Елордалық мектепте «Ұлттық құндылықтар» алаңы ашылды
Астана қаласындағы С.Мәуленов атындағы N37 мектепте «Ұлттық құндылықтар» алаңы ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ашылып жатқан бұл алаңда ұлттық мұралардың шағын мұражайы орналасқан. Атап айтсақ, ұлттық киімдер, ойындар, бұйымдар, ыдыстар көрмесі қойылған. Сондай-ақ, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекі өкілдерінің өмірбаяны жазылған тақтайша ілінген.
Іс-шараның ашылу салтанатына журналист Айша Тұрмағанбетова қатысып, жаңа алаңның лентасын қиды. Осындай қуанышты сәтке куә болған ол өзінің жүрекжарды пікірін білдірді.
Мектепте ең бастысы – білім мен тәрбие, ұстаздардың біліктілігі мен қолдауы, жас ұрпаққа рухани адамгершілік тұрғыда тәрбие беру. Осы тұрғыда ұлттық рухпен сусындауына қосып жатқан үлесіңіз құтты болсын! – деді Айша Тұрмағанбетова.
Мектепке ұлттық киімде келген оқушылар ұлттық құндылықтарға арналған алаңда күй тартып, тоғызқұмалақ ойынын ойнап, дәстүрлі ән айтты. Мектеп директоры Гүлжан Дәрібайқызы қонақтарды жаңа аймақпен таныстырып, шағын лекция оқыды.
Білім беру процесінде әр ұрпақты өзінде бар құндылықпен тәрбиелеу керек. Сондықтан қазақты тек өзінде бар құндылықпен ғана тәрбиелей аламыз. Ұлттық құндылықтар аймағы да осы негізде ашылып отыр. Мұнда алдымен ұлттық ойындар ойналып, ұлттық рухпен сусындайды. Қазіргі заман балаларын айтып емес, осылай мектеп қабырғасында көрсетіп, бойына сіңіріп өсіре аламыз. Шетелге шықса да, қайда жүрсе де ұрпағымыз өз құндылығын танып, жадында сақтап жүреді. Бұл көптен ойда жоспар бүгін орындалып жатыр, – деді мектеп директоры.
Ал бұдан соң балалар көрнекті тұлғалар туралы қысқаша ақпарат айтып өтті.
Сондай-ақ Сырбай Мәуленовтің кабинетімен таныстырып, танымал өлеңдерінен үзінді оқып берді.