Жаңалықтар

Елордадағы спорттық нысандар тұрғындарға қолжетімді болады

Елордада 672 дене шынықтыру және спорт ұжымдары жұмыс істейді.
Елордадағы спорттық нысандар тұрғындарға қолжетімді болады
Фото: astana.gov.kz 12.09.2022 15:09 1583

Жыл басынан бері елордада 200-ге тарта бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оларға 50 мың қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды El.kz

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев баспасөз мәслихатында баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, қала халқын бұқаралық спорт шараларына тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, туризмді дамыту бойынша спорт секцияларының саны артып, саланы цифрландыру мәселесі жолға қойылып келеді.

«Мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетілуде. Атап айтсам, елордада алғаш рет бокс орталығы, көркем гимнастика орталығы, жекпе-жек орталығы, жекпе-жек залы ашылды. Бұл орталықтардағы жаттығулар - қаланың барлық құрама командалары мен спорт мектептерінің спортшылары үшін тегін. Жаңа бокс орталығында бір мезетте 500-ден астам, жекпе-жек орталығында 1000-нан астам адам спортпен айналыса алады», - деді.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев жасөспірімдер мен бұқаралық спортты дамытудың басымдығын ескере отырып, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды арттыру мақсатында елордада арнайы бағдарламалар мен түрлі жобалар әзірленгендігін тілге тиек етті. Солардың бірегейі – «Қолжетімді спорт» жобасы. Аталған жоба қала тұрғындарын әртүрлі спорт түрлеріне үйретуге бағытталған, сондай-ақ бірнеше спорт түрлері бойынша спорт секцияларына тегін қатысуға мүмкіндік береді.

2021 жылдың қазан айынан жүзеге асырылып келе жатқан жоба спорттың 6 түрін қамтып отыр. Атап айтсақ, фитнес/зумба, скандинавиялық жүріс, каратэ, жүгіру, тоғызқұмалақ, үстел теннисі. Бұл спорт түрлері бойынша 40-тан астам шара өткізілген. Жобаға жоғары санатты жаттықтырушылар, спорт шеберлері, білікті нұсқаушылар тартылған.

«Бұл жоба 2021 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасып, 20 мыңға жуық елорда тұрғынын қамтыды. 2022 жылдың сәуір айынан бастап жоба Қазақстанның 7 қаласында өз есігін қайта ашты. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей, Петропавл, Ақтау және Талдықорған қалалары. Жоба Қазақстанның 7 қаласының тұрғындарын спорттың 5 түріне үйретеді. Жалпы алғанда, барлық қалаларды қоса есептегенде жобаға 120 білікті нұсқаушылар мен жаттықтырушылар жұмылдырылды. Олар 7 қала бойынша 24 жерде яғни, қала саябақтары мен тыным бақтарында сабақ өткізетін болады. Жоба 2022 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады», - деді спорт басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, «Асар жолы» қайырымдылық акциясы басталғандығы туралы да айтты. Қайырымдылық акциясы мұқтаж жандарға көмектесе отырып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуды көздейді. Осы орайда ұйымдастырушылар қалалық ипподромдардың бірінде киіз тігіп, асық атып, құрылтайын өткізді.

Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаевтың айтуынша, бүгінде елордада 1016 спорт нысаны жұмыс істеп тұр.

«Ол орындарда жаттығуларға арналған қосымша сағаттар бөлінеді, осылайша спорт нысандары қала тұрғындары мен өскелең ұрпағымыз үшін қолжетімді болмақ. Осы бағыттағы жұмыстарымызды ары қарай жалғастырамыз, себебі түрлі ұсыныстар түсіп жатады. Ұсыныстар арасында спорттық құрал-жабдықтар сатып алу мәселесі де бар», - деді басқарма басшысы.

Баспасөз мәслихаты соңында Самат Жылқыбаев 2022 жылдың соңына дейін спорт саласындағы басым міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ететін, ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлерін (көкпар, аударыспақ, бәйге, теңге ілу, жамбы ату) дамытуға, сондай-ақ иппотерапия арқылы ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға мүмкіндік беретін ат спорты кешенін ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Сонымен қатыр басқармаға қарасты 17 спорт мекемесі барын, бұл мекемелер елордадағы бұқаралық іс-шараларды өткізуге әрқашан дайын және жан-жақты мүмкіндіктер жасалынғаны айтылды.

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға