Жаңалықтар

Елордада такси жүргізушісі есірткі сатумен айналысқан

20 жастағы такси жүргізушісі ұсталды
Елордада такси жүргізушісі есірткі сатумен айналысқан
Фото: polisia.kz 13.10.2022 12:22 705

Көлікті жалға алған такси жүргізушісі есірткі сатумен айналысқан, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елордалық полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында және “Қарасора” жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде Астана қаласының аумағында аса ірі мөлшерде есірткі өткізу арналарын жойды. Мәселен, Қапал көшесінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі сатқаны үшін Lada Granta көлігінің 20 жастағы такси жүргізушісі ұсталды. Өзіне назар аудармау үшін такси көлігін арнайы жалға алған. Осылайша жас жігіт тыйым салынған заттарды сатумен айналысқан. Ол арнайы жолақпен жүрген, бірақ жолаушы тасымалдаумен айналыспаған. Тінту барысында салонда жүргізуші орындығының астынан сатуға дайындалған, жалпы салмағы шамамен 200 грамм болатын каннабис тобы есірткісі салынған 35 полиэтилен пакеті табылды. 

Сондай-ақ, Тәуелсіздік даңғылында полиция қызметкерлері 29 жастағы Toyota Brevis автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Автокөлік құралын тексеру кезінде көлік салонында және жүк салғыштағы төсеменің астында салмағы 190 грамм мефедрон бар полиэтилен пакеттері табылды. Арнайы операция жүргізу кезінде полицейлер бір доза есірткі салынған пакеттердің 1000-нан астамын тәркіледі. Ұсталғандар кінәсін мойындады.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша “Аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу  бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілер Полиция департаментінің УҰИ қамалды. Елорда аумағында есірткіні жеткізуге және өткізуге қатысы бар басқа да адамдар анықталуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға