Жаңалықтар

Елордалық кезбелерге қалай көмек көрсетеді?

Нұр-Сұлтанда ең жас кезбе 23-те
Елордалық кезбелерге қалай көмек көрсетеді?
09.09.2019 18:09 5980

Күн сайын болмаса да арагідік қоқыс жәшігінен азығын тауып, жертөле мен көше бойында ұйықтап жататын кезбелерді көзіміз шалып қалады. Десе де, мұндай жандарға мән бермей, жанынан өте шығуға тырысамыз. Кейде жиіркенішпен қарайтынымыз да жасырын емес. Себебі, үйсіздерің сұрқай болмысы мен қолқаны қабатын иісіне төзу қиын. Ал олармен адамша сөйлессең жанарына жас алып, өміріне өкпе-назын айтып беруге әзір. Әрбірінің тағдыры әртүрлі, ал ұқсастықтары – ішкілікке салыну. Әрине, бәрі бірдей маскүнем деп айтуға болмас, дегенмен олардың көбісін құртып кеткен араққұмарлық дейтін кесел. Алайда айтқалы отырған мәселе бұл емес еді. Біз күн суытқанда олардың жайы не болмақ деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Ендеше, үй-күйсіз көше кезгендер елорданың қысында не істейді? Қайда барады, не жейді?

(Суретте: Нұр-Сұлтан қаласындағы кезбелерді оңалту орталығы) 

Нұр-Сұлтан қаласының қысы қатты, жазы да шіліңгір шілдеде бір-ақ шығады. Сондықтан көше қаңғыбастары тұрғын үйлердің жертөлесі мен кіреберісінде жан сауғалайды. Елден қайыр тілеп, тапқанына тамақ алады. Бірақ кейбір тұрғындар көше кезгендерді қуып, баспанасына жуытпай жататын сәттер де кездеседі. Әрине, үйіңіздің кіреберісінде біреудің жатқаны кімге болса да ыңғайсыздық тудыратыны анық. Содан ала жаздай қоқыс жәшіктерінен азығын тауып, жерде ұйықтап жүргендер қыс жеткенде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне келіп тығылады. Еліміз тұрмақ, бір ғана осы орталықтың өзінде 250-ге тарта кезбе бар. Бұл ресми дерек емес, әрине. Себебі, қыс айларында олардың қатары екі-үш есеге артады. Мұның себебін әлгінде айтып өттік.

Негізі, орталық 230 адамға лайықталған. Олардың 180-і күндізгі бөлімге, ал қалған 50-і кешкі бөлімге жатқызылады. Қаладан шалғай демесеңіз орталық кезбелердің емес, құдды курортты аймақ сияқты әсер қалдырады. Үш мезгіл тамақ пен төсек жабдық, фитнес зал, кітапхана мен сенсорлық бөлме, таңу кабинеті, үй-күйсіз қалғандарды оңалту бөлмелерінің жұмысы жолға қойылған.

(Суретте: Орталық қызметін алушылар )

(Суретте: Алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін бөлме)

(Суретте: Орталық кітапханасы)

– Орталық 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. Тағдырдың тауқыметіне тап болғандарды әлеуметке қосу мекеменің миссиясы. Жаз маусымында үй-күйсіз қалғандардың қатары аз болғанмен, қалған 9 айда олардың саны көбейеді. Сол кезде мекеме қызметкерлерінің жұмысы да ауырлай түседі. Ал орталыққа сыймай жатқан жағдайда басқа облыстардағы орталықтарға ауыстыруға мәжбүрміз. Негізі, орталықтың басты мақсаты қызмет алушыларды тамақпен немесе жатынжаймен қамту емес. Оларға психологиялық, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету. Оларды қоғамға қосу. Жоғалған құжаттарын жасап, керек десеңіз жұмыстың шеті шықса орналастыруға тырысамыз. Ағымдағы жылдың 8 айында 54 адам жұмысқа орналасып, қатарға қосылып кетті. Бұл орталық психологының, қызметкерлердің жемісті жұмысының нәтижесі деп айтуға толық негіз бар, - деді орталық директорының орынбасары Динара Жанатқызы.

(Суретте: Орталық басшысының орынбасары Д.Жанатқызы)

Орталықтың өз тәртібі бар. Тазалық пен тыныштықты сақтау, зиянды әдеттерден бас тарту, уақытында тамақтану, психологиялық қызметтің барлық түрін қабылдау міндет. Ал кешкі немесе күндізгі уақытта жұмыс істеп, ақша табуға барлық жағдай жасалған. Қалаған уақытта орталық қызметінен бас тарту туралы өтініш толтырып шыға беруге болады. Ал көмекті қажет еткендер психологиялық әңгімелесуден кейін ғана орталық қызметін ала алады.

(Суретте: Психологиялық кабинет)

– Жазмыштың жазуы осындай. Бұл кісілерді жазғыруға, айыптауға ешкімнің құқығы жоқ. Оларға кезбе деп жиіркенішпен қарауға да болмайды. Себебі, ешкім олардың жағдайына түсіп қалмайтынына кепілдік бере алмайды. Бұл кісілер психологиялық стресс немесе өмірінде кездескен келеңсіздікке төтеп бере алмау сияқты синдромның әсерінен осындай жағдайға тап болады. Адам сынақты, қиындықты әртүрлі қабылдайды және оны шешудің ең оңтайлы тұсын іздейді. Оларға солай өмір сүрген ұнайды. Бірақ бізге келгеннен кейін адамдардың көбісі қатарға қосылып, жұмыс жасап кетіп жатады. Жалпы, психологиялық қолдау, әлеуметтік қолдау кімге де болсын үлкен жауапкершілік жүктейді. Сонымен бірге, мұндағы кісілердің көпшілігі маскүнемдікке салынған. Ол кісілер норкологиялық тексерістен, қажет жағдайда арнайы ем алады. Ал кейбірі үйі, құжаттары болса да отбасының басқа мүшелеріне кедергі келтірмеу үшін көше кезіп кетіп жатады, - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» КММ-ның психологы Сәуле Әбсадықова.

(Суретте: Психологиялық құрылғы)

Психологтың сөзінің жаны бар. Мұндағы біз тілдескен адамдардың көбісінің отбасы, бала-шағасы бар. Тек отбасындағы келіспеушіліктердің салдарынан кезбелікке салынғандар қатары көп. Солардың бірі – Светлана Волохова. Жасы 48-де. Туған қызымен бір шаңырақ астында тұра алмаған көрінеді. Ал басындағы баспанасын қызы мен оның күйеуіне тарту етіп кетіпті. Светлананың сөзінше, қызының кішкентай баласы бар. Қазір оларды үйден шығаруға арым бармайды дейді ана. Көзіне жас алған әйел кез-келген ата-ана баласын үйлі-күйлі етуге міндетті деп санайды.

– Қартайдым деген ештеңем жоқ. Жұмыс істеуге әркез дайынмын. Қазір өз-өзіме келіп алу үшін осында жүрмін. Себебі, басқа барар жерім жоқ. Туған қызыммен түсінігіміз, мінезіміз келіспейді. Содан бір күні үйден шықтым да кетіп қалдым. Содан қайтып ол үйдің табалдырығын аттаған емеспін. Мұнда барлығы жақсы. Барлық жағдай қарастырылған, - дейді ол.

(Суретте: Светлана Волохова)

Орталықтағы әрбір адамның өз трагедиясы бар. Өмір қалтарыстары оңдырмай кеткендер көп. Алайда мұндағы қызметі тек кезбелер ғана қабылдайды деу жаңсақ пікір. Осыдан 9 ай бұрын қызметінен қуылып, үй жалдап тұруға ақша таппай қалған Самал Матаков есімді кісінің әңгімесі бізді ғана емес, психологтардың өзін таңғалдырған. Ел ағасының 54 жасқа жеткенде мұндай жерге түсемін деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеген.

– Бұған дейін күзетші болып қызмет еттім. Сөйтіп бір күні жұмыс таппай, жатақхана жалдап тұруға ақшам болмаған соң осында келдім. Балаларымды, туыстарымды мазалауға арландым. Мен мұнда ұзақ қаламын демеймін. Бұл тығырықтан шығатыным анық. Хабарландыру бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Бірақ көбісі жасымды сұрағаннан кейін тұтқаны қоя салады, - дейді.

Мекемеге әлеуметтік көмек алуға келгендердің басым бөлігі бір жылдан аса уақыт орталықта тұрмайды. Көпшілігі жұмыс тауып, өз-өздерін қамти алатын жағдайға жетеді. Алайда жеке басын куәландыратын құжаты жоқ, нақтырақ айтсақ «қызыл куәлікпен» жүргендер орталықта 3 жылдай тұрақтауға мәжбүр. Өйткені, әлеуметтік көмек көрсетушілер мұндай куәліктер бойынша құжат жасату ұзақ процесс екенін айтады. Оның үстіне, халыққа қызмет көрсету орталықтарында беті ашылмағанына жарты ғасыр болып кеткен құжаттар іздестірілетін көрінеді. Сондықтан төлқұжат жасауда осындай қиындықтар орын алады. Сондай куәлікпен 59 жыл өмір сүрген Наталья Егорова бір ай бұрын ғана жеке төлқұжатын жасатқан. Ресейде туған оның құжаттары 3 жыл бойына қарауда болыпты. Ол кезбелікке салынып кетуінің себебін азаматтық некедегі күйеуінің балаларының сатқындығынан көреді. Жолдасы қайтыс болғаннан кейін кейуананы өгей балалары далаға қуып шыққан. Жақында ғана құжатына қолы жетіп, 35 мың теңге зейнетақы алған ол орталық қызметкерлеріне ерекше алғысын білдірді.

(Суретте: Наталья Егорова)

– Менің жағдайымды ешкім, ешқашан бұлай жасаған емес. Сырқаттана қалсам дәрігерге барам. Зеріксем теледидар қараймын немесе психологпен сөйлесем. Төлқұжатымды жасатып берді. Міне, соның арқасында зейнетақы алатын болдым. Енді бір жетіде қарттар үйіне ауысатын болдым. Мұндағы мамандарға әрқашан алғыс айтудан танбаймын. Маған көп көмектері тиді, - деді ол.

«Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бір ғана елордада емес, еліміздің барлық аймағында бар. Барлығының міндеті бір. Тұрағы жоқ азаматтарға қол ұшын созу. Олардың әрбірін бір күндік аспен қамту үшін 1286 теңге бөлінеді. Қызмет алушылардың жатынжайы мен жуынатын заттары да орталық бюджетінен алынады. Тек мемлекет қаржысына өмір сүріп отырған кезбелер мұны түйсігімен түсініп, нәтиже шығарса игі...

Келеңсіздікке біреулер өзінің ағаттығынан барады, ал келесілер біреудің таяқтауымен бейшара күй кешуде. Қайыршылықты кәсіп етіп, қоқыс қопарған кезбелер тағдыры да солай. Қоғамдық кеселге айналған «БОМЖ»-тағдырлылардың түйткілі қазір жеке бастың емес, күллі елдің мәселесі. Өйткені, «бомж» жайлаған қоғамға етіміз үйреніп барады. Ең қорқыныштысы, еліміздің бас шаһарында кезбелікке салынған адамның ең жасы 23-те екен. «Түз тағыларына» айналғандардың тым жасарып бара жатуы да назар аударарлық жағдай. Бұл дертті ресмиленген ақпарат «жылтырағымен» жаба тоқи алмайтынымыз өкінішті.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға