Елордада «Шаңырақ» эксперименталды-музыкалық перформансы өтеді
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры «Шаңырақ» эксперименталды-музыкалық перформансына шақырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Перформанстың негізгі идеясында бірліктің және үйлесімділіктің символына айналған киіз үйдің айналасында адамзат өмірінің мәңгілік циклдарын суреттейтін терең әрі әсерлі тарих бейнеленеді. Уақыт пен кеңістік өзінің үйреншікті шекарасынан шығып, Күз, Қыс, Көктем және Жаз атаулы кейіпкерлер арқылы өмір, жүйе және маусымдардың ауысуы сынды мәңгілік тақырыптарды қаузайды. Қойылым көрерменді тек сырттан бақылаушы ғана емес, қойылымның белсенді қатысушысына айналдырады.
«Шаңырақ» - тек өнер мен мәдениеттің тоғысқан жері ғана емес, сондай-ақ адамзат өмірінің маңыздылығын, табиғатпен үндестігін және әр адамның ішкі әлемін түсінуге мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе.
Терең мағыналы ариялар, үйлесімді дуэттер, трио және хор партиялары, қазақ фольклорының мотивтерін заманауи ритмдермен үйлестіретін ерекше музыкалық композициялар, ғажайып хореография мен әсерлі безендіру қойылымның көркемдік деңгейін жоғарылатып, әрбір көріністі ерекше мағынамен толықтырады, - делінген «Қазақконцерт» МАКҰ мәліметінде.
Қоюшы-режиссер - театрдың көркемдік жетекшісі, PhD докторы Еслям Нұртазин, композитор - Болатбек Нұрқасымов, драматург және либретто авторы - Әннас Бағдат, режиссер-хореограф – Әсел Абақаева.