Коллаж El.kz

Эмоция мен дене: өмір сапасын өзгертетін интеллект жолы

2018 жылы Эльмира Абайділдінова эмоцияларды басқаруға болатынын алғаш естігенде, оның өмірін түбегейлі өзгертті. Сезімтал табиғатына қарамастан, ол бұл ашылымды жеке тәжірибесінен бастап, кәсіби миссиясына айналдырды.

Бүгінде эмоционалды және кинетикалық интеллект тренері ретінде ол адамдарға өз сезімдерін түсінуге, басқаруға және өмір сапасын арттыруға жол сілтейді.

«Эмоция мен дене тілін меңгеру қалай өмірді өзгертеді және неге бұл дағдылар қазіргі қоғамда соншалықты маңызды?» деген сауалдарға El.kz интернет порталының тілшісі коуч, эмоциялық интеллект пен дене тілі жөніндегі эксперт маман Эльмира Абайділдіновадан сұрап білді.

Эмоцияны басқарудан басталған жол

Осы сәттен бастап ол эмоция тақырыбына терең қызығушылық танытып, қосымша ақпарат іздеуге кірісті. Кейін эмoциoналды интeллeкт бойынша apнайы білім алып, коучтар даярлау бағдарламасынан өтіп, кәсіби сеpтификат иeгeрі атанды.

Эльмира Абайдильдинованың жеке мұрағатынан 

Алғашында мұның бәрін өзім үшін үйренген едім. Бірақ уақыт өте келе бұл тек жеке тәжірибем емес, менің кәсібіме, тіпті өмірлік миссияма айналды, – дейді Эльмира.

Бүгінде ол коуч әрі эмоционалды интeллeкт тренері ретінде адамдарға өз сезімін түсінуге, басқаруға және өмір сапасын арттыруға жoл көрсетіп жүp.

Эмоционaлдық және кинетикалық интеллект деген не?

Маманның айтуынша, эмоционалды интеллект – бұл ең алдымен өз сезіміңді түсіну және өзгелердің эмоциясын тану қабілеті. «Мен дәл қазір не сезініп тұрмын?» деген сұрақты өзіне қоя білу, әңгімелесушінің көңіл-күйін байқау – осы дағдылардың негізі. Ең маңыздысы – эмоцияны басқару. Яғни, алдымен өзіңді, кейін белгілі бір дәрежеде өзгенің сезімін де реттей алу.

Ал кинетикалық интеллект – адамның денесіне байланысты. Қимыл-қозғалысы, отырысы, жүру мәнері, көзқарасы мен ым-ишарасы – барлығы оның ішкі жағдайына да, өзгелерге қалдыратын әсеріне де ықпал етеді. Сонымен қатаp, бұл – өзгенің қимылы мен мимикасын бақылап, оның көңіл-күйін түсіне білу қабілеті. Дeнeні басқару арқылы aдaм өзінің де эмоциясын реттеп, дұрыс көңіл-күй қалыптастыра алады.

Эльмира Абайдильдинованың жеке мұрағатынан 

Эксперттің пікірінше, бұл eкі интеллект өзара тығыз байланысты. Себебі эмоция әрқашан денеде көрініс табады, ал дене өз кезегінде эмоцияға әсер етеді.

Егер адам осы екі қабілетті қатар дамытса, ол өзін де, өзгелерді де тереңірек түсіне бастайды. Сондай-ақ өз жағдайын, айнaласына қaлдыратын әсерін дұрыс басқара алады, – дейді ол.

Қарбаласта адам жиі күйзеліске түседі

Қазіргі таңда эмоционалды интеллект тақырыбы бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Біз бір уақытта сан түрлі рөлдерді атқарып, көптеген істі қатар алып жүреміз. Мұндай қарбаласта адам жиі күйзеліске түсіп, эмоциясын бақылау қиынға соғады.

Маман дәл осындай жағдайда эмоционалды интеллект тепе-теңдікті сақтауға және ішкі ресурсты қорғауға көмектеседі. Бұл қабілет тек жұмыс орнында ғана емес, күнделікті өмірде де аса маңызды. Өйткені эмоциялар тек кеңседе емес, үйде де, жақындармен қарым-қатынаста да көрініс табады.

Балаларға айқайлап, отбасында кикілжің туғызудың орнына жылы қарым-қатынас орнату үшін де эмоционалды интеллект қажет. Эмоцияны басқару – тек кәсіби табыстың ғана емес, бақытты отбасының да кілті, – дейді коуч маман.

Кинетикалық интеллект кәсіби ортада маңызды

Коуч маман кинетикалық интеллект адамның күнделікті өмірінде ерекше орын алатынын айтады.

Эльмира Абайдильдинованың жеке мұрағатынан 

Әдеттегі қимыл-қозғалысымыздың өзі біз туралы көп нәрсе айта алады. Мәселен, тік дене қалпымен отырған немесе жүрген адам ештеңе айтпаса да, сенімділік пен жинақылықты көрсетеді. Ал ашық алақан, жеңіл жымию секілді қарапайым ым-ишара әңгімелесушіні жақындатып, сенім орнатуға көмектеседі. Тіпті адамның жүріс-тұрысынан оның ішкі тұрақтылығы мен өмірге деген көзқарасын аңғаруға болады, – дейді.

Маманның айтуынша, кинетикалық интеллект кәсіби ортада да аса маңызды. Мәселен, көпшілік алдында сөз сөйлегенде тынысты дұрыс бақылап, дене қалпын сақтау стресс деңгейін азайтады және сенімділікті арттырады. Ал келіссөз немесе дау-жанжал кезінде сабырлы қимыл мен тік осана эмоцияға берілмей, өз беделін қорғауға мүмкіндік береді.

Көшбасшылықта да дене тілі шешуші рөл атқарады. Кейде үнсіз отырған адамның өзі қимылы арқылы мәртебесін көрсетеді, – дейді Эльмира.

Кинетикалық интеллекттің отбасы мен жеке қарым-қатынастағы рөлі де зор. Жақыныңды құшақтау, жұмсақ жанасу немесе жайдарлы дауыс кейде кез келген сөзден де әсерлі шығады. Балалар да көбіне ересектердің айтқан сөзінен гөрі олардың жүріс-тұрысына көбірек мән беріп, үлгі етеді.

Қоғамда қалыптасқан қате түсініктер бар

Маман қоғамда әлі күнге дейін қалыптасқан қате түсініктер барын айтады. Мәселен қыздарға ашулануға болмайды, немесе ер адамдарға жылау жараспайды деген сияқты. Осындай стереотиптердің кесірінен адамдар өз эмоциясын ашық көрсетуге қорқады. Алайда бұл жағдайды өзгертуге болады деп есептейді.

Эльмира Абайдильдинова тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың мінез-құлқы көбіне ересектерден үлгі алатынын айтады.

Мен мұны өз балаларымнан да, мектеп оқушыларынан да байқаймын. Егер ата-аналар мен мұғалімдер эмоционалды интеллектті дамытып, дұрыс үлгі көрсетсе, балалар да еркін әрі табиғи түрде сезімін білдіре бастайды, – дейді ол.

Маманның пікірінше, бұл бастама отбасынан да, мектептен де қатар қолға алынуы тиіс.

Егер мемлекет қолдау көрсетіп, білім беру бағдарламасына эмоционалды интеллект пәні енгізілсе, бұл – үлкен алға жылжу болар еді. Ал егер блогерлер, инфлюенсерлер мен пікір көшбасшылары эмоцияны білдіру – қалыпты әрі құнды екенін көрсетсе, бұл үрдіс одан да жылдам дамиды, – деп атап өтті.

Оның айтуынша, бірнеше жылдан кейін адамдар өз сезімдерін ашық әрі мәдениетті түрде айту әдеттегі жағдайға айналуы мүмкін. Бұл қоғамдағы эмоционалды интеллект деңгейін де айтарлықтай көтереді.

Эмоцияны басқармаудың салдары

Эксперттің айтуынша, эмоционалды интеллектте «дұрыс» немесе «бұрыс» деген ұғым жоқ. Ең бастысы – нақты сәтте қандай нәтижеге қол жеткізгіңіз келетінін түсіну. Сол мақсатқа қарай эмоцияны білдірудің жолын таңдау маңызды.

Эльмира Абайдильдинованың жеке мұрағатынан 

Алайда бұл дағды қалыптаспаса, түрлі қиындықтар туындайды деп отыр. Отбасында – түсініспеушілік, ұрыс-керіс, жақындарға ашуды төгу және артынан пайда болатын кінә сезімі. Жұмыста – әріптестермен немесе клиенттермен қақтығыстар, өз-өзіне сенімсіздік пен қорқыныштың кесірінен жіберіп алған мүмкіндіктер.

Эмоцияны басқара алмау денсаулыққа да әсер ететінін тілге тиек етті. Мәселен күнделікті стресс, шаршау, ұйқының бұзылуы, эмоционалдық күйзеліс. Мұндай жағдайда адам «эмоциялар мені билеп-төстейді, мен оларды емес» деген сезімді бастан кешіреді.

Негізінде эмоцияны басқару дегеніміз – өз сезімімді дер кезінде байқау, оны дұрыс атау және маған қажетті нәтижеге жеткізетін реакцияны таңдау. Бұл – қарым-қатынасты да, денсаулықты да сақтаудың жолы, – дейді эмоциялық интеллект пен дене тілі жөніндегі маман.

Өмір сапасын жақсартқан адамдар аз емес

Коуч маман тәжірибесінде эмоционалды және кинетикалық интеллектті дамыту арқылы өмір сапасын жақсартқан адамдар аз емес екенін жеткізді. Ол бірнеше есте қаларлық оқиғамен бөлісті.

Бірде оған келген клиенттің күнделікті күйі мазасыздық пен шаршаудан тұрды. Жұмысқа ғана күші жетіп, басқа істерге энергиясы қалмайтын. Сессия барысында оның үнемі еңсесі түскен күйде отыратыны және тынысын жиі қысып ұстайтыны байқалды. Жаттығулардан кейін ол арқасын тік ұстап, тынысын реттеуді әдетке айналдырды.

«Көп уақыттан бері алғаш рет тыныштық сезіндім, бойымда күш пайда болды», деді ол. Ал әріптестері: «Сен сенімдірек көрінесің, не болды?» деп таңданыстарын білдірді деп атап өтті.

Бұдан өзге жаңа қызметке тағайындалған басшы өзін «осы орынға лайық емеспін» деп ойлап, жиі қобалжитын. Оның бұл күйі қимыл-қозғалысы мен ишарасынан байқалып тұратын. Арнайы бейнедиагностика жасап, ыңғайлы қалып пен тыныс алу жаттығуларын үйренген соң, ол келесі жиналыста сабырлы, сенімді сөйлей бастады.

Мен тыңдармандардың назарын ұстап тұра алатынымды және процеске өзім басшылық ете алатынымды түсіндім, – деп бөлісті дейді Эльмира.

Тағы бір клиент эмоциясын бақылау үшін арнайы жаттығу жасады, күн сайын оятқыш сағатты қояды да, қоңырау соққан сәтте өз күйін байқауға тырысатын. Бірде ол айқайлауға шақ тұрған кезінде қоңырау соқты. Ол ашуын байқап, терең тыныс алып, әңгімені сабырлы жалғастырды. Нәтижесінде кикілжің туындамаған.

Жылы әсер қалдырған тағы бір оқиға – үнемі асығып, барлығын өзі істеп тастауға тырысатын әйел жайлы. Тренингтен кейін ол әдейі сәл баяулап, айналасындағыларға мүмкіндік бере бастады. Сонда жақындары өздігінен оған көбірек қамқорлық танытқанын байқапты. Бұрын ол тек өз белсенділігінің кесірінен бұл қамқорлыққа орын бермейтін болып шыққан.

Эльмира Абайдильдинованың айтуынша, ең бастысы – адамдар өздерін ғана емес, өзгелердің де күйін байқай бастайды. Соның арқасында олар әңгімелесушінің немесе жақындарының қажеттілігін жақсырақ түсініп, қарым-қатынасты тыныш әрі үйлесімді ете алатынын айтады.

Дене – эмоцияның тілі

Эксперттің айтуынша, эмоция әрқашан денеде көрініс табады. Мысалы, ашу иықтағы кернеуден білінеді, қорқыныш жүректің соғысын жиілетеді, ал қуаныш жеңілдік пен жымию арқылы байқалады. Сол сияқты дене де эмоцияға ықпал етеді. Еңсеңді түсірсең – көңіл-күй төмендейді, ал тік тұрсаң – сенімділік артады. Тіпті жасанды күлкіңнің өзі бір минуттан кейін шынайы қуаныш сезімін тудырады.

Шын мәнінде, біздің денеміз – эмоцияның тілі. Егер оны «оқуды» және басқаруды үйренсек, өз сезімімізді жақсырақ түсініп, оларды реттей аламыз, – дейді маман.

Эмоция мен дене – біртұтас жүйе

Эксперт маман басты қателік – эмоция мен денені бөлек қарастыруда екенін айтады. Екеуі әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Егер біз дененің белгілерін тыңдамасақ, шаршау, мазасыздық немесе тіпті қуаныштың алғашқы нышандарын байқамай қаламыз. Ал эмоцияларды елемеген жағдайда олар бәрібір сыртқа шығады, бірақ бұл жолы дене арқылы стресс, бұлшық еттің қысылуы немесе психосоматикалық белгілер түрінде көрінеді, – дейді эмоциялық интеллект пен дене тілі жөніндегі эксперт маман.

Оның пікірінше, эмоция мен денені қатар байқауды үйренген адамда қосымша энергия, ішкі ресурс пен өмірлік тепе-теңдік пайда болады.

Алдағы он жылда қалай өзгеруі мүмкін?

Маман алдағы жылдары эмоционалды және кинетикалық интеллект қатар дамып, қоғам өмірінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Қазіргі жастар мен ересектердің өзін-өзі дамытуға деген сұранысы артқан. Бұл үрдіс әлемдік трендтерге де сай. Дүниежүзілік экономикалық форум мен LinkedIn ұсынған «болашақтың 10 дағдысының» басым бөлігі тікелей эмоционалды интеллектпен байланысты. Бұл – өзін-өзі басқару, икемділік, қарым-қатынас орната білу және командада жұмыс істеу қабілеті.

Бүгінде бұл бағыт білім беру жүйесіне еніп жатыр. Эмоционалды интеллектті мектептер мен жоғары оқу орындарында оқыту тәжірибесі пайда болуда. Бизнес пен мемлекеттік құрылымдар да қызметкерлеріне арнайы тренингтер ұйымдастырып, дағдыны үйретіп келеді. Бұл кадрды ұстап қалуға, қызметкерлердің күйзелісін азайтуға және жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Эльмира Абайдильдинованың жеке мұрағатынан 

Кинетикалық интеллект те қатар дамиды. Өйткені адамдар барған сайын көпшілік алдына шығып, жеке бренд қалыптастыруға, қоғаммен ашық байланыс орнатуға ұмтылуда. Көшбасшыларға, топ-менеджерлерге, саясаткерлерге, кәсіпкерлерге және мемлекеттік қызметкерлерге дене тілін басқару, стрессті азайту және дұрыс әсер қалдыру қабілеті аса қажет болмақ.

Бұрын мен және әріптестерім бұл тақырыптың мәнін түсіндіріп, көпшілікке таныстыруға тырысатынбыз. Ал қазір компаниялар өздері хабарласып, қызметкерлеріне эмоционалды және кинетикалық интеллект бойынша сессиялар өткізуді сұрайды. Бұған жеке адамдардың да қызығушылығы артып келеді. Олар тест тапсырып, кеңес алып, қарым-қатынас пен дене тілі бойынша жаттығулар жасайды, – дейді эмоциялық интеллект пен дене тілі бойынша сарапшы Эльмира Абайділдинова.

Маманның айтуынша, алдағы он жылда эмоционалды және кинетикалық интеллект «батыстық үрдіс» ретінде емес, табысты маман мен көшбасшыға қажетті негізгі дағды ретінде қабылданатын болады.