Жаңалықтар

Елорданың денсаулық сақтау басқармасы қызылшаға байланысты мәлімдеме жасады

Елорданың денсаулық сақтау басқармасы қызылшаға байланысты мәлімдеме жасады
Фото: Астана қаласы әкімдігі 30.11.2023 20:07 793

Елордада қызылша ауруы дендеп барады. №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекциялық стационарында 200-ге жуық бала қызылшадан ем алып жатыр, оның басым бөлігі – уақытылы екпе алмағандар. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аурухада жатқан аналар арасында екпе алудың маңыздылығын түсінгендер көп. Балаларына уақытылы екпе салдырмаған аналар мен дер кезінде вакцина жасатқан аналар ойларымен бөлісті.

Баламның 5 күн бойы қызуы көтерілді. Денсаулығы жақсармай жатқанын көріп, жедел медициналық жәрдем шақырдық. Балам сөйлей алмай, тұра алмай қатты ауырған еді. Егер де екпе алсам, бұл жағдай болмаушы ма еді деп ойлаймын. Вакцина салдырған үлкен балам жеңіл түрде ауырып, тез сауығып шықты. Енді алдағы уақытта қызылша ауруынан екпені алдын ала міндетті түрде алатын боламын, – деді Дариға Өтешова.

Қазіргі таңда, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен қызылша ауруының алдын алу, емдеу және иммундау бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде.

Жалпы, қабылдау бөлмесінде дәрігерлерді қабылдаудың 8 бекеті, оның ішінде қызылша бойынша қабылдау бөлмесінде 2 бекет ұйымдастырылды. Тәуекел тобындағы балаларға (Triage – жүйесі бойынша қызыл түс) кезектен тыс қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, әрбір инфекциялық бөлімшеде қосымша орта медициналық персоналдың тағы бір бекеті орналастырылды.

Еске салайық, елордада 6 айдан бастап, 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерді жаппай вакцинациялау жүріп жатыр. Оларға желтоқсан айынан бастап, 2-4 жас аралығындағы балалар қосылады.

Науқаспен байланыс болған жағдайда, қосымша екпе алу үшін кез келген тұрғын тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға жүгінуі керек екенін еске саламыз. Өзіңізді және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз! - делінген Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға