке апарды. Сол жерде Евгений Николаевич деген ұстаз менің бойыма және саусақтарыма қарап, анама қызыңызды виолончель үйірмесіне беріңіз деді. Негізі анам фортепианоға жаздырған. Сол уақыттан бері осы аспапты таңдап, үйрене бастадым.

– Виолончель керемет аспаптың бірі. Әсіресе, әлемде жақсы танылған. Фортепиано, скрипка, альттан кейін виолончель. Виолончельдің мүмкіндігі туралы айтып берсең..

Бұл аспаптың мүмкіндігі көп. Скрипкаға қарағанда диапазоны үлкен. Төмен дауысты ойнағыңыз келсе төмен және жоғары болса жоғары ойнауға болады. Мүмкіндігі көп. Оркестр және ансамбльде ойналынады.

– Қазақ композиторларының виолончельге арналған шығармалары бар ма?

Иә, әрине бар. Виолончель аспабына арнап жазған Құдыс Қожамияровтың туындысы бар.  Қазақстандағы виолончель мектебін қалыптастырғандардың қатарында Жамбыл Баспаев, А.Понкратов сынды тағы басқа композиторлар бар.

– Қазақтың ән, күй өнері ерекше екенін өзіңде жақсы білесің. Қазақ сонымен ғасырлар бойы сусындап келеді. Қазақ әуенінің негізінде жазылған шығармалар көп пе?

Әсіресе, қазір көп жазылып жатыр. Халық әнінің мазмұнын виолончельге келтіріп, арнайы өңдеп жазып жатырмыз. Оның ішінде, виолончельмен өңдеген нота арқылы «Балбырауын» күйін ансамбльмен дайындау үстіндеміз. Классикалық шығарманы көбісі ойнай алады. Қазақ композиторлары жазған өзіміздің төл дүниенімізді насихаттау қажет деп санаймын.

– Қазір классикалық музыкаға бір жағынан сұраныс бар, екіншіден аз деп те айтуға болады. Бүгінгі жас әлемге әйгілі музыканттардың шығармаларын тыңдайды. Соңғы уақытта біздің виолончельистердің өздері белгілі бір фильмдерге арнап жазған саундтректі ойнап жүр. Бұл жөнінде не айтасың?

Қазір фильмге арнап жазған саундтректі ойнап жүрген сыныптасым Мадияр Тойболдиев "Ne Prosto Orchestra" деп аталатын оркестр құрды. Қызықты болсын деп, фильмдердің саундтрекін жинап, өңдеп концерт беріп жүр.

– Демек виолончельистер фильмдердің саундтректерін ойнап, репертуарын толықтыруда. Бұл да бекер емес болар. Неліктен?

Менің ойымша, қазір халық филормониядағы классикалық жанрындағы концертке көп бармайды және тыңдарман аз. Сол себепті, көрерменді өзіне тарту және симфониялық шығарманы тыңдату үшін осындай бағытта заманауи шығарманы концерт беруде.

– Классиканы ұмыту, классикалық өнерден алшақтау адамды қандай жағдайға ұшыратады? Кейбірі мүлдем классиканы тыңдамайды.

Өкінішке орай, классиканы тыңдайтын тыңдарман аз деп басында да айтып кеттім. Десе де, тыңдайтындар да табылады. Яғни, классиканы қажет ететіндер әрқашан табылады. Сондықтан бұл музыка ешқашан жоғалмайды деп ойлаймын.

– Халықтың арасында классикалық музыкаға деген сұранысты қалай арттыруға болады. Мүмкін жарнама жетпей жатқан шығар?

Қазір ғаламтордан бәрін көруге болады. Көбісі өзіне ұнаған шығарманы сүйіп тыңдайды, соның ішінде классикадан басқа да хит композиция бар. Менің ойымша, саундтректер арқылы классикалық шығарманы жаңадан өңдеу арқылы тыңдарманды өзіне қаратуға болады деп есептеймін.

– Қазақтың күйін, салт-дәстүрін, ән өнерін біледі, бірақ классикадан алыстап, балетті көрмейтін, операны тыңдамайтын, мұражайға бармайтындар қатары көп. Екінші жағынан керісінше, бұл музыканы тыңдайтын қауым бар. Осы екіараны реттеу керек сияқты. Эстетикадан жұрдай қоғам қалай қалыптаспақ?

Мәдениет әрқашан дамып отыру керек. Музыкасыз, өнерсіз кез келген қоғам дамымайды. Мәдениет адам жанын тануға үйретеді. Жандүниесінің баюуына, әдемілік, сұлулыққа ұмтылуына өз септігін тигізеді.

– Қазір қазақ қоғамындағы ең үлкен жетістіктің бірі – той. Классиканың тілін білетіндер тойда жүреді. Кейінгі кезде соларға жаным ашиды, бұған көзқарасың қандай?

 – Бір жағынан олар тойда жүрсе, халыққа жақсы көңіл-күй сыйлайды. Халық түрлі концертке бармайды. Сондықтан, тойдың арқасында өз өнерін көрсетеді және тойшыл қауым сол аспаптың яғни, классиканың үнін естиді. Енді бір жағынан, кәсіби музыканттың тойда жүргенін құптамаймын. Олардың деңгейі үлкен сахна болу керек. Ал барлығының үлкен сахнада шығармашылығын өткізуге шамасы жете бермейді. Сол себепті, қосымша табыс ретінде тойға шығады.

– Атақты италияндық Никколо Паганинидің скрипкасын жасаған тамаша шеберлер бар. Виолончель – өте қымбат аспаптың бірі. Қазақстанда осы аспапты жасайтын шеберхана бар ма?

Елімізде шеберхана бар. Бірақ дәл осы аспапты жасайтын шебер жоқ. Көбісі қобыз, домбыра сынды халық аспаптарын жасайды. Ал виолончельдің бір жері істемей қалса, соны қалпына келтіріп беретіндер табылып жатады. Қазақстанда ең жақсы виолончель табу өте қиын.

– Қанша виолончелің бар?

Өзімнің екі виолончелім бар. Бірі – классикалық, екіншісі – электр виолончель. Мысалы, бір затты сатып алсаң, жаңа болғасын сапасы күшті болып саналады ғой, ал бізде керісінше. Виолончельдің ескісін тапсақ, ол берік аспап болып есептеледі. Мен ұстап жүрген аспап – XIX ғасырдың аспабы. Ұстазым, профессор Владимир Тонха тауып берген.

– Өзің Күләш Байсейітова атындағы мектепті тәмамдап, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түстің. Оның 1 курсын аяқтағаннан кейін Мәскеуге кетіп, Гнесин атындағы музыкалық академияны бітірдің. Осы туралы айтып берсең..

Бұл академия өнер адамдарына білім жағынан мықты оқу орын. Сол себепті, Мәскеуге барып, білімімді шыңдауды шештім.

– Қай жағынан болсын сені мақтағым келіп отыр. Гнесин академиясын бітіріп, Қазақстанға келгенің үшін алғыс айтамын. Себебі қазақтың өнерін көтеру үшін, елге, жерге деген сүйіспеншілігің жоғары. К.Байсейітова атындағы мектепте ұстаздық етіп жүрсің. Талантты шәкіртің бар ма, ұстаздық жолда жүргеніңе қанша болды?

Ұстаздық жолды арқалап жүргеніме биыл үш жыл болды. Талантты шәкіртім көп. Жаңадан келгенімде бірінші сынып оқушыларын берді. Қазір виолончельист ансамблім бар. Былтыр осы ансамбльмен бірқатар концерт бердік. Биыл мектебімізге 110 жыл толады. Мерейтойға жас виолончельистермен дайындалу үстіндеміз.

– Пандемия уақытында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен талай әнші, музыкант әлеуметтік желі арқылы өз өнерін көрсетті. Бұл үйде жатқан қауым үшін жақсы жаңалық болды. Бір жағынан класиикалық өнерге баулыды. Оның ішінде өзің де болған шығарсың?

Шынымды айтсам, ол кезде мен Қытайда болдым. Мәскеуде жүргенде Сауд Арабия келісімшартпен шақырған болатын. Ол жаққа баратын кезде, агенттік мені Қытайға жіберді. Қытайда бір жарым жыл жұмыс істедім. Артынша, пандемия басталып кетті. Жарты жыл сол елде болып, онлайн концертке қатыса алмадым. Сол кезде жаным жабырқап, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болудың маңызын ұқтым. Әуелден қай елде білім алсам да, өз Отанымда жұмыс жасаймын деген мақсат болды. Бүгінде осы мақсатым орындалды.

– Өзіңнің сүйікті композиторың және сүйікті шығармаң қандай?

Композитордың көбісі ұнайды. Өзіме жақыны Бетховен, Моцарттың шығармасын алты жастан тыңдаймын және орындап жүрмін. Сол себепті, сүйікті композиторым осы бағытта деп айтсам болады.

– Виолончельге қызығатын оқушылар көп пе? Аспап қаншалықты қымбат және кез келген ата-ананың баласына алып беруге мүмкіндігі бар ма?

Әр ата-ананың алып беруге шамасы жоқ. Мектептің өз аспабы бар. Қоймада сақталғанды қолданамыз немесе біреулер сатса, соны алдыртамыз. Тіптен табылмаған жағдайда, музыка аспабын сататын дүкеннен алуға тура келеді.

– Неоклассикалық өнердің қолдаушылары елімізде аз ба, әлде көп пе?

Неоклассиканы тыңдайтын көрермен қатары артып келеді. Жақында «Абай» театрында Жәкей ағамыздың шығармаларын оркестрмен орындап, Англия, Британиядан пианист, Венадан скрипкашыны шақыртып, сол кісінің шығармаларын ойнады. Зал лық толы болды. Ол музыканттың туындысы неоклассикаға жақын.

– Домбыраны гитармен қосып тартады. Ал домбыраның өзінің түп нұсқа әуенін өзгертпей, гитара сияқты техниканың дыбысымен даусын ащы қылу дұрыс емес сияқты. Осыған көзқарасың қандай және домбыраның табиғи үнін қалдырып, виолончельмен ойнауға бола ма?

Сол күй домбыраның жақсы үнін көрсету үшін арнайы жазылған деп ойлаймын. Мектеп кезінде халық аспаптар оркестрінде ойнадым. Домбыра өзінің даусына қарай бүкіл мүмкіндігін көрсетеді. Сол сияқты виолончельмен кішкене жуан дыбысты ойнап көрдік. Негізі екі аспаптың үйлесімі көп. «Ұлытау» тобын алып қарасақ, домбыра мен скрипканы үйлестірген. Ал скрипка мен виолончельдің даусында өте қатты айырмашылық жоқ. Виолончельдің диапазоны кеңірек. Егер өзге аспаппен үйлесім тапса, жақсы үн шығады деп ойлаймын. Әрі виолончель мен домбыраның үні де қоңыр дауысты.

– Шәкірттерің көп болсын. Жетістіктен көрінуіңе тілектеспін! Сұхбатыңа рақмет!

P.S. Музыка – жүрек тілі. Ол сезімдер мен көңіл-күйдің әлемі.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға