Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Елордада ҰОС ардагеріне құрмет көрсетілді

Астананың Алматы ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевке құрмет көрсетілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жеңіс күні Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіндегі үйдің ауласында майдангерге әскери оркестрдің қатысуымен нағыз мерекелік іс-шара ұйымдастырылған. ҰОС ардагерінің құрметіне арналған шараны Алматы ауданы әкімдігі мен Қазақстан Қарулы Күштерінің Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы ұйымдастырды.

Майдангерді құттықтауға туған-туыстары, көршілері, мектеп оқушылары, әскери-патриоттық ұйымдардың мүшелері мен қонақтар жиналды.

Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіз біздің мақтанышымыз, ерлік пен қайсарлықтың үлгісісіз. Сізге денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт аспан тілейміз. Ерліктеріңіз үшін, келешек ұрпақ үшін жасаған барлық ісіңіз үшін мың алғыс, - деп аудан әкімі Рүстем Тәуекелов ардагерді құттықтады.

Құттықтаулар Қорғаныс министрлігі оркестрінің орындауындағы әскери-патриоттық шығармалармен жалғасты.

Ардагерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етіліп, ерлігіне алғыс сөздер айтылды. Рзағұл Байкешевтің өзі де жиналғандарға алғыс сөздерін арнады.

Ғұмырларың ұзақ болсын. Өз елдерің үшін мықты болыңыздар! Еңбектеріңізге сәттілік. Бар тілегім орындалсын. Алдарыңда жолдарың ашық, дендерің сау, көңілдерің көтеріңкі болсын, – деп тіледі майдангер.

Ардагердің шөбересі, 10 жасар Әлия Талғатқызына ерекше назар аударылды. Ол батыр атасына қалай қамқорлық жасайтынын айтып берді. Аула тұрғындары естеліктерін айтып, ардагермен суретке түсіп, құттықтауларын жалғастырды.