Елордада жаңа көпір ашылады
Бас қаланың әкімі Алтай Көлгінов Ұлы дала даңғылында орналасқан көпірде көлік қозғалысы қашан ашылатынын айтты, деп хабарлайды El.kz.
Бұл туралы қала басшысы өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
– Дүйсенбі күні, яғни 8 тамызда Ұлы дала даңғылында орналасқан көпірде қозғалыс ашылады. Автомобиль көпірін салу бойынша негізгі жұмыс аяқталды, осылайша көпір үстінде қозғалыс орнайды, — делінген жазбада.
Сондай-ақ, көпірді абаттандыру, тротуар бөлігі бойынша соңғы жұмыстар қатар жүргізілетін болады.
Ұлы дала даңғылындағы көпір Мәңгілік ел даңғылындағы, А.Байтұрсынұлы, Р. Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелеріндегі, Nova city ауданы мен "Мыңжылдық" аллеясындағы көлік ағынын сейілтуге мүмкіндік береді. Оған қоса жаңа "Нұрлы жол" вокзалы, Тельман және Промышленный елді мекендері, МЕТРО гипермаркеті ауданы, Жұмабаев даңғылы мен Жүргенов көшесінің арасындағы байланысты арттырады.
Елорда әкімінің мәліметінше, А62 көшесінің (А91 көшесінен Нұр-Сұлтан-Қарағанды трассасына дейінгі аралық) құрылысы жүріп жатыр. Бұл көше Қарағанды трассасы мен "Нұрлы Жол" теміржол вокзалы, сол сияқты қаланың сол жағалау бөлігі арасында көлік байланысын қамтамасыз етеді. Бұл маңайдағы көлік қозғалысын алдағы күзде ашу жоспарланып отыр. Аталмыш көше аудандарды жаңа көпірмен жалғауға мүмкіндік береді.
Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылында Есіл өзені арқылы өтетін, көлік қозғалысына арналған тағы бір көпір ашылмақ.
– Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылын, жаңа теміржол вокзалын, Қошқарбаев даңғылын, Нәжімеденов көшесін, Әзірет Сұлтан мешітін, Байтұрсынұлы, Қордай, Айнакөл көшелері мен Момышұлы даңғылын елорданың сол жағалауымен қосымша байланыс орнатады, — дейді Алтай Көлгінов.