Елордада есірткі сатумен айналысқан отбасы мүшелері ұсталды
Нұр-Сұлтан қаласының аумағында «Қарасора» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында аса ірі көлемде есірткі өткізумен айналысатын күдіктілерді ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді, деп хабарлайды El.kz қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Петров көшесінде елорданың 50 жастағы тұрғыны ұсталды. Әйел адамның жеке заттарын тінту барысында сөмкесінен салмағы 400 грамм болатын сатуға дайындалған гашиш және марихуана табылды. Одан әрі пәтерді тінту барысында оның 47 жастағы күйеуі ұсталды. Ол өз еркімен балконда сақталған 10 кг жуық гашиш және 1,5 кг жуық марихуананы берді», деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, Боталы көшесінің бойында отбасылық жұптың сыбайласы болған 25 жастағы ер адам ұсталған.
«Оны жеке және автокөлігін тінту барысында марихуана тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 11 келіден асады», делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ұсталғандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.