Жаңалықтар

Елордада Панфилов отбасына арналған көрме ашылды

Елордада Панфилов отбасына арналған көрме ашылды
Фото: Қорғаныс министрлігі 30.06.2023 23:42 938

Астанада «Отбасы тарихы – ел тарихы» атты ерекше көрме ашылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ол Кеңес одағының батыры, 316 атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Иван Васильевич Панфиловтың 130 жылдығына, жұбайы Мария Ивановна Панфилованың 120 жылдығына және қызы Валентина Ивановнаның 100 жылдығына арналып отыр. 

Көрмені Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы ұйымдастырды. Бірегей экспозицияны дайындауға музейдің Алматы филиалының басшысы, Иван Панфиловтың немересі және белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытжан Байқадамовтың қызы Алуа белсенді көмек көрсетті.

Іс-шараға мемлекеттік әскери-тарихи мұражай мен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастықтары Ләззат Әлжан мен Арман Асенов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының командирі Майдан Құсайынов қатысты. 

Көрмеге келушілердің назарына бұдан бұрын жарияланбаған бірегей фотосуреттер, мұрағаттық құжаттар мен отбасы тұтынған жеке заттар ұсынылды. Экспонаттар революцияға дейінгі уақытты, азаматтық және екінші дүниежүзілік соғыс, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін кезеңдерін қамтиды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға