Елордада «Жанарымдағы жарық күн» атты қайырымдылық көрмесі ашылды
Астанада «Жанарымдағы жарық күн» атты қайырымдылық көрме өтті. Іс-шара «Ақсу толқыны» жазғы мәдени-ойын-сауық жобасы аясында «Қазақ зағиптар қоғамымен» бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аталмыш көрмеге 30-дан аса картина қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір картина іс-шараға қатысушылардың көңіл-күйін, ішкі жай-күйін бейнелейді.
Көрменің мақсаты – денсаулығында кінәраты бар дарынды азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту, қатысушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру, тактильді қабылдау, ой-қиял және ұсақ моториканы дамыту арқылы адамдарды өнерге бейімдеу, өз қабілеттеріне сенімділікті арттыруға бағытталған.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инклюзивті қоғам құру тапсырмасы аясында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Атап айтсақ, жәрдемақыны көбейту, жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу және басқа да маңызды қадамдарды қамтиды.
Қазіргі уақытта қоғамдық бірлестік құрамында көру мүмкіндігі шектеулі 67 адам бар.

