Жаңалықтар

Елордада жергілікті суару жүйелері салынады

Елордада жергілікті суару жүйелері салынады
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты 23.08.2023 01:26 655

Астанада жергілікті суару жүйелерін салу арқылы ағаштарды, бұталарды және гүлдерді суару сапасы жақсарады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта қаланың жасыл желегі екі жолмен суарылады: қолмен (суару машиналары) және автоматтандырылған суару жүйелері.

Жергілікті суару жүйелері мен ұңғымалар қаланың 56 саябағы мен алаңының аумағына орнатылды.
Бірқатар саябақтың аумағында жергілікті суару жүйелерін орнату жұмысы жүргізіліп жатыр. Суару мәселелерін Нұра-Есіл каналынан, Есіл және Ақбұлақ өзендерінен құбыр тарту, сондай-ақ терең ұңғымаларды бұрғылау жолымен шешу жоспарланып отыр.

Биыл Ақбұлақ өзенінен Сәтбаев көшесіне дейін ұзындығы 1200 метр болатын жергілікті суару жүйесі орнатылған құбыр тартылды.
Жамбыл Жабаев ескерткіші аумағында, Тәшенов, Пушкин көшелерінде суару жүйесі орнатылды, оған Ақбұлақ өзенінен су алынады.

Сондай-ақ Ботаникалық бақтың су қоймасынан Салтанатты қақпаға дейін құрылыс-монтаждау жұмысы және Мәңгілік Ел көшесі бойында құбыр тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Ұлы Дала және К-1 көшелерінде Нұра-Есіл каналынан су тарта отырып, магистральдық құбыр тарту жұмысы жүргізілуде.

Бұдан басқа, келер жылы 100 бірлік суару жуу техникасын сатып алу жоспарланып отыр, бұл жасыл желектерді суаруды жақсартуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға