Жаңалықтар

Елордада эпидемиологиялық жағдай ушығып барады

Соңғы тәулікте 586 адамнан КВИ анықталды
Елордада эпидемиологиялық жағдай ушығып барады
Фото: egemen.kz 21.07.2022 14:21 1358

Нұр-Сұлтанда «Омикрон» штамына байланысты эпидемиологиялық ахуал нашарлады. Жағдай күннен күнге ушығып барады. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада Sars-Cov-2 вирусының «Омикрон» штамы айналымының жалғасуына байланысты эпидемиологиялық жағдай нашарлап, қиындай түсті. 22 маусымнан 5 шілдеге дейін (2 аптада) 414 жағдай тіркелген болса, соңғы 2 аптаның ішінде (6 шілдеден 19 шілдеге дейін) 3970 КВИ жағдайы тіркелді, осылайша ауру деңгейі 9,5 есеге артты», - деді санитарлық дәрігер.

Соңғы тәулікте 586 адамнан КВИ анықталды. Эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың жаңартылған матрицасы бойынша қала «сары» аймаққа жақындап келеді.

Маусым айында елордада КВИ-дің 30 оң сынамасына молекулярлық-генетикалық зерттеу жүргізілді, бұл стелс-омикрон штамымен ауыру жағдайларының басым болғанын көрсетті.

«Кіші түрлері бар «Омикрон» штамы өте жұқпалы болып келеді, барлық жастағы адамға тез жұғады. Алайда, 20-дан 30 жасқа дейінгі адамдар арасында көбірек жұғады. Ол сондай-ақ «Дельта» нұсқасына қарағанда жұқпалы. Клиникалық белгілері – шаршау, бас ауруы және дене температурасының жоғарылауы. Өкінішке орай, екпе алғандарда, сондай-ақ КВИ-мен ауырғандар сияқты уақыт өте келе ағзаның инфекциядан қорғалу деңгейі төмендейді, соның салдарынан адам қайтадан инфекцияға бейім болады», - деп атап өтті Сархат Бейсенова.

Осыған байланысты ол елорда тұрғындарына вакцинацияның алғашқы курсын алғаннан кейін 6 айдан соң КВИ-ге қарсы ревакцинациядан өтуді ұсынды. Сондықтан дәрігерлер елорда тұрғындарын вакцинациядан өтуге, ал уақыты келгендерді ревакцинациядан өтуге шақырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға