Жаңалықтар

Елордада Қазақстан-Қытай туристік форумы өтіп жатыр

Халықаралық шара
28.09.2016 05:29 4155

Астанада Қазақстан-Қытай туристік форумы басталды. Форумды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның туристік агенттіктері қауымдастығы ұйымдастырған.

 Елордада Қазақстан-Қытай туристік форумы өтіп жатыр

«Форумның мақсаты – еліміздің жағымды туристік имиджін қалыптастырып, ілгерілету. Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы өзара табысты әріптестіктің дамуына жәрдемдесу. Екі елдің мемлекеттік органдары мен туристік индустрия өкілдерінің арасындағы сұxбатты қамтамасыз ету», – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзаxметов.

Өткен жылы желтоқсанда Қазақстан мен Қытай арасында меморандумға қол қойылған еді. Ол келісімде Қытай азаматтарының елімізге топтық туристік саяxаттарын жеңілдету болатын.

Бұл құжат туристердің Қазақстанға көптеп келуіне жаңа мүмкіндіктер береді. Бүгінде Қытай дүниежүзілік нарықтың көшбасшысы саналады. 2014 жылы 107 млн Қытай азаматы туристік сапарға шықса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 127,9 миллионға жеткен. Олар сапар барысында 292,2 млрд доллар жұмсаған.

 Елордада Қазақстан-Қытай туристік форумы өтіп жатыр

Бүгін басталған форум Radisson Hotel Astana қонақ  үйінде өтіп жатыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елордалық туризм қауымдастығы мен  Қазақстанның туристік агенттіктері қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған  Қазақстан-Қытай туристік форумына  Air Astana компаниясы қолдау білдіргенін айта кеткен жөн. Аталған шара Дүниежүзілік туризм ұйымының (UNWTO) оқиғалар күнтізбесіне енгізілген.

Форумның мақсаты еліміздің жағымды туристік имиджін қалыптастырып, ілгері жылжыту, Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы өзара табысты әріптестіктің дамуына жәрдемдесу, Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен туристік индустрия өкілдерінің арасындағы сұхбатты қамтамасыз ету.

Форумға келген мамандар «Қытайдың халықаралық туризмінің болашағы: даму бағыттары мен келешегі», «Қытайдан келетін қонақтарды қарсы алудағы халықаралық тәжірибе», «Қытайдан Қазақстанға келушілер туризмінің келешегі» сынды тақырыптарды талқылауда.

Елордада Қазақстан-Қытай туристік форумы өтіп жатыр 

Азия-Тынық мұхиты елдері туристік қауымдастықтарының (PATA), Туристік қалалардың дүниежүзілік федерациясының (WTCF), ҚХР Туризм істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының, Гонконг, Бейжің, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Хайнань және Шаньси провинциялары мемлекеттік туристік органдарының, Қытай туризм академиясының өкілдері мен Қазақстанның мемлекеттік органдарының және Қазақстан бизнесінің басшылары Форумға спикер ретінде шақырылған.

China Friendly бағдарламасы Қытай туристері келгенде қолайлы жағдай жасауға және Қытай нарығында туристік өнімдері ілгері жылжытуға, сондай-ақ клиенттер тартып, турбизнес кірістерін арттыруға бағытталған.

Шараға қазақстандық туристік бизнестің 200-ден астам өкілдері қатысуда.  Одан бөлек, Форумға Елордалық туризм қауымдастығы мен  Air Astana әуе компаниясы өткізетін ақпараттық тур шеңберінде келген Қытайдың туристік компаниялары қатысып отыр.

Форум аясында Қазақстан, Қытай және Ресейдің туристік ұйымдары мен бизнес өкілдері арасында түрлі меморандумдарға қол қойылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «Мен Қазақстанды жақсы көремін» фотобайқауы өткізілмек. Байқаудың мақсаты еліміздегі туристік орындарды насихаттау және Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту.


Айша КЕРЕЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға