Empire журналы жылдың үздік он сериалының тізімін жариялады
Беделді Empire журналы 2025 жылдың қорытындысы бойынша ең үздік 10 сериалдың рейтингін ұсынды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Рейтингтің көшбасшысы атағы «Андор» сериалына бұйырды. Сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары баға алғанына қарамастан, бұл жоба түрлі топтарда сирек бірінші орынға шығып жүр. Empire редакциясы мұны әділетсіз деп есептейді.
Бұл сериал бізге ұмытылмас сәттер сыйлап қана қоймай, тұтас франшизаға деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертті, – деп атап өтті басылым.
«Андор» – «Елден қуылған. Жұлдызды соғыстар: Хикаялар» фильмінің приквелы. Оқиға Кассиан Андордың өміріне, нақтырақ айтқанда, фильмге дейінгі бес жылға шоғырланған. Дәл осы кезеңде бүлікшілер Альянсы қалыптасып, Галактикалық империяға қарсы қарсылық басталады. Жоба ғылыми фантастика, тыңшылық триллер мен драмалық экшн элементтерін шебер ұштастырған.
Екінші орынға «Өтпелі жас» сериалы жайғасты. Ол адам өлтіруге айыпталған жасөспірімнің тағдыры туралы баяндайды және ерекше «бір кадрмен түсіру» форматы арқылы көрермен назарын аударды. Алғашында мини-сериал ретінде жоспарланған жоба үлкен табысқа жеткен соң, продюсерлер оны антология ретінде жалғастыру мүмкіндігін қарастыруда.
Үздік үштікті «Жат: Жер» ғылыми-фантастикалық сериалы түйіндеді. Empire шолушылары әсіресе бесінші эпизодты ерекше атап өтті.
Бұл бөлім Ридли Скотттың түпнұсқа фильмінің атмосферасы мен эстетикасын дәл жеткізіп, аталмыш франшизаны не үшін жақсы көретінімізді тағы бір еске салады, – делінген мақалада.
Алғашқы ондыққа сондай-ақ «Киностудия», «Бөліну» сериалының екінші маусымы, «Көптің бірі», «Ақ лотос» жобасының үшінші маусымы және пікірталас тудырған The Last of Us жалғасы енді.
Айта кетерлігі, әлемге танымал «Кальмар ойыны» сериалының финалдық маусымы рейтингте тек 13-орынмен, ал «Біртүрлі істердің» бесінші маусымы 15-орынмен шектелді.
Empire нұсқасы бойынша 2025 жылдың үздік 10 сериалы
«Андор» (Andor, 2022-2025)
«Өтпелі кезең» (Adolescence, 2025)
«Жат: Жер» (Alien: Earth, 2025)
«Киностудия» (The Studio, 2025 – …)
«Мистер Скорсезе» (Mr. Scorsese, 2025)
«Бөліну», 2-маусым (Severance, 2022 – …)
«Көптің бірі» (Pluribus, 2025 – …)
«Ақ лотос», 3-маусым (The White Lotus, 2021 – …)
The Last of Us, 2-маусым (2023 – …)
«Бойжеткеннің сезімі» (What It Feels Like for a Girl, 2025 – …)

