Жаңалықтар

Елордалық оқу орны Қытайдың білім министрлігінің аккредитациясын алды

Елордалық оқу орны Қытайдың білім министрлігінің аккредитациясын алды
Фото: El.kz/Арман МУХАТОВ 21.09.2024 19:57 929

Nazarbayev University (NU) Қытай Халық Республикасының Білім министрлігіне қарасты Қытайдағы ғылыми тәжірибе алмасу орталығының (Chinese Service Center for Scholarly Exchange, CSCSE) аккредитациясын алды. Бұрын оқу орны орталықтың қолдауына ие қазақстандық мекемелер тізімінде болмаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

CSCSE білім және ғылыми зерттеу саласында халықаралық тәжірибе алмасуды қолдау мақсатында шетелдік дипломдар мен сертификаттарды бағалап, аккредиттеумен айналысады.

NU Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің инструкторы Лили Джангтың айтуынша, аталған Орталықтың аккредитациясын алу NU дипломының Қытайда жарамды екенін білдіреді.

Бұл университет түлектері үшін Қытайда жұмыс істеуге жол ашады, себебі ондағы Білім министрлігі ресми түрде қазақстандық оқу орнындағы білім сапасын жоғары бағалап отыр, - дейді ол.

Осылайша, NU-ды аяқтаған қытайлық студенттер еш кедергісіз өз елдеріне оралып, емін-еркін жұмыс істей алады, себебі енді қазақстандық диплом қытайлық жұмыс берушілердің сеніміне ие.

Өз кезегінде Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі кафедрасының меңгерушісі Андрей Фильченко қытайлық студенттерге жаңа мүмкіндік екенін атап өтті.

Бұл бұдан былай қытайлық студенттер NU-да оқу мүмкіндігін кеңінен қарастыра алады деген сөз. Сондай-ақ олар қазақстандық білім ордасында оқу үшін Қытайдың өзінің түрлі стипендияларына өтініш бере алады. Бұл Қытайдан келетін студенттер қатарының артуына жол ашады, - деді Андрей Фильченко.

Қазіргі таңда тоғыз қытайлық студент NU дипломын алған, сондай-ақ көрші елдің 25 азаматы қазіргі кезде қазақстандық университте білім алып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға